«Дені сау ұрпақ қалыптастыруда ананың атқарар рөлі маңызды» – неонатолог дәрігер
Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы республикамыздағы мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін ірі мекемелердің бірі. Орталық денсі сау ұлт қалыптастыру жолында қандай қарқынды жұмыстар атқарып келе жатыр? Осы орайда нәрестелерге арналған анестезиолигия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде неонатолог, балалар анестезиолог-реаниматологы қызметін атқарушы Кәмшат Урстемованы әңгімеге тарттық.
– Неонатолог Қазақстанда тапшы мамандардың бірі болып табылады. Ал өзіңіздің бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мен мектепте оқып жүрген кезде дәрігер боламын деп мақсат қойдым. Бір жағынан балаға өте жақын болып өстім. Уақыт ете келе нәрестелерді емдеудің қыр-сырын меңгеруге құштарлығым арта түсті. Сөйтіп, орта мектепті бітірген соң арманымды арқалап, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатрия мамандығына құжаттарымды тапсырдым. Содан бері балалармен жұмыс жасап келемін. Қазіргі таңда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында неонатолог және реаниматолог маман болып қызмет атқарамын. Бұл салада 18 жыл жұмыс істеп тапжылмай келемін. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Ұлтық медицина университетінде резиденттерге дәріс оқимын.
Орталықта 2003 жылы есігін айқара ашқан Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі Алматы қаласы мен республиканың әр түрлі аймақтарынан туа біткен даму кемістіктері мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетіп келеді. Атап айтар болсам, мұнда диафрагмалды жарықтар, өңеш атрезиясы, ішек бітелісі, аноректальды даму ақаулары, гастрошизис, омфалоцеле, сегізкөз-құйымшақ аймағы тератомалары және басқа да туа біткен даму кемшіліктеріне күрделі реконструктивті-пластикалық операциялар жасалады. Елімізде кейінгі жылдары неоноталогия саласы қарқынды түрде дамып келеді. Осы мақсатта мемлекет қолдауымен көптеген мамандар шетелге барып білімін жетілдіріп келді.
– Республика бойынша неонаталды жағдайда туылған қанша сәби есепте тұр?
– Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары 20 мыңдай бала 2,5 келі салмаққа жетпей туылған екен. Мұны "мерзімінен ерте туылу" деп атаймыз. Ай күніне жетпей дүниеге келген нәрестелер біздің орталықта ем қабылдайды. Орталық шала туған балалардың күтімін жасауға арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шараналарға тексеру, зерттеу жұмыстары жүргізілеп, емдеу шараларынан өтеді. Бұдан өзге жыл сайын ел ішін аралап, мониторинг жүргізіп отырамыз. Қажет болған жағдайда шалғайдағы шала туылған балалардың күтіміне қатысты консилиумға қатысып, кеңес беріп отырамыз. Ал шұғыл көмек қажет ететіндерін біздің орталыққа әкеледі. Ем ақысыз, яғни, бүлдіршіндерге квота арқылы көмек көрсетіледі.
– Педиатрия орталығы осы бағытта жылына қанша балаға бақыт сыйлап отыр?
– Жылына 500 бала келіп түссе, оның ішінде 200-ден аса бүлдіршін жансақтау бөліміне түседі екен. Қазіргі таңда неонаталды жастағы бүлдіршіндер арасында өлім саны азаюда. Өткен жылы бұл көрсеткіш мың балаға шаққанда 4,5 промиллені құраған.
– Кейінгі жылдары дүниеге келген бүлдіршіндер арасында қандай патология басым?
– Шала туылған балалар арасында пневмония, иммуниттетің төмендігіне байланысты қабыну жағдайлары, ретинопатия көп кездеседі. Орталықта осы көрсетілімдерді емдейтін мамандар жеткілікті болғандықтан, алдымызға әкелген бөбектерге қолымыздан келер көмектің барлығын көрсетеміз. Елімізде көптеген перенаталдық орталықтар бар. Оларда әр шала туылған нәресте бақылауда болады. Егер профиль бойынша қандайда бір көмек қажет болса, бізге жолдайды. Нәресте дене қызуын қалыпты жағдайда өздігінен ұстай алатын қалыпқа жетіп, ата-анасы өз бетінше күтімін жасай алғанға дейін біздің бақылауымызда болады.
– Баланың шала туылуына қандай факторлар әсер етеді?
– Баланың есен-сау туылуы ана денсаулығымен тікелей байланысты. Осы ретте жастарға зиянды тамақтар тұтынудан аулақ болыңыздар деп кеңес беремін. Әлеуметтік-экономикалық жағдай нәрестенің он екі мүшесінің сау болып туылуына тікелей әсер етеді. Ананың физикалық белсенділігі, жұмыс күнінің ұзақтығы немесе көптігі, қалауынсыз жүктілік мәселесі де шарананың толыққанды дамуына кедергі келтіруі ықтимал.
Әйелдің бойындағы генетикалық, созылмалы, эндокринді және жұқпалы ауру түрлері де өмірге келетін баланың ағзасына кесірін тигізуі мүмкін. Нәресте неғұрлым мерзімінен ерте дүниеге келсе, күтім жасау соғұрлым қиынға түседі. Сондықтан өмірге ұрпақ әкелетін ана ағзасының саулығына көңіл бөлгені абзал. Мұны әлбетте дұрыс тамақтану мен дұрыс өмір салтын ұстану құрайды. Шылым шегіп, спиртті ішімдіктер ішуден аулақ болған жөн. Организмде қандайда бір ақау болса, оны емдетіп барып жүктілікті қолға алса, өмірге келер баланың болашағына балта шабылмайды.
– Бұрынғылар шала туылған нәрестені түлкі тымаққа салып өмірін сақтаған екен. Бүгінгі таңда осы дала медицинасының баламасы немен алмастырылып отыр?
– Шақалаққа 36 градустық температура мен 70 пайызға дейінгі ылғалдылығы сақталып тұратын орында күтім жасалады. Сол себепті кувез атты арнайы ұяшықта жатады. Онда бала анасының жатырындағыдай қол-аяғы бүгілген қалыпта болады. Бұрынғы ата-бабаларымыз осыны білген. Мәселен, тымақтың түгі баланың тыныс алуы тоқтап қалмас үшін оны тітіркендіріп тұратын рөл атқарған, бір жағынан жылулықты ұстайды. Біз де сәйкесінше, сәбилерге мақта-матадан тоқылған киімдер кигізуге тырысамыз. Сондай-ақ сәбиді анасының денесіне жатқызатын «кенгуру әдісі» де баланың дамуына оң әсер береді. Біріншіден, анасының микрафлорасын алады, нәтижесінде баланың иммунитеті тұрақтана бастайды. Ондай жағдайда антибиотик қабылдауды көп қажет етпейді. Сондықтан жансақтау бөлімінде жатса да аналары жиі кіріп, нәрсетелерімен жиі қауышып тұрады.
– Дегенмен, «Шала туған бала шапшаң, пысық келеді» дегенді жиі естиміз...
– Тарихтан зерделесек, бірқатар танымал тұлғалар мерзімінен бұрын дүниеге келген екен. Бұл олардың сезімтал келетіндігімен байланысты болса керек. Мысалы, клиникалық тәжірибеде баланың бойында қандайда бір өзгеріс, қолайсыздық туындаса олар бірден белгі береді. Ширақтау келетіндері осыдан ба деймін.
– Қазіргі таңда емханаларда ересектерді емдейтін терапевт дәрігерлер балаларды да қабылдап жатады. Бұл дұрыс па?
– Әрине, бір кездері медициналық оқу орталықтарында педиатрия кафедрасын терапевтерге қосақтап қойған еді. Қазір балалар дәрігерін жеке дара даярлау қайта қолға алынды. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Себебі, баланың организмін ересектердікімен салыстыруға мүлде келмейді. Ал неанотологияға қатысты мейірбике мамандарын көп даярлау керек деп ойлаймын. Өйткені бұл салада балалар ерекше күтімді қажет ететін болғандықтан, мейірбике 80-90 пайыз рөл атқарады.