«Дені сау ұлт» жобасы жемісін беріп жатыр ма?
Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бастау алған еді. Аталмыш жоба 2021-2025 жылдарар алығында жүзеге асуы қажет деп межеленген. Мұндағы мақсат – еліміздің әрбір азаматына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек беру.
Жоба нақты страгтегиялық төрт бағыт бойынша атқарылуға тиіс. Оның алғашқысы – медицина көмегінің қолжетімді әрі сапалы болуын арттыру болса, екінші бағыты – эпидемиологиялық болжау мен әрекет етудің заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшіншісі – отандық фармацевтика саласын дамытуға негізделсе, төртіншісі – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру жолында бұқаралық спортты дамыту.
Егер осы айтылған бастамалар оңтайлы түрде жүзеге асса қарапайым азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарып, өмір сүру ұзақтығы артатыны анық.
Алғашқы бағыт бойынша медицина мекемелерінің сапасы мен қолжетімділігін 8 пайызға дейін арттыру тұрғысында кешенді жұмыс жасау жоспарланған. Сондай-ақ нәресте мен ана өлімін қысқарту жолында атқарылуға тиіс жұмыстар қатары тыс қалмады. Мәселен, нәресте өлімін 1000 тірі туғанға шаққанда 7,2-ге, ана өлімін 100 мың тірі туғанға шаққанда 10,0-ге дейін азайту межеленді.
Сондай-ақ күннің басты мәселесінде тұрған медицина мамандарының жалақысын көтеру басты назарға алынды. Бұл ретте отандық дәрігерлердің орташа жалақысын кезең-кезеңімен 2,5 есеге арттыру жоспарланған.
Иә, Қазақстанның әр өңірінде халықтың орналасуы әркелкі болғандықтан медициналық қызмет көрсетудің түрі әр қилы келетіні жасырын емес.
Мысалы, еліміздің Оңтүстік өңірнде халық тығыз орналасса, Солтүстікте елдімекендер бір-бірінен қашық келеді. Нәтижесінде Оңтүстік өлкенің тұрғындары жақын жердегі медицина мекемесіне дереу жете алса, Солтүстік аймақтағы аудандардың халқына жуық маңдағы ауруханаға жету қиямет-қайым екені анық. Бір жағынан Қазақстанды айналып өтпеген короновирус індеті эпидемиологтар мен инфекционистердің әр аймаққа ауадай қажет екенін аңғартты. Осы мақсатта жобаның бірінші бағыты бойынша, арнайы медицина мамандарында резидентурада білім алуы үшін гранттар санын 3800-ге дейін арттыру жоспарланды. Яғни, халықаралық стандарт бойынша дәрігерлер даярлау күннің басты талабына қойылды.
Денсаулық сақтау министрлігі соңғы таратқан ақпарға сүйенер болсақ, «Дені сау ұлт» жобасы аясында 1,8 миллионнан астам ауылдағы ағайын жылжымалы медициналық кешендер арқылы түрлі медициналық көмекке қол жеткізген. Ал ауылдық округтерде 35 алғашқы медициналық көмек нысандары бой көтерді. Оларда бүгінгі таңда медициналық және дәрігерлік бөлімшелер, акушерлік орталықтар мен мейірбикелік персоналдар қызмет атқарады. Сондай-ақ БҚО мен Атырауда мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында екі мемлекетаралық аурухана есігін айқара ашып отыр. «Тиісінше травматологиялық және ортопедиялық бөлімшелер, медициналық оңалту бөлімшелері, инсульт пен жүрек аурулары орталықтары жұмыс істеп тұр», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі. Ведомствоның мәліметінше, олар қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған.
Квоталарды арттыру мәселесі ауылды жерлерде медициналық қызмет көрсету түрлерін қолжетімді ете түсті. Нәтижесінде 1,1 милионнан астам адам қымбат медициналық қызметке жүгіне алды.
Жоба бағытында айтылғандай, медицина қызметкерлерінің жалақысы біршама көтеріле түсті. Ведомство бұл ретте қосымша төлемдер мен ынталандырушы үстемақылар төлемі артқанын жеткізді. Орташа жалақы мөлшері дәрігерлерге – 453,7 мың теңге болса, орта медициналық қызметкердің алатыны – 235,9 мың теңгені құрайды.
Бала сүю бақытына бөленгісі келетін отбасылар үшін экстрокарпаральды ұрықтандыруға 7000 квота бөлінген. Сондай-ақ аймақтарда 8 балаларды оңалту орталығы мен 20 ұрықты қорғау оралығы, 6 жедел жәрдем орталығы жұмысын бастады. Демографияны арттыру мақсатында жүкті әйелдерде босанғанға дейінгі күтімнің деңгейі 83,6 пайызға жеткен.
Министрлік таратқан тағы бір мәліметке сүйенер болсақ, бүгінгі таңда кәсіптік пәндер бойынша квота саны 1500 адамға дейін артып отыр. Мұның осы уақытқа дейін тапшы болып келген көмекші персоналдардың санын арттыруға септігін тигізері анық.
Жоба аясында қол жеткізген тағы бір жаңашылдық – отандық медицинада инфекцияға вакцина арқылы болжам жасайтын жүйе іске қосылды. Бұған Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық мамандандырылған орталығы» РМК-ның Атырау, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы бөлімшелерінде жұмыс жасап жатқан эпидемиология және мамандандырылған гигиена зертханалары мысал бола алады.
«Эпидмиологиялық салауаттылық саласында зерттеудің сегіз заманауи әдісі енгізілді. Осы мақсатта санитарлық-эпидемиологиялық зертхананың 914 қызметкері кәсіби деңгейін жетілдірді. Сонымен қатар медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндірісі бойынша сегіз жаңа өндіріс жұмыс жасай бастады», – делінген Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте.
Министрлік фармацевтикада біраз селпініс болғанын алға тартады. Мәселен, шетелдік инвестиция тарту үшін инвестициялық ұсыныстар пулы жолға қойылған. МӘМС жүйесі негізінде медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді аймаққа бөлу мен жеткізу жоспары бекітілсе керек. Осы жолда дәрі-дәрмектерді сатып алу автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайтын дәрежеге жетті.
Дені сау ұлт қалыптастыруда темекі өнімдерін тұтынуды азайту үшін бірқатар шаралар қолға алынғанын білеміз. Мұны темекі өнімдеріне акциздердің өскендігімен байланыстыруға болады. Мәселен, өткен 2023 жылы 1 қаңтардан бастап 1000 данасына 14 100 теңгеге дейін, ал 2024 жылғы қаңтардан бастап 1000 данасына 15 900 теңгеге дейін бекітілген.
«Дені сау ұлт» жобасын кешенді түрде жүзеге асыру мақсатында қолға алынған шаралардың бірі – халықтың дұрыс тамақатануы бойынша әзірленген әдістемелік ұсыныстар. Осы орайда халықаралық стандартқа сәйкес келетін бес ірі компания таңдалып алынған. Қазіргі таңда қоректік заттардың ұлттық бейінін саралау жолында арнайы жоба бекітіліп, қолданысқа енді. Оның жемісін көру алдағы күннің еншісінде.