«Дәстүрді дәріптеу дарақылықта емес» – белгілі беташаршы тойды азайту керегін айтты
Әлеуметтік желіден түрлі беташарды көріп таңғалып жатамыз. Мәселен, жуырда шілтердің астындағы келіннің келіп түскен жеріне қол бұлғай сәлем бергенін көріп, бұл қайдан келген салт дестік. Осы орайда ата дәстүрден аттамай, келін атаулының бетін келісті ашып жүрген белгілі ақын әрі беташар айтушы Асхат Қылышбектен жөн сұраған едік.
– Қазақ – салт-дәстүрге бай халық. Соның бірі – келін келгенде айтылатын беташар. Атадан келе жатқан осы дәстүрдің сипаты өзгеріп бара жатқаны сіздің де көңіліңізге кірбің түсіретін болар?
– Ол келіннің сəлемі, жат жұрттың алдындағы əдебі. Осыны келген күннен құлағына өсиет өлең тілінде құйып әрі сол әулетті таныстыру мақсатында орындалатын қазақтың керемет дәстүрі осы – беташар. Бүгінде бұл дәстүрдің басқа бағытқа ойысып кеткенін көзіміз көріп жүр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген, осылай кете берсе беташарды мазақ қылмай тоқтатқан дұрыс па деймін. Себебі қазір айтылып жүрген беташар жыры халықтан қайыр тілеудің мәдени түріне айналды. Қаптап кеткен шоумендер мен КВН-шілер ата-бабамыздан қалған мұраны ақша табу жолында шоуға айналдырып жіберді. Әсілінде, беташарды көрген білгені бар, келін түсірген әулеттің шыққан тегі мен игі жақсыларын білетін адам айтуға тиіс.
Ал бүгінгі таңда беташар эстраданың сүйемелдеуінде орындалатын болды, кейінгілер тіпті ансамбльмен де шырқап жүр. Тойдың иесі де таңсық көрініс болғандықтан, мұны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Ал шынтуайтында, беташар мазаққа айналдыратын дүние емес, ой түйетін, үлгі-өнегеге толы салт болуға тиіс. Менің осы сұхбатымды оқыса, елге «бұйрабас Қабдол» атымен танымал шоумен ойланар деп үміттенемін. Қалыңдыққа қаратып жөн сөз айтудың орынына «Жиенің қайда? Жиеніңе басыңды игенің қайда?» деп шырқайды. Осы енді дұрыс па, айтыңызшы?!
Сол сияқты кейбір тойларда табаққа тастайтын көрімдігі тәуір, ауқатты адам болса, оған қатарынан он рет сәлем салдырып жатады. Бұрынғылар келіп түскен келінге сол әулеттегі жандарды ғана таныстырған. Қазір күйеужігіттің әкесінің әскердегі досы немесе жұмыс істейтін мекемесінің басшысына дейін мақтау айтып, соның ақшасын алуға тырысады. Бұл – келінді қорлау және оған сәлем салдырту арқылы абырой жинау.
Ата-дәстүрімізде құдаға-құдағиға да сәлем салдырмаған. Ұзын-сонар тізімді айтып шығу текке уақытты алады. Салдарынан жұрттың алды табаққа ақшасын салған соң соңын тыңдамай, сыртта жүреді. Бұл беташардың мәнін кетіріп жібергеніміздің анық көрінісі. Мұны мен барған жерімде үнемі айтып жүремін. Бірақ «жалғыздың үні шықпайды» деген. Біреу ескерсе, біреу елемейді. Бір жылдары оңтүстік өңірде беташарды эстраданың сүйемелдеуінде орындау сәнге айналғанда, ақсақалдар «ата-салтқа қол сұқпаңдар» деп, тоқтатқан еді. Қазір «тәйт» дейтін адам болмай тұр.