«Даму» түк дамымай жатыр. Осы қорды жабу туралы ұсыныстар НЕГЕ көбеюде?
«Даму» қорының жұмысы кері кетіп барады. Сәйкесінше, Үкіметтің қордың жұмысына мүлде көңілі толмай отыр. Қор субсидия бағытын дұрыс игере алмай, енді кепілдік беру бағытына ауыспақ. NEGE дереккөзінің айтуынша, қор қызметкерлерінің арасында «Даму жабылады, не реформаланады» деген сыбыс күшейген. «Даму» қоры НЕГЕ мұндай жағдайға душар болды?
Қордың 2023 жылдың 9 айы бойынша көрсеткіштері де мәз емес. Және S&P рейтинг агенттігі былтыр оның рейтингін ВВВ-/А-3 «Тұрақты» деңгейінен «Жағымсыз» деген статусқа түсіріп тастады. 2023 жылдың 9 айында қордың таза кірісі 42,4 миллиард теңге болып отыр. Бұл 2022 жылдың осыған сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 миллиард теңгеге аз. Керісінше, қордың штаты 60 адамға ұлғайып кеткен. Әкімшілік шығындары да бірден 600 миллион теңгеге өскен.
«Даму» қоры бүгіннен бастап шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдауға өтінімдер қабылдай бастады. Биыл қор бизнеске көмек көрсету бойынша бағдарламаларын түгел жаңартты. Себебі, бизнес-процестері заман талабынан мүлде қалып қойған еді.
-
-
Тақырыпқа орай: "Даму" қоры кәсіпкерлерге қолдау білдіреді
-
Қор субсидиялаудан кепілдік құралдарына кезең-кезеңімен көшуді көздеп отыр. Дәл осы жерде, жаңа проблема басталуы мүмкін. Қордың мемлекеттік органдар мен «Бәйтерек» холдингінен алған қазіргі берешегі 174,3 миллиард теңгеге жеткен. Егер қор кепілдік берген бизнестің белгілі бір массасы банк алдында төлемдерін өтей алмай жатса, «Дамуда» осы шығындарды жабатын өтімділік жетіспеуі ғажап емес.
Бүгін «Даму» қорының директорлар кеңесінен белгілі экономист Ғалым Құсайынов кетіп қалды. Жалпы экономистер арасында «қазіргі жағдайда фискалды ақшаны нарық ставкаларынан төмен бағамен бизнеске құятын институт экономикаға қауіп төндіреді» деген пікір басым. Жалпы, экономистер «Даму» қорының болашағына мүлде сенбейді.
«Даму» өз заманында, бизнесті алғашқы қолдау сатысында қажет болды. Ал қазір ол ұстайтын құлағы жоқ, бірақ алып жүруге ауыр, ешкімге керек емес шабадан сияқты. Бюджетке ауыр жүк салады, ал экономикаға қандай пайда әкеліп жатқаны мүлде түсініксіз. Сондықтан Үкіметтің «осы қор бізге керек пе?» деген сұраққа бас қатыруы әбден заңды.