19 Қаңтар 14:22

БҰҰ миссиясына қатысатын қазақстандық бітімгерлер арасында әйелдер де бар

БҰҰ
Фото: Коллаж NEGE

Бүгін Астанада Парламет палаталарының бірлескен отырысы өтті. Онда Сенат пен Мәжіліс депутаттары БҰҰ миссиясымен бітімгершілік күштерді Голан биігіне жіберу мәселесін мақұлдады.

ҚР Қорғаныс министрі Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ Қазақстан алғаш рет БҰҰ-дан тәуелсіз миссия алып отырғанын айтты.

– Біз өз туымыз астында тұңғыш рет миссияны орындауға барамыз. Бізге ұсынылатын міндеттер бар: резервте болу, қажет жағдайда аумақты патрульдеу, минадан тазалау, БҰҰ аумағын күзету», – деп мәлімдеді Қорғаныс министрі.

Қорғаныс министрі
Фото: ғаламтордан

Ал Қазақстан әскерилерін БҰҰ бітімгершілік аумақтарына жіберу Қазақстанды қандай да бір соғысқа дайындау емес пе? Себебі қазіргі уақытта көршілес Ресей Украинамен соғысып жатыр. Ресейдің танымал адамдары мен саясаткерлері оқтын-оқтын Қазақстанның да тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер жасап жүр. Ал Қаңтар оқиғасына байланысты «біздің ел әскерінің қауқары әлсіз» деген де пікірлер айтылды.

Бұл туралы журналистерге сұхбат берген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов БҰҰ миссиясымен баратын әскердің мақсатын түсіндірді.

– Бітімгершілік мақсатқа барғанда әскер соғысуды үйренбейді. Біздің алдымызға қойған негізгі мақсат ол – әлемдік тәжірибені зерттеу. Себебі негізгі жұмсысымыз бейбіт миссияны орындау, өзара қақтығысып жатқан аймақтарды ажырату және басқа да мәселе. Бұл – соғыс емес», – дейді министр.

Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан әртүрлі жағдайға дайын болуымыз керек екенін айтып, Швейцарияны мысалға келтірді.

– Кіп-кішкентай, нейтралды ел – Швейцарияны алып қарайықшы. Әскери дайындықтары керемет. Тек әскерилері ғана емес, қарапайым азаматтарының өздерінің дайындығы тамаша. Әрбір швейцар өз үйінде мылтық ұстайды және оны қолдана алады. Олар тек өз елін ғана емес, дайындықтары керемет болған соң Рим папасын да қорғайды, – деді депутат.

Депутат
Фото: Қазақпарат

Бұл миссияның қазақ әскерилерінің өміріне қауіпі туралы Айгүл Құспан былай дейді: «Ештеңеге кепілдік жоқ. Кез келген адамға, кез келген жерде қауіп төнуі мүмкін. Әскери адамға тіпті қауіп төну ықтималдығы жоғары. Сондықтан, миссиямен баратын әскерилердің қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді.

Бұл – буферлік аймақ. Екі жақтан да анда-санда оқ атылады. Бірақ біздің алдымызда бір жыл бойы ирландық контингент тұрды. Адам шығыны болған жоқ. Біз 2014 жылдан бастап бірнеше бітімгерлік миссияға қатыстық. Осы уақыт ішінде біздің бір ғана әскериіміз капитан Қайрат ҚҰДАБАЕВ Иракта қайтыс болған. Ол минаға түсіп қалған».

Полковник Олжас Құсайыновтың сөзінше, әскери қызметкер қаза тапқан жағдайда оның отбасы 60 АЕК көлемінде қаражат алады. Сонымен қатар, БҰҰ 77 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы төлейді. Ал жарақат алған жағдайда жарақаттың ауырлығына қарай тиісті комиссияның шешімі бойынша көмек тағайындалады.

Олжан Құсайынов
О.Құсайынов. Фото: ғаламтордан

«Қазіргі уақытта біздің ел тарапынан 19 адам 4 бітімгершілік миссиясында қызмет атқарып жатыр», – дейді полковник Олжас Құсайынов.

– Біздің лагерь Голан биігіндегі Фауар деген жерде орналасатын болады. Ол жерде бізден басқа да елдердің әскерилері бар. Ротамыз тікелей миссияның қолбасшылығына қарайды, – дейді О.Құсайынов.

Әскерилер 15 жауынгерлік көлік, инженерлік техника, стандартты қару-жарақ, байланыс құралдары және медициналық қажеттіліктермен қамтамасыз етіледі екен.

БҰҰ миссиясына қатысуға Қазақстан тарапынан 430 әскери қызметкер бекітілген, олардың 139-ы алдағы уақытта бір жылға жіберіледі, олардың жетеуі – әйел. Әйелдер негізінен дәрігер, аудармашы және техникалық қызметкер міндетін атқарады.

Бұл туралы Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов: «Әскерде әйелдердің де функционалдық міндеті барлық әскерилермен бірдей», – деп қорытты.