«Жаңадан 42 су қоймасын саламыз» – Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жуырда Жамбыл облысының диқандары Тасөткел су қоймасындағы судың азайып кеткенін және суармалы егіс алқаптарына су жетпей жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.
Біз оңтүстік өңірлердегі құрғақшылық пен су тапшылығына байланысты көкейдегі сұрақтарды жұптап, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке ресми сауал жолдағанбыз. Сұрақтарымызға Су ресурстры және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров жауап берді.

Биылғы құрғақшылықтың зардаптары (әсіресе, оңтүстік өңірлерде) қандай болуы мүмкін?
Вегетациялық кезең ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты су тұтынудың артуына алып келді. Соған қарамастан, өңірлерде суару жұмыстары тұрақты жалғасуда. Қазіргі таңда Алматы облысы мен Жетісу облысында вегетациялық кезең тұрақты өтуде. Алматы облысында су алу көлемі 1,2 млрд текше метрді құрап, 136 мың га егістік жерге су берілді.
Жетісу облысында су алу көлемі 1 млрд текше метр, өңірде 132 мың га жерге су жеткізілді. Вегетациялық кезеңнің соңына дейін екі облыс бойынша қосымша шамамен 150 мың текше метр су алу жоспарланған, бұл су пайдаланушылардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Алматы облысы мен Жетісу облысында қант қызылшасы, соя, жүгері, көпжылдық шөптер мен бақтарға суару жұмыстары жалғасуда. Аталған өңірлерде суару жұмыстары қыркүйек айының соңына қарай аяқталады деп күтілуде.
- Тақырыпқа орай: Диқандар дабыл қақты: Жамбыл облысына су жетпей жатыр
Жамбыл облысында вегетациялық кезең жоспарға сай өтуде. РМК «Қазсушар» жергілікті филиалы 78 925 га жерді суаруға 3902 шарт жасаған, оның ішінде 70 мың га жерге су берілді. Қант қызылшасы, жүгері, көкөніс және жоңышқа егілген 8925 га жерді суару қалды. Шу, Талас өзендері мен Тасөткел су қоймасынан су алу көлемі 897 млн текше метрді құрайды. Облыста каналдар арқылы кезекпен су беру ұйымдастырылып, егістік жерлерді қыркүйектің ортасына дейін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалған.
Қызылорда облысында су алу көлемі 3,476 млрд текше метрді құрайды. Өңірде күріштің масақтану кезеңі кестеге сәйкес өтуде. Егістіктерді қосымша сумен қамтамасыз ету үшін РМК «Қазсушар» жергілікті филиалы мен облыстағы шаруа қожалықтары 357 су айдайтын станцияны пайдаланып отыр.
Түркістан облысында су алу көлемі 3,27 млрд текше метрді құрайды. Бүгінде Шардара ауданында негізгі дақылдарды суару жұмыстары аяқталуға жақын, суға деген қажеттілік азайды, өнім шығыны болмайды деп болжануда. Мақтаарал және Жетісай аудандарында 109,7 мың га жерге су берілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жұмыстары 10 қыркүйекке дейін толық аяқталады деп күтілуде. Қосымша шара ретінде Қызылорда және Түркістан облыстарында каналдар арқылы кезекпен су беру кестесі бекітілді, 169 тік дренаж жүйесі қосылды, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде, коллекторлық-дренаждық су қайта пайдаланылуда. Осы шаралардың нәтижесінде вегетациялық кезең өнім шығынынсыз аяқталады деп күтілуде.
Елімізде қанша су қоймасы бар және олардың жай-күйі қандай?
Республика бойынша 404 су қоймасы бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 90-нан астам ірі су қоймасы мемлекет теңгерімінде. Қалғандары жергілікті атқарушы органдардың немесе жеке меншік субъектілердің қарауында. Бұлардың ішіндегі ең ірілері – Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Астана, Тасөткел, Ақтөбе, Шүлбі, Сергеев, Қаратомар, Жоғары Тобыл, Самарқанд, Федоров, Бартоғай, Сілеті, Қарғалы және т.б. су қоймалары. Бұл су қоймалар экономиканың түрлі мақсаттарын, соның ішінде энергетика, ауыл-шаруашылық, ауыз су үшін пайдаланылады.

Су қоймаларының басым бөлігі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Дегенмен, бірқатар су қоймаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі бар. Бұл бағытта Министрлік жоспарлы түрде жөндеу және жаңғырту жұмыстарын атқарып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 37 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда.
Оңтүстік өңірлер жақын шетелдерден (Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай) қанша текше метр су алады? Келетін судың көлемі азайды ма?
Қырғыз елінен судың келуі Шу және Талас өзендері арқылы жүзеге асырылады. 2025 жылдың вегетациялық кезеңінің Келісілген кестесіне сәйкес Шу өзені бойынша үлесі 180,15 млн м3 құраса, Талас өзені бойынша 400 млн м3. Бүгінгі күні судың келуі кестеге сәйкес жүргізілуде. Соңғы он жылдықтың (2014-2024 ж.а.) орташа мәліметтеріе сүйенетін болсақ Шу өзені бойынша орташа жылдық су берілу 169,2 млн м3 құрайды, ал Талас өзені бойынша орташа жылдық су беру 492,1 млн м3 құрайды.
Анықтама: Шу және Талас өзендері бойынша вегетациялық кезеңнің соңына дейін Қырғызстан Республикаласының су қомалары түгелдей босатылу себебінен ақпарат тек вегетациялық кезең үшін есепке алынады. 2025 жылдың 25 тамыздағы ақпараты бойынша Талас – өзенімен нақты берілген су көлемі 387,6 млн. текше метр, ал Шу өзені бойынша нақты алынған су көлемі 137,98 млн текше метр құрап отыр. Жалпы алғанда, Шу және Талас өзендері бассейні бойынша су беру жағдайы тұрақты деп бағаланады.

Сырдария өзені бойынша көпжылдық (1980-2024 ж.) орташа су келуі 16,7 км3 құрайды. Дегенмен бұл көрсейткіш белгілі кезең сайын (1980-1995 ж.а. 14 км3, 1996-2010 ж.а. орташа жылдық су келу 19,9 км3 құраса, 2011-2024 жылы бұл көрсеткіш 16,4 км3 құрап отыр) түсіп не көтеріліп отырады. Бұл дегеніміз, Шардара су қоймасына судың келуі белгілі циклмен қайталанып отырады. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына 2,17 км3 көлемінде су жетті (кесте бойынша 3,2 км3). 25 тамыздағы ақпарат бойынша орташа тәуліктік су келу 103 м3/с-қа тең. Жауын-шашынның аз түсуіне және салалас өзендердің аз үлесіне байланысты аталған көлемдегі су Шардара су қоймасына жетпей жатыр. Жоғарыда көрсетілген себептерге (жауын-шашынның аз түсуіне және салалас өзендердің аз үлесі) байланысты биылғы жылдың сулылығы орташа жылдық мөлшерден аз.
Қазақстан мен Қытай арасындағы Іле және Ертіс трансшекаралық өзендерінің ағынына гидрологиялық бекеттерде тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Іле өзені бойынша онжылдық судын орташа ағын көлемі – 12 км3, 2025 жылдың 25 тамызына дейін – 6,4 км3. Өз кезегінде, Ертіс өзені бойынша онжылдық судын орташа ағын көлемі – 9,8 км3, 2025 жылдың 25 тамызына дейін – 5,2 км3. Сондай-ақ, елге келетін су көлемі нақты жылдың сулылығына қарай анықталатының ескеру қажет. Сонымен қатар, қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу жөніндегі нормативтік-құқықтық база әзірленуде.
Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасының жағдайынан хабардарсыз ба? Қоймадағы су неліктен азайып кетті?
Шу ауданында орналасқан Тасөткел су қоймасында бүгінгі күнге қалған су көлемі 126,7 млн.текше метр. Өлі көлемі 70 млн текше метр құрайды. Су қойма су тастау режимінде жұмыс атқаруда. Қоймаға түсіп жатқан су көлемі – 4,5 м3/сек, шаруалардың сұранысына сәйкес тасталып жатқан су көлемі – 19,0 м3/сек. 2025 жылдың суармалы кезеңіне 13 207 гектарға 113,9 млн текше метр су көлемін жеткізуге 836 келісімшарт жасалды. Бүгінгі күнге су қоймадан Шу ауданына 220,0 млн текше метр су көлемі алынып, келісім шарт бойынша алқапқа толық су жеткізілді. Шаруаларға жеткізілген су көлемі 120,0 млн текше метр. Яғни, келісім шарттағы су көлемінен 6,1 млн текше метрге артық су жеткізіліп отыр. Тасөткел су қоймасынан қосымша Мойынқұм ауданына су тастау жұмыстары атқарылады.

Биыл егіс алқаптарына және санитарлық мақсатта 69,0 млн текше метр су көлемі тасталды. Тасөткел су қоймасында жинақталған су көлемі вегетациялық кезеңді толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. Су тапшылығының туындау қаупі жоқ, шаруалардың суару қажеттіліктері толық көлемде қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ су қоймасы күз-қыс мезгілінде жинақтау режимінде жұмыс істейді, бұл кезеңде су тастау тек экологиялық мақсаттарда жүзеге асырылады. Ал көктем-күз айларында Тасөткел су қоймасынан су босату суару маусымының қажеттіліктеріне сәйкес реттеледі.
Былтыр «Тасөткел су қоймасына 500 млн текше метр су жинауды жоспарлап отырмыз» дегенсіз. Жоспар неге орындалмады?
2025 жылғы сәуір айында Тасөткел су қоймасына 469 млн текше метр су жиналды. Су қоймаға бекітілген кестеге сәйкес су жинау және экологиялық мақсатта су тастау жұмыстары жүргізілді. 2024 жылғы 1 қазаннан бастап 2025 жылғы сәуір айына дейін Түркістан облысының Созақ ауданы аумағындағы жайылымдықтар мен шабындықтарды сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық мақсаттарға су жіберу қажеттілігіне жалпы көлемі 1 млрд 550 млн текше метр су бағытталды. Сонымен қатар, жиналған 469 млн м3 Шу және Мойынқұм аудандарының суармалы жерлерін қажетті көлемде сумен қамтамасыз етуге жеткілікті болды.
Оңтүстік өңірлердегі су тапшылығынан Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев хабардар ма?
Қазақстанның оңтүстігіндегі вегетация кезеңі тұрақты жағдайда өтіп жатыр. Вегетациялық кезеңнің басынан бастап оңтүстік өңірлерге 9,8 млрд текше метр су жеткізілді, бұл жоспарланған 10,1 млрд текше метр көлемнің 98 пайызын құрайды. Суармалы кезеңнің соңына дейін қосымша 200 млн текше метр су жеткізу көзделген. Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында су қоймаларының жай-күйімен, гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен және еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты.

Премьер-министр «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіш нысанын барып көрді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің Түркістан облысындағы жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздің оңтүстігіндегі вегетация кезеңінің барысы туралы есеп берді. Мемлекет басшысының өңірлік даму, су ресурстары және ирригация салаларына қатысты берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Үкіметте өтіп жатқан дәстүрлі баспасөз конференциясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов журналистердің вегетация кезеңі туралы сұрағына жауап берді.
Жуырда Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Делегация құрамында Сіз де болдыңыз. Қырғыз Үкіметімен су мәселесі талқыланды ма?
21-22 тамызда Қырғыз тарапымен екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында, көптеген мәселелер қарастырылды, оның ішінде су-энергетикалық мәселелер қаралды. Сонымен қатар, осыған дейінгі Шу және Талас өзендері бойынша Бірлескен комиссияның отырыстарындағы қол жеткізген уағдаластықтар қаралды. Ары қарай, қолданыстағы келісімдерге сәйкес жұмыс жасауды жалғастыру, комиссияның келесі отырысын өткізу келісілді.
Су тапшылығынан зардап шегіп отырған өңірлерге жұмыс сапарымен барасыз ба?
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі суару маусымы кезеңінде Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарына бірнеше рет жұмыс сапарымен барды. Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нұржігітов шаруалармен, өңір басшылығымен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Нәтижесінде шаруалардың сумен қамтылуын толық зерделеп, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша жоспарлар қабылданды. Бұдан басқа, Министрлік жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар өңірлерге жүйелі түрде шығып, тексеру іс-шараларын жүргізіп, анықталған заң бұзушылықтарды тіркеп, оларды жою бойынша шаралар қабылдауда. Бұл топтардың басты міндеті – су ресурстарын бөлу ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеу.

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазсушар» РМК-ның филиалдарының мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірге суармалы судың әділ бөлінуін тәулік бойы бақылау мақсатында түнгі кезекшіліктерге шығып жүр. Кезекшілік шілде айының басында басталды. Нәтижесінде суармалы кезең шығынсыз аяқталуда.
Су пайдаланушыларға суды қалай өлшеп бересіздер? Арық, атыз басында есептеуіш құрал бар ма? Бағасы қанша?
Су пайдаланушыларға суды ирригациялық жүйелер арқылы «Қазсушар» РМК филиалдары береді. Арықтар мен атыздардың басында метрологиялық талаптарға сай есептеуіш құралдар орнатылған, олар болмаған жағдайда су көлемі есептік нормалармен анықталады. Тарифтер өңірге және су көлеміне байланысты министрлік пен жергілікті органдармен реттеледі. Сонымен қатар 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 3,5 мың шақырым суару каналдарын цифрландыру жүргізілуде.
Алдағы жылдары су тапшылығы болмайды деп уәде бере аласыз ба?
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі су тапшылығын болдырмау үшін белсенді шаралар қабылдауда. Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Кешенді жоспар ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа су қоймалары салу, су үнемдеу технологияларын енгізу және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуды қамтиды. Жоспарда 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14 мың км-ден астам суару арналарына жаңғырту жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл шаралар су шаруашылығы инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға және су тасымалдау кезіндегі шығындарды 25%-ға төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар, 3,5 мың км суару жүйелерін цифрландыру жүргізілуде, бұл су есебін және бөлінісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Министрлік 2024– 2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасын (бұдан әрі – Жол картасы) бекітті. Ол барлық экономика салаларына су үнемдеу технологияларын енгізуді күшейтуге, су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге, су саласын цифрландыруға бағытталған. Жол картасын іске асыру шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикаторлар әзірленді, соның негізінде әр облыс 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жоспарларды бекітті. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларымен суармалы жерлер көлемін 1,3 млн га-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Жол картасын іске асыру шеңберінде су үнемдеу технологияларын өндіретін зауыттар құруға халықаралық компанияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұдан басқа, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2028 жылға дейінгі егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыспалы егіс (севооборот) схемалары бойынша Жол картасын әзірледі, соның ішінде суармалы жерлерде де, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда.