4 Қыркүйек 10:14
...

«Қайрат» па, әлде «Реал Мадрид» пе? Танымал жігіттер қай команданы қолдайды?

Чемпиондар лигасы
Фото: Коллаж NEGE

«Қайрат» vs «Реал Мадрид». УЕФА чемпиондар лигасын асыға күтіп жүргендердің қарасы аз емес. Әлеуметтік желіде осы додаға қатысты мэмдер мен қызықты роликтерден көз сүрінеді. Қалай десек те, әркім сүйікті клубына әрқалай қолдау көрсетіп жатыр. Ал ел алдында жүрген жігіттердің футболға қызығушылығы бар ма? Қай команданы қолдайды? Жергілікті «доп теберлерге» қалай дем бермек? Ұтысқа қанша тігеді? Тілшіміз анықтап көрді.

Асылбек ЕҢСЕПОВ, күйші:

«Реал Мадрид» – әлемдегі ең мықты команда

Е
forbes.kz

– Осыдан бес-алты жыл бұрын «Қайраттың» жігіттерінің қатысуымен «Әке толғауы» атты клипімді түсірген болатынмын. Сондықтан мен «Қайраттың» бұрыннан қолдаушысымын. Бұйырса, алда өтетін лигада шашбауларын көтеріп барамыз. Барынша «Алға, Қайрат!» деп алаңда доп тебетін жігіттерге жігер береміз. Достарымның арасында «Қайраттың» жігіттерімен араластығың бар ғой, билет алып берші» деп жүргендері қаншама. Оны «Қайрат» та емес, УЕФА-ның өзі шешеді ғой. Тек араға алыпсатарлар араласып, бағаны аспандатып жіберемсе екен деген күдік бар. Жеке төлқұжаттың номері арқылы бір адамға бір-екі билеттен артық бермейтін жүйемен сатса, жөн болар еді.

Мойындауымыз керек, «Реал Мадрид» – әлемдегі ең мықты команда. Біздікілер оны жеңбейді деп жорамалға салғаннан гөрі, алдымен «Қайраттың» сондай тарихи клубпен додаға түсетініне қуануымыз керек. Оның үстіне біздікілер ТМД бойынша шотландық «Селтикті» жеңу арқылы аталған клубпен бір алаңда ойнауға мүмкіндік алып отырған жалғыз команда. Мұның өзі үлкен жеңіс. Азу көрсете алмасақ та осылай шыққанының өзі бір мәртебе. Ал жеңу жағын уақыт көрсетеді. Бір гол соқса да – бақыт. Жеңілсек, бүгін кеткен есебімізді өсіп келе жатқан ұрпақ қайтарар. Біз соған тілекшіміз.

«Реалдықтар» екінші құраммен келіп-ақ қазақтарды ұтып кетеміз деп ойлауы мүмкін, кім біледі. Ал Мбаппе бастаған бірінші құраммен келсе, онда жағдай қиын болары анық. Бірақ біздің жігіттер де осал емес, Темірлан Анарбеков, Дастан Сәтпаевтар барынша сес көрсетеді деп үміттенемін. Тіпті есеп 0:0 болса да «Интер» мен «Арсенал» қазақтар мықты екен деп іш тартып қалар.

Дегенмен, «мынау жеңеді» деген үмітпен ешкімге бәс тікпеймін. Ол мен үшін құмар ойынның бір түрі саналады. Себебі букмекерлік кеңсеге бір кірген адам қайтып шықпай қалуы мүмкін. Жеңіл келген ақшаның буы жақсылық әкелмейді.

Сүндет БАЙҒОЖИН, опера әншісі: 

Спорттан ММА-ді жақсы көремін

Б
inform.kz

– Өз басым спорттан «ММА»-ді (аралас жекпе-жек – ред.) жақсы көремін. Футболға аса қызығушылығым жоқ. Ұтыс тігетіндердің қатарынан да емеспін. Дегенмен, тарихи сәтте «Қайраттың» жігіттеріне сәттілік тілеймін! Намысты қолдан бермей, жетістікке жетулеріне тілектеспін.

Сырым ИСАБАЕВ, эстрада әншісі:

Футболға қызықпаймын

И
Сырым Исабаевтың жеке мұрағатынан

– Футболға айтарлықтай қызығушылығым жоқ, бірақ өзіміздің құрамаларға келгенде қарап қала алмаймын. Егер Алматыда болсам, «Қайратты» қолдауға міндетті түрде барамын. Ұтылып қалса да, жігіттерді қолдаймын, «Реалмен» шығып жатқандарының өзі мен үшін бір мәртебе. Дейтұрғанмен «ставка» қоймаймын, себебі азарттан аулақ жүретін адаммын.

Рүстем ЖАНЫАМАНОВ, актер:

Отбасымызбен барып қолдау көрсетеміз

Ж
instagram.com/zhanyamanov_rustem

– Футболдың жанкүйерімін. Ал «Қайрат» үшін өте қуаныштымын. Сондықтан отандастарым шаршы алаңға шығып жатқанда қарап қалатын емес, тіпті отбасымызбен барып қолдау көрсетеміз деп отырмыз. Арнайы киіп баратын футболкаларымызды да әзірлеп қойдық.

Ж
Рүстем Жаныамановтың жеке мұрағатынан

Бір өкініштісі, өткенде «Қайрат» «Селтикпен» ойнағанда бара алмай қалдым. Өз басым отандық клубты жақсы көремін. Самат Смаков бастаған жігіттер кезінде талай топ жарды ғой. Қазіргілерден қақпашы Темірлан Анарбеков пен Дастан Сәтпаевтың ептілігін айтпай кетуге болмас. Мақтан тұқтамыз. Ойыншылардың  шеберлігін де, намысын да жанып жүрген тренеріміз мықты болсын. Дейтұрғанмен, әлі де дамып, пісуіміз керек.

«Ставка» жағына келер болсақ, футболға бір тиын да тігіп көрмеппін, тіккім де келмейді. Жастарға да ондай жеңіл келіп-кететін ақшаға қызықпаңдар деп кеңес беремін. Соның кесірінен талай отбасы айырылысып, талай бала ата-анасынан ажырап қалған. Футбол болсын, басқа болсын, әр салада үздіктеріміз көп болса екен деп тілеймін.