27 Мамыр 11:55
...

БРИКС бізге береке әкеле ме?

Фото:
Осы аптаның халықаралық өмірдегі Қазақстанға тікелей қатысы бар бір жаңалығы көпшілік назарынан тыс қалған сияқты.

Соның орнын толтырайын.

Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Чжан Цзюнь: «Біз Қазақстан, Сауд Арабиясы, Аргентина, Египет, Индонезия, Нигерия, Сенегал, БАӘ және Таиландтың БРИКС+ диалогына қосылуын құптаймыз», – деп Twitter желісінде жазды.

БРИКС бес мемлекеттен тұратыны белгілі, олар – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка. Сан жағынан адамзаттың 43 процентін құрайтын және де қуатты экономикасы мен жер қазба байлығы алабөтен бұл ұйым Еуроодақ секілді өзара нақты міндеттемелері бар одақ болмаса да, соңғы кезде әлемдік саясатта орны ерекшеленіп келе жатқан беделді құрылым.

Меніңше, осы ұйымға қатысу туралы ұсыныстың бірқатар астары бар.

Біріншіден, көпвекторлық сыртқы саясатты ұстанған Қазақстан үшін мұндай ықпалды клубтың мүшесі болу біраз мүмкіндік береді. Саяси мәлімдемелер жасап, белгілі бір шешімдер қабылдау жөнінде бастама көтеру секілді жақсы жақтары бар. Және де өзіміздің қазба байлығымыз бен тауарларымызды сатудың қосымша маршруттары табылар еді. Оларды рәсімдеу біршама жеңілдер еді.

Бірақ, ол тірліктің бәрін БРИКС-ке мүше елдермен не ол жақтағы компаниялармен екіжақты келісім-шарт арқылы да жасай беруге болады емес пе? Оның үстіне, БРИКС-тің қатып-семіп қалған Жарғысы не басқа да реттеуші құжаттары да жоқ. Бұл тұрғыдан оны Еуроодақ немесе Еуразиялық одақпен салыстыра алмайсыз.

Екіншіден, мәселенің геосаяси сипаты тағы бар. Соңғы кезде, әсіресе, 2014 жылы Ресей Украинадағы Қырымды, Донбасс пен Луганскіні аннексиялап алғаннан кейін Кремль тарапынан БРИКС-ті АҚШ және Еуроодаққа, «Үлкен жетілікке» қарсы қою тенденциясы сезіле бастады. Саммиттер сайын қабылданатын біріккен коммюникелерінде саяси және халықаралық қауіпсіздік проблемалары баса жазыла бастады.

Бірақ, 2022 жылдың 24 қаңтарында Ресейдің Украинаға баса-көктеп, басқыншылық жасауы көп нәрсені, соның ішінде, БРИКС ішіндегі қарым-қатынасты күрт өзгертті десе болады.

XXI ғасырда көршісіне қарсы соғыс ашқан Ресейге қатысты бүкіл әлемнің ғана емес, БРИКС-тегі әріптестерінің көзқарасы біртүрлі екені айтпаса да түсінікті болар. Мұндай жағдайда ұйым әлемдегі оқиғалар жөнінде біріккен позиция таныта алады деуге сену қиын шығар.

Үшіншіден, Қазақстанды БРИКС-ке қабылдау туралы ұсынысты кім айтып отырғаны да маңызды. Мыңжылдық дипломатиясы бар Қытай жайдан-жай бастама көтермейді. Басқалар жеті өлшеп, бір кессе, Қытай жетпіс жеті рет өлшейтін болар.

Сондықтан да БРИКС құрамын кеңейту идеясының артында Қытай секілді алпауыттың өзіндік мүддесі жатуын жоққа шығара алмаймыз. Бәлкім, Үндістан, Бразилия, Ресей секілді бәсекелестерінің салмағын Қазақстан және басқа елдер есебінен азайту ниеті бар шығар. Өйткені, нақты Жарғысы болмаса да, БРИКС-тегі ортақ шешімдер әр елдің дауысын ескеріліп, қабылданады.

Қазір өзінің ұзын құрығын әлемнің түкпір-түкпіріне дейін созып отырған Қытайдың мүшелікке ұсынылып отырған әр елге өз ықпалы бар сияқты. Қалған үш алпауыттың ондай, халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық жөніндегі ниеті де, әлеуеті де жоқ. Бар болса да, әлемдегі нөмірі бірінші экономикаға айналғалы тұрған Қытайдың ресурстық мүмкіндіктерімен салыстыруға келмейді.

Сондықтан да, осынау ұсынысты әдеттегідей «мұның бәрі Қазақстанның жүргізіп отырған саясатын мойындау» деп, Қытайда тігілген шәпкімізді аспанға атпай-ақ, жөнсіз эйфорияға салынбай-ақ, мынадай алмағайып заманда ешбір одаққа кірмей-ақ, әлемдік дағдарыс секілді әліптің артын бағып, сабырлық сақтағанымыз жөн болар.

Тегтер: