Болат Жанайхан: Финляндия оқушыны керегенің арғы жағындағы өмір мектебіне дайындайды
Алматы қаласының мектептерінде беріліп жатқан білім сапасы айтарлықтай жақсарған. Соңғы жылдары есігін айқара ашқан №202 мектеп-гимназиясы аз уақытта алдыңғы қатардан көрініп жүр.
NEGE тілшісі таяуда Финляндия, Эстония елдеріне барып, тағылымнамадан өтіп келген №202 мектеп-гимназиясы директоры Болат Жанайхан мырзаны әңгімеге тартып, нендей озық тәжірибеге тәнті болғанын сұраған еді.
– Болат мырза, соңғы жылдары білім сапасын арттыруға қатысты түрлі бағдарлама, жобалар қабылданып жатыр. Соның бірегейі «Білімді ұлт» сапалы білім» мен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жайында не айтасыз?
– Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты гуманитарлық бағыттағы №202 мектеп-гимназия директорымын. Негізінен математика мен ағылшын тіліне басымдық береміз. Оған қосымша, француз, кәріс, неміс тілін оқытамыз. «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы мектептерге не алып келді десеңіз, соңғы екі-үш жылда халықтың демографиялық өсуіне байланысты 1-сыныпқа келіп жатқан балалардың саны 400-450-ге дейін жетті. Бұл халық санының артып жатқанын байқатады. Демек, бұл мектепті де көптеп салу керектігінің айқын көрінісі. Осыған орай президенттің тапсырмасымен көптеген іс атқарылуда. Қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасының арқасында 1 мыңға жуық мектеп салынады делінді.
Мәселен, Алматыда биылдың өзінде 20 мектептің құрылысы басталды. Алатау ауданында – 5, Наурызбай ауданында – 5 мектеп салынып жатыр. Біздің мектеп те 2020 жылы пайдалануға берілген жаңа мектептің бірі. Соның өзінде төрт жылдың өзінде екі ауысымда 2350 бала білім алуда. Тәуелсіздік алған 30 жылда білім саласына қатысты кейбір мәселе шетін қалып қойды. Өйткені, демографиялық статистикаға сүйенбеген. Көбінесе сауда үйлері, мешіт, базар сияқты нысандар тұрғызылып келді де, мектеп салу назардан тыс қалды. Алайда, өсім болған жерде сұраныс артады.
Мәселен, жыл сайын 140 мың түлек 11 сыныпты бітірсе, 1-сыныпқа қабылданатын оқушылардың саны бұдан екі есе көп. Яғни, 400-450 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Сондықтан «Ештен кеш жақсы» демекші, «Жайлы мектеп» жобасы уақытылы қолға алынды деуге болады.
Мақсат – 2030 жылға дейін Қазақстандағы мектептерді бір ауысымға көшіру. Қазір осы бойынша еліміздің барлық өңірінде мектептердің құрылысы басталды. «Жайлы мектептің» бір ерекшелігі – заманауи үлгіде жабдықталуы. Бұл білім ұясының ауласы кең, екі спорт залы, акт және кіші залы болады. Дәл осындай мектеп көбейсе, екі ауысымда білім беретін білім ошақтары қысқарады деп ойлаймын. Қазір жаңа мектептер ашылғаннан кейін біраз мектеп бір ауысымға көшті. Біздің мектеп есігін ашқанда жанымыздағы мектептен 800 оқушы келді. Төрт жылда 10 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы ашылған Наурызбай ауданындағы №209 мектепте 3500 оқушы білім алуда. Осы маңдағы балалар мектеп ашылмас бұрын жан-жақта оқып жүрді. «Жайлы мектеп» жобасы «Ең жақсы мектеп – ең жақын мектеп» қағидасы бойынша салынып жатқаны қуантады.
– Соңғы жылдары Алматы мектептерінің ұстаз қауымына да үлкен мүмкіндіктер беріліп жатқан көрінеді. Осы игі істер жөнінде айтып өтсеңіз?
– Президент бір сапарында Алматы қаласы әкіміне тапсырма берген болатын. «Алматы – үлкен мегаполис. Білім мен мәдениет ошағы. Басқа өңірлерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан қала әкімі ретінде кейбір шешімді өзінше қабылдап, бастамаларға жол ашуға мүмкіндік беріледі» деген еді. Үш жылдай болды, Білім басқармасы мектеп директорларын шетелде тағылымнамадан өтуге мүмкіндік берді. Әуелі 50 директорды үш топқа бөліп, тәжірибе алмасуға жіберді. Өзім екінші топпен Финляндия мен Эстонияға барып келдім. Сондай-ақ, директорлардың бір бөлігі Швейцарияға, Жапонияға, Лондонға жолы түсті. Жыл сайын «Алматы ұстаздары» байқауы ұйымдастырылады. Содан бірінші, екінші, үшінші орын алған ұстаздар да тағылымнамадан өтеді. Биыл да директор орынбасарлары мен мұғалімдер тәжірибе алмасуға дайындалуда. Бұл заман талабына сай мектептің бағыт-бағдарын нақтылауға әсер етеді.
– Финляндия білім сапасы бойынша көш басындағы мемлекет. Екі елге сапарыңыздан не түйдіңіз? Мәселен, өз мектебіңіззе қандай тәжірибесін енгізер едіңіз?
– Эстония – Кеңес одағы құрамынан шыққан мемлекет. Бірақ қазір Еуропа бойынша математикадан 1-орын, функционалдық сауаттылықтан 5-орында тұр. Ал Финляндия әлемдік бестікке кіреді. Біз осы елдің білім жүйесіндегі жаңалықтармен танысып, функцоналдық сауаттылық пен сын тұрғысынан ойлауды енгізуге тырысып жатырмыз. Өкінішке қарай, бізде тек теориялық білім беріледі де, тәжірибе жағы қалыс қалады. Яғни, берілген білімнің өмірмен байланысы болмайды. Ал оларда балаға «Керегенің арғы жағында – өмір мектебі бар. Біз сені соған дайындап жатырмыз. Қазір білім алсаң, ертең бір маман иесі атанып, қоғамның мүшесі ретінде өзіңді, отбасыңды асырай аласың» деп айтады. Баланы тұлға ретінде тәрбиелейді. Содан кейін балабақшадан бастап баланы өмірге бейімделуге баулиды. Мысалы, біз баланың суық су ішіп қоймауын немесе жаурап қалмауын қадағалаймыз ғой.
Ал оларда керісінше, 2-3 жасар балаға салқын су ішкізіп үйретеді. Балаға пайдалы нәрсені жеткізеді, таңдауды өзіне береді. Мәселен, оларда Информатика деген сабақ жоқ. Химия, физика, биологияны бір пән ретінде оқытады. Бірінші – функционалдық сауаттылық, екіншісі – сын тұрғысынан ойлау, үшінші – мамандық таңдау. Бізде көбінесе 9-10-11 сыныпқа келгенде ғана мамандық туралы ойлана бастайды. Ал Финляндияда 5-сыныптан бастап баланың икеміне байланысты жеке жоспар жасалады.
Өйткені, 1-9 сыныпқа дейін ешқандай мектеп «дарынды», «мамандандырылған», «лицей», «гимназия» деп бөлінбейді. Бәріне берілетін жалпы білім бірдей. 10-11-12 сыныпта ғана жеке білім береді. Біз бір мектепке бас сұқтық. 62 таңдау пәні бар. Бала сабақтан соң таңдау пәніне байланысты қосымша мамандықты игереді. Сол бойынша 11-сыныпты бітіргенде арнайы куәлік алып шығады. Яғни, 12-сыныпты бітірген оқушы аттестатпен қатар екінші мамандық иесі болып шығады. Ол – стилист, наубайханашы, тағысын тағы. Қазақстанда жұмыс таппай жүргендер көп. Бірақ шағын бизнестегі адамдар өздеріне наубайханашы, тігінші таппай жатыр. Демек, мұнда балалар алған білімін тәжірибеде қолданып, ақша табады. Сосын ата-ана баласына қай оқу орнына баратынын ойлануға уақыт береді.
– Демек, Финляндияда оқу бағдарламасы жеңіл ғой...
– Бағдарламасы жеңіл. Бір сыныпта 20-25 бала ғана. Ал біздегі мектептерде бір сыныпта 37 балаға дейін отырады. Бұдан қандай сапа талап етеміз? Ал біздегі жекеменшік мектептерде 22 баланың өзін бөліп оқытады. Білсеңіз, 3-4 сыныптың бағдарламасы өте қиын. Кейбір есептері 5-6 сыныптыкі сияқты. Оның үстіне керексіз пән көп. Ал Финляндия мен Эстонияда үйге тапсырма берілмейді. Оны мектепте орындауға көп дегенде 25 минут береді екен. Егер бала түсінбесе, үй тапсырмасын берудің қажеті қанша? Сондықтан олар мұғалімнің көз алдында түсінбегенін сұрап отырып шығарады. Бізде оқушы тақырыпты меңгеріп тұрса да, үйге қосымша тапсырма береді. Мұның керегі не? Бала бос уақытында спортқа барып, физиологиялық жағынан дамысын. Одан бөлек ағылшын тілін үйреніп, дамытсын. Мектептен тыс уақытта бала мектепте жасай алмаған нәрсесіне үлгеру керек.
– Мұны Қазақстанға енгізу мүмкін бе?
– Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл мүмкін емес. Өзіңіз ойлаңызшы, бізде 1200 орындық мектепте 2300 оқушы оқып жатыр. Білім саласында ең үлкен кедергі – екі, үш ауысымды мектептер. Миллиардтаған халқы бар Қытайдың өзінде екі ауысымды мектеп жоқ.
Екі ауысымның бір мәселесі – таңертең оқитын бала жақсы оқиды, ал түстен кейін баратын баланың физиологиясы білімді қабылдай бермейді. Яғни, біз түстен кейін жеңіл-желпі әрекетпен отыратын баланы байлап, матап отырғызып қоямыз. Таңертең оқитын бала түстен кейін бос. Әлеуметтік жағдайы дұрыс ата-ана баласын қосымшаға бере алады. Ал жоғының баласы үйде отырады.
Ата-анасы жұмыста. Сағаттап телефонда отырады немесе аулада бос жүреді. Бала қараусыз қалады. Осының қызметін мектеп атқаруы керек. Мектепке қосымша қаражат бөлінсе, түстен кейін әр баланы түрлі секцияға жазып қойса жақсы ғой. Баланың дамығаны мектепке жақсы әрі ата-анаға тиімді. Ал біз баланы екінші ауысымға отырғызып қойып, одан сапаны талап етеміз.
– Бізде жыл өткен сайын жекеменшік мектеп қатары көбейіп жатыр. Бағасы да оңай емес. Тіпті, кейбірі жоғары оқу орындарының ақысынан екі-үш есе қымбат. Бұл білім беру және сапа жағынан да алшақтыққа алып келмей ме?
– Иә, әлдеқайда қымбат. Қазір кейбір жоғары оқу орындарының жылдық бағасы 1 млн 400 мың десек, Tamos Education, Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектебі, «Мирас» халықаралық мектебінің оқу ақысы 5-6 млн болса, Haileybury халықаралық мектебінің бір жылдық бағасы 11 млн-ға дейін. Бізде білім жүйесін қадағалау мониторингі дұрыс жүргізілмейді. Қазақстанда республикалық олимпиада және облыстық, аудандық, қалалық ғылыми жоба негізінде ғана жұмыс істейді. Мұны неше жылдан бері айтып келемін.
Мамандандырылған дарынды мектептер 2 мың, 3 мың баланың ішінен 75-100 баланы ғана таңдап алады. Біздің мектептен 6 сыныптан БИЛ-ға 18 бала, Назарбаев зияткерлік мектебіне 12 бала түсті. Яғни, сүт бетіндегі қаймақтарын алып кетіп жатыр. Ал үздік 100 мектептің рейтингін шығарған кезде Назарбаев зияткерлік мектебі, республикалық физика-математика мектебі, Білім-инновация мектебі алдыңғы қатарда болады.
Меніңше, жалпы білім беретін мектептерді бағалау критерийі бөлек болу керек. Мәселен, біздің мектепте 2300 оқушы болса, БИЛ-де 250 бала оқиды. Былайғы мектептерді олармен салыстыру дұрыс емес. Бұл мектептер жекеменшік болса да мемлекеттен қаржы алады, қосымша ақылы сыныптары бар, мұғалімдерге де үстемақы төлеген соң іріктеп шақырады. Демек, рейтингті тәуелсіз қоғамдық ұйым бағалау керек.
– Жаңартылған білім бағдарламасын құптайтындар да, қолдамайтындар да бар. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Негізі осы бағдарлама өте жақсы еді. Білім сапасын жақсартамыз десек, білім бағдарламасын өзгерту керек. Бізде оқулықты практик ретінде жұмыс істеп жүрген мектеп мұғалімдері емес, теориялық білімі бар кандидат, доктор, профессор, PhD докторы жазады. Оқулық шығарудың өзі монополия. Баспалар бағдарламаны береді, авторлар соның негізінде оқулық жазады. Бізде сол бағдарлама дұрыс емес. Өзім директор және Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде айтсам, кезінде мектепте 10-11 сыныпта ХХ-ХХІ ғасырдың әдебиетін оқитын едік.
Ал қазір 11-сыныптың Әдебиетінде төрт-бес ақынның шығармашылығы туралы ғана береді. 9-сыныптың Әдебиет оқулығында ақын Несіпбек Айтовтың Астанаға, Тұңғыш президентке арнаған «Бәйтерек» деген поэмасы бар. Оған тағы 8 сағат беріп қойған. Соның орнына сегіз ақын-жазушының өмірбаяны мен сегіз әңгіме оқыса қайда жатыр?! Сондықтан бағдарлама дұрыс емес. Оқулықты реттемей сапа артпайды. Кезінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің жаңартылған білім мазмұнын алып Қазақстанның бүкіл мектептеріне енгізіп жіберді. Оның жақсы және жаман тұсы да бар. Жақсы тұсы – шетелдегі сияқты сын тұрғысынан ойлау, функционалды сауаттылық, мұғалім мен оқушының арасындағы кері байланыс, оқушының өзін-өзі бағалауы.
Мұның бәрі жаңартылған білім мазмұны негізінде келді. Өкінішке қарай, осы жақсы дүниені іске асыра алмадық. Оған біздің оқулық та, бағдарлама да сәйкес келмеді. Қазір мектептер екі бағыт бойынша жүр. Қоғамда «Жаңартылған білім мазмұны керек пе, жоқ па?» деген пікірталас қалыптасты. Бір қызығы, біз білім саласы бойынша ресейлік сарапшылардың пікірін тыңдағанды жөн көреміз. Біз неге ХХІ ғасырда отырып, дамыған Финляндия жайында, олардың мұғалімдерге төлейтін жалақысы туралы айтпаймыз? Финляндияның білім сапасы туралы айтамыз да олардың оқушыға жасап жатқан жағдайын неге тілге тиек етпейміз? Мәселен, Финляндия мен Эстонияда оқушылар 11-сыныпқа дейін тегін тамақтанады. Өйткені, бүгінгі ұрпақ ертең үкіметті дамытатын күш. Адами капитал. Сосын мектеп жасындағылар қоғамдық көлікте тегін картамен жүреді. Ал егер оқушының үйі мектепке 2 шақырымнан алыс болса арнайы авобуспен қатынайды. Бұл сол мемлекеттің білімге деген көзқарасы. Бала болса да оған қоғамның бір мүшесі ретінде қарайды. Мемлекет осындай жағдай жасаған соң кей мәселеде ата-анадан да, баладан да талап ете алады.
– «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері ұстаз қауымының беделі де артты, еңбекақысы да көбейді. Сіздіңше, заң қоғамға не берді?
– Заңдық тұрғыдан заң қабылданғаны, жұмыс істегені дұрыс. Бірақ қай педагог «Педагог мәртебесі туралы» заңды алға тартып, өзінің құқығын қорғап жатыр? Тотолитарлық жүйемен қалыптасқан мемлекет болған соң бізде басшыға қарсы келу деген нәрсе жоқ. Педагог мәртебесін жалақымен көтеру де жақсы. Мұғалім алаңдамай жұмыс істеуі керек.
Бірақ соңғы уақытта сағаттан шектеп қойды. «Еңбек кодексіне» сәйкес, мұғалім аптасына 40 сағатқа дейін жұмыс істеуіне болады. Қазір 24 сағат қылды. Бұл бір жарым ставка. Дәл осы сағатпен жұмыс істейтін педагог-зерттеуші, педагог-шеберге талапты қиындатып тастады. Авторлық бағдарлама жасау керек, халықаралық конференцияларға қатысуы тиіс, тәжірибесін үш облысқа таратуы қажет.
Сонда мұғалім сабақ бере ме, шығармашылықпен айналыса ма? Мұны орындамаса категориясын бес жылда бір рет төмендетіп тастайды. Екіншіден, Эстония, Финляндия, Сингапур, Оңтүстік Кореяда мұғалімнің жалақысы сағатпен есептелмейді, бәрі бірдей алады. Бірақ еңбек өтіліне қарай үстемақы төленеді.
Заң демекші, қоғамда ата-ананың рөлін, міндетін заңмен шегелеп қоймай, мұғалім мәртебесі биіктемейді. Мысалы, қазір мұғалім балаға ұрса алмайды. Әрине, педагогтың айқайлап, дауыс көтергені дұрыс емес. Бірақ сабақ оқымай келсе, баладан талап ету керек қой. Алайда, балаға бірдеңе десе ата-ана келіп, мектепті басына көтеріп кетеді.
Мектеп директоры ретінде бір ұсыныс айтсам министрлік қабылдамауы мүмкін. Ал ата-ана әлеуметтік желіге жазса, құлақ түреді. Тағы бір мәселе, өзім барған Финляндия мен Эстонияда сабақтан тыс уақытта оқушыға мектеп жауап бермейді. Бала қылмыстық іске ұрынып қалып, сотталайын деп жатқан соңғы сәтте ғана мектепке хабарласып «Сіздің мектепте оқитын оқушының үстінен қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айрылайын деп жатыр» деп ескертеді екен. Оған дейін мектептің қатысы болмайды.
Балаға жауапты заңды тұлға – ата-ана. Ал бізде бәрін мектепке жүктеп қойған. Таңқалатыным, түнгі сағат 1-де көшеден баланы ұстап алса, сынып жетекшісі мен директорына хабарласады. «Ата-анасы қайда?» десең, «Телефонын көтермейді» дейді. Сонда не үшін сынып жетекшісі алуы керек? Бұл функция еш жерде жазылмаған. Оған мектеп емес, тікелей ата-ана жауапты. Мұны заң негізінде ата-анадан талап етпесе, мұғалім мәртебесін арттыра қоймайды.
– Оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?
– Асхат Аймағамбетов министр болған тұста көптеген жақсы дүниелер жасалғанын айту керек. Кемшілік те жоқ емес. Соның бірі мұғалім күнделік пен сабақ жоспарын толтыру керек дегенді құптады. Бірақ мектепке тексеріс келсе бұл екеуін ғана сұрамайды. Қаншама құжатты талап етеді.
«Оқитын мектеп» деген жақсы бағдарлама бар. Мектептерге көркем әдебиет оқулықтары алынды. Бірақ оны жүйелі етіп жүргізу мектеп әкімшілігінің құзыретіндегі шаруа. Балаларды ынталандыруға байланысты бюджет бөлу керек сияқты. Кей мектепте ата-аналар демеуші болып оқушылар арасында байқау ұйымдастырады. Қазір кітапханада қазақ тіліндегі соңғы шыққан кітаптар толып тұр. Оқитын бала болса, оқиды. Кітап оқу мәдениетін мектеп қана емес, қоғам болып қалыптастыру керек. Ата-ана өзі кітап оқымаса, баласына қалай «оқы» деп айтады.