26 Желтоқсан 11:22
...

«Бишімбаевтың соты шайпау қатындарды одан әрі құтыртты!» – Абьюзер әйелдерге тыйым бар ма?

Тұрмыс
Фото: Коллаж: NEGE

Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл түрлі оқиғамен есте қалды. Соның бірі Қазақстанның сот саласы тарихында қылмыстық іске қатысты процесс алғаш рет тікелей эфирде өтті. Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы сот отырысын дүйім жұрт телесериал көргендей тамашалағаны жасырын емес. Ал бұл зорлық-зомбылық ісі еліміздің әйел қауымына қай жағынан әсер етті? 

Сонымен, әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді делінген Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша «асқан қатыгездікпен кісі өлтіру» және ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы, 2-бөлігі бойынша, яғни азаптау бабы бойынша айыпталып, 24 жылға сотталды. Ел үкімін асыға күткен сот шешімінен кейін көптен бері талқыланып келген «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» заң да 15 маусымнан бастап күшіне енді. Мұны көпшілікке таныстырғандар «Енді отбасының берекесін алып, әйелі мен бала-шағасына қол көтеріп, күш қолданғандарға жаза қатаңдатылады» деп түсіндірген-ді.

Сот
Қ.Бишімбаев. Фото: ғаламтордан

Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралатын болды. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе бермек. Осылайша, денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп немесе 15 тәулікке қамалса, бұдан былай 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге өсіп, қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды. Егер жәбірленушіні ұдайы ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсетсе, 369 мың теңге айыппұл немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал аса қатігездік танытқан жағдайлар қосымша дәлелденсе, агрессор 4 жылдан 7 жылға дейін сотталады.

Осы сот процесі өтіп, заң қабылданғаннан кейін талай жылдан бері үнсіз келген кей мемлекеттік қызметкер мен дипломаттардың да әйелі де ел алдына шығып, зәбір көргенін жария еткен. Бәлкім, бұған дейін тиісті мекемелерге шағым түсіруге қорықты ма, әлде шиқанның жарылатын уақыты келді ме, кім білсін? Әйтеуір сол сәтте «Басқа салпы етек әйелдер емес, дәл сондай лауазымды тұлғаның жары ондаған жыл бойы зорлық-зомбылыққа қалай шыдап келді?» деген заңды сұрақ туындағаны рас.

Ал енді бәзбіреулер қоғамда әйелдің бас көтеріп, құқығын қорғай бастауына белгілі продюсер Баян Мақсатқызының басынан өткен оқиғасы себеп болды деседі. Тіпті, «осы оқиға қазақ әйелдерінің қорғансыздығын көрсетіп, отбасылық жанжалдың құрбаны екенін дәлелдеді» дейтіндер де бар. Кейін оның «Бақыт» деп аталатын киносын тамашалағандар «Біз зорлық-зомбылыққа шыдамауымыз керек!» деп ұран тастаған-ды. Әлбетте, бұл түйткілді ақылмен шешпейтін, дереу жұдырығын ала жүгіретін әлсіз еркектен теперіш көріп келе жатқандар үшін кәдімгідей «сигнал» болғаны анық. Ал жағдай керісінше көрініс тапса ше?

«Күйеуінің денесін тістеп, тырнап, үтік лақтырған»

NEGE редакциясы Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысынан егжей-тегжейлі ақпарат беріп отырды. Бұл мәселе жайында қорғаушы тараптан, заңгер мамандардан да сұхбат алдық. Редакцияға хабарласқан Ажар атты жасы 60-қа таяған әйел біздің сайттың оқырманы екен.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Фото: ғаламтордан

«Әлгі Бишімбаевтың соты туралы жиі жариялап едіңдер. Жұрттың бәрі сол жігітті кінәлап, есекке теріс мінгізіп жатты. Әрине, ол ауыр қылмыс жасады, адам өлтірді. Соған лайықты жазасын алуы керек. Алайда, бұл жерде кінә бір жақтан емес екеніне онша мән бермедік», – деген ол өз басына түскен жайтты баяндап берді.

«Меніңше, Бишімбаевтың соты кейбір шайпау қатындарды одан әрі құтыртып жіберді. Соның бірі біздің үйде жүрген екен. Қазір қит етсе, «102 шақырам» дегенді жиі еститін болдық. Шын мәнінде, күйеуінен қорлық көріп, күнде таяқтың астында жатқан әйел болса, түсінер едім. Міне, соларға Бишімбаевтың соты да, қабылданған заң да үлкен сабақ әрі жақсы өмір сүруге ұмтылыс. Ал тып-тыныш, отбасын қал-қадірінше асырап жүрген еркекке өзі атылып, қолына келгенді лақтырып, үсті-басын тырнап, ол ол ма «денеме зақым келді» деп өтірік жала жауып, арыз түсірген келінімнің әрекеті тура осыған мысал», – дейді мұңын шаққан ана.

«Түнгі 3-те тұрып, ұйқыда жатқан күйеуінің денесін тістеп, тырнап тастаған. Ол аздай, үтік лақтырып, үстін көгерткен. Төрт баласын оятып алып, қаз қатар тұрғызып «Балаларымды түн жарымында үйден қуып жатыр» деп видеоға түсіріп алды. «Қой, саған не болды?» деген сөзді құлағына ілер емес. Ұлымды қанша ашу-ыза қысса да, қол жұмсамады. Себебі, жағдайдың ушығып кететінін іштей біліп тұр. Бір уақытта келін өз денесін өзі шымшылап, көгертуге кірісті. Көршінің үйіне барып, «мыналар мені жабылып ұрып жатыр» деп, сол жерден «102» шақырыпты. «Саусағым сынды» деп байбалам салып, оны байлап алыпты тағы. Содан полиция екеуін де алып кетіп, экспертиза жасаған. Сынбақ тұрмақ, дәнеңе жоқ қой, бірақ өзінің шымшылағаны бар, әрі-бері жұлмаланғанда қалған іздерін тіркеп алған. Бұл жерде ол керісінше, күйеуіне дене жарақатын жасап тұр. Соған қарамастан, бір тәулікке қамалып шықты. Одан кейін тағы да арыз түсіріп, соңы сот отырысымен аяқталды. Ұлыма 80 АЕК айыппұл салды», – дейді күйінген ана.

Сондай-ақ, бір тәулік жатып шыққан ұлы уақытша қамау изоляторында дәл сондай дерекпен түскен еркектердің бар екенін айтыпты. «Жанымдағы бір ересектеу жігіт ағасы әйелін боқтаған екен, дереу 102 шақырып, үстінен арыз түсірген. Тағы бір жігіт те әйелін ұрмай-соқпай уақытша қамалыпты» деп келді. Соған қарағанда қазір әйелдер еркегі ауыз ашса, қисынсыз полиция шақыра беретін сияқты ғой», – деп түйіндеді пікірін.

Заңгер: «Әйел арыз түсірсе, бірден еркек кінәлі деген сөз емес»

NEGE тілшісі осы мәселеге қатысты Бишімбаев ісі бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаевтың пікірін білген еді. Оның сөзінше, қазір әйел қауымының құқықтық санасы мен сауаты артқан.

Адвокат
Ғ.Ынтықбаев. Фото: ғаламтордан

«Қазір әйелдер арыз түсіріп, жазалауға болатынын түсінді. Ал сіз тілге тиек еткен жағдайда мәселені жан-жақты қарау керек. Егер әйел жала жауып, арыз-шағым түсірсе, оған да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өзіне дене жарақатын салып, «күйеуін қаматып тастаймын» десе, ол бос әурешілік. Қалай десек те, әйел арыз түсірсе, бірден еркек кінәлі деген сөз емес. Бұл жерде күйеуі де зардап шексе, ол да қарсы арыз түсіре алады. Тергеу істің мән-жайын, анық-қанығын анықтайды. Куәгерлер түсініктеме беріп, бейнекамерадағы жазба қаралуы мүмкін. Барлығы дәлелденсе ғана, іс сотқа кетеді», – дейді адвокат.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарына арыз жазған кезде міндетті түрде қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту тұрады. «Сондықтан жалған ақпарат бергені үшін әйел де жауапкершілікке тартылады. Жалпы, күйеуінің үстінен арыз жазып, айыппұл төлеткізіп, әрі қарай да сол өмірін бірге сүре беретін ерлі-зайыпты көп. Одан кейін бір-біріне сенім қала ма, жоқ па, өздеріне байланысты. Бұл – өмір ғой. Қазір бақытты жұп болып жүргендердің өзі де кезінде талай ұрысып, қырылысқан шығар», – дейді адвокат Ғазиз Ынтықбаев.

Психолог: «Абьюзер әйелден еркекті тез арада құтқару керек»

Бұл тұрғыда «Психолог шеберлік мектебінің» негізін қалаушы, директоры Күлмаш Елшібаева тұрмыстық зорлық-зомбылық екі жақтан да болатынын жеткізді. «Бұл жерде жәбірленуші және агрессормен кешенді жұмыс істеу керек» десе, психолог Айгүл Түзелбайқызының айтуынша, әр жағдайды жеке қарау керек.

«Жалпы, мұндай іс-әрекетке барған әйел өз өміріне риза емес екенін бірден айтуға болады. Тұрмысы, қарым-қатынасы мүлдем көңілінен шықпайды деген сөз. Әуелі соның себебін табу керек. Бұл жерде ол психологпен жұмыс істеуі қажет. Қазір психологтың көмегіне жүгінетін әйел көп.

Тұрмыс
Фото: ғаламтордан

Екіншіден, ол полиция шақырмаса да, қарым-қатынас бұзылғанын аңғару қиын емес. Сол мәселені саналы түрде отырып сөйлесіп, шешу тиіс. Әйтпесе, бұл жерде полиция шақырып, мың жерден айыппұл төлеткізсе де, әрі қарай бірге өмір сүру мүмкін емес. Бір-біріне деген түсіністік жоқ, сәйкестік аз. 12-13 жыл бірге тұрса да, тіпті 20 жыл өмір сүрсе де, солай жалғаса береді. Егер бір-біріне шыдай берсе, бұл да дұрыс шешім емес. Олар ұзақ шыдаған сайын айналасындағы қаншама адам зардап шегеді. Балалар да, ата-ене де, туыстар да. Әрине, отбасылық түйткілді жанжал шығармай талқылауға біздің халық дайын емес. Бір-бірінің бақытты болуына мүмкіндік беру жағына келгенде дамыған елдерге қарап, үлгі алуымыз керек. Ал әрі қарай сол өмір жалғаса берсе, балалар да психологиялық соққы алады. Бұл олардың көз алдында есейген шағында да тұрады. Болашақта өз өміріне де кері әсер етеді. Содан кейін бақытсыздық пайда болады. «Анасы бақытты болса, балалары да бақытты болады» деген бар емес пе?!

Тағы бір мысал айта кетейін. Осындай өмірге 20 жылдан артық шыдап келіп, жарасып кеткендер де бар. Тіпті, сонша уақыттан кейін балаларының өтініші бойынша ажырасып кетіп жатқан ерлі-зайыптылар да жетеді. Көп жағдайда балалар ата-анасының бетіне басып: «Осылай ырду-дырду өмір сүргенше, неге ертерек екі бөлек кетпедіңдер. Сендер өздеріңмен қоса, бізді де құрттыңдар ғой...» деген. Бұл жерде балалар ата-анасына алғыс айтып отырған жоқ, керісінше, өкпе-назын жеткізіп тұр. «Бұл мәселені ертерек шешкенде, біз бұлай өмір сүрмес едік, жағдайымыз басқаша болар еді» деуі мүмкін», – дейді психолог.

Сондай-ақ, психолог ажырасудан қорқақтайтын, өз өмірін сүріп кетуге бел буа алмайтын әйелдердің де бар екенін алға тартады. «Еркекке де обал. Егер бұл жерде абьюзер әйел болса, еркекті мұндай әйелден тез арада құтқару керек. «Шыдай беру керек» дегенмен мүлде келіспеймін. Сондықтан әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарап, өз бақыты үшін күресуі керек», – дейді Айгүл Түзелбайқызы.

Айта кету керек, биыл ішкі істер органдарына отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайы туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Ресми деректе соңғы бес жылда әйелдерге қатысты қылмыс саны екі есеге қысқарып, оның ішінде зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9 пайызға, кісі өлтіру – 49,3 пайызға, ауыр дене жарақатын келтіру – 8,7 пайызға азайыпты.

Ал әлгіндегі кейіпкер жеткізген жағдайға қарап, жақын арада «Заң тек біздің жақта, біздің ғана мүддені көздейді...» деп күйеуіне әңгіртаяқ ойнатып жатқан әйелдер мен солардан зәбір көрген еркектердің бөлек статистикасы шықпасына кім кепіл?!