Бір адамға байланған империя. ERG Машкевичсіз НЕГЕ өмір сүре алмайды?
Қазақстанның ірі активі саналатын, Люксембургте тіркелген трансұлттық холдинг – ERG (Eurasian Resources Group S.à r.l.) көп уақыттан бері қоғам белсенділерінің де, сарапшылардың да назарынан түспей келеді. Оның бір себебі, халықаралық холдинг көп нәрсені құпия ұстағысы келеді.
Әлемдегі және Қазақстандағы ірі компаниялар цифрлы дәуірдің ақпараттық ашықтық талаптарын әлдеқашан қабылдап, соның аясында жұмыс істеп жүр. Олардың қаржылық есептері ашық мәлімет базаларында, депозитарийлерде жарияланады. Осы орайда, Қазақстандағы ең ірі компаниялар тобы – ERG-дің НЕГЕ әлі күнге дейін өзінің қаржылық есебін сырт көзден жасырып жүргені түсініксіз.
-
Тақырыпқа орай: Біреуге ШОКОЛАД, біреуге ШАПАЛАҚ! Машкевичтер Қазақстан мемлекетін НЕГЕ балаша алдап келді?
Және бұл қазіргі басты тренд ESG-ге мүлде керағар қадам екені анық. ERG манипуляцияға салып, аудиттелген қаржылық есептің орнына Тұрақты даму бойынша есебін көрсететін болған. Бірақ Тұрақты даму бойынша есеп тек компания жетістіктері, экологиялық жұмыстары бойынша жалпы ақпаратпен шектеледі. Компанияның шынайы жағдайын, ішкі операцияларын тек қаржылық есептілік қана көрсете алады. Дәл осыған келгенде ERG әлденеден қорқатын сияқты. НЕГЕ?
Eurasian Resources Group S.à r.l. холдингінің 40 пайызы Қазақстан Республикасына, яғни мемлекетімізге тиесілі. Бірақ оның негізгі идеологы, бәрін біліп, бәрін басқарып отырған – олигарх Александр МАШКЕВИЧ. Ол Израиль бойынша ең бай адамдардың тізімінде алтыншы тұр. Осы дәулетті Александр Антоныч түгелдей Қазақстандағы қазба байлықтардан тапты. Мұнымен ешкім дауласа алмайды.
-
Тақырыпқа орай: ERG мен Ескі Қазақстан арасындағы 16 жылдық махаббат. Үкімет дивиденд туралы ақпаратты НЕГЕ жасырады?
ERG туралы біз көп жаздық. Холдингтің өзіне келетін болсақ, қазір тек 2021 жыл бойынша Тұрақты даму есебі ғана бар. Тіпті 2022 жыл бойынша жаңармаған. Оған сай, трансұлттық ERG выручкасы 8,5 миллиард доллар, еркін ақша ағыны 1,8 миллиард доллар болды. ERG-дің ең ірі өндірістік қуаты Қазақстанда орналасқан. Біздегі «Қазхром», Соколов-Сарыбай комбинаты, Қашары Руда, Қазақстан Аллюминийі, КЭЗ, Еуразиялық энергетикалық корпорация, Шұбаркөл көмір, Үшінші энергоорталық пен Транском компаниялары осы ERG құрамына кіреді.
Империя тым үлкен және олардың арасындағы қаржылық операциялар есепсіз. Бір қызығы, оның Қазақстандағы кәсіпорындары өздерінің мүліктерін кепілге қойып, банктерден қарыз алады да, ақшаны бас кеңсеге, Люксембургке жіберіп отырады. Және олар бір-бірінен қарыз алады, қарыз береді. Араларында қым-қуат операциялар жүріп отырады. Осы қаржылық ағындарды құрған, оның не үшін жасалғанын білетін, реттеп отырған бір ғана адам бар. Ол – Александр Машкевич. Егер оған алда-жалда бірдеңе болса, ERG өзінің табысты қызметін жалғастыруға дайын ба? Себебі, оның қызметіне, банкроттыққа ұшырамауына көп нәрсе байланысты. ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарында 64 мың адам жұмыс істейді. Егер ERG жабылса, 64 мың адамды қайда жібереміз?
Біз Александр Машкевичтің денсаулығы туралы соңғы ақпаратты білеміз. Бірақ редакцияның этикалық нормаларына сай, оны жария қылмаймыз.
2022 жылы ERG Қазақстан бюжетіне 410 миллиард теңге аударды. 30 миллиард теңгені «Қазақстан халқына» қорына берді.