Air Astana болашағы енді тұманды. Акционерлер НЕГЕ заттарын жинай бастады?
«Air Astana» ұлттық компаниясы бойынша Қазақстан үкіметінің 25 жыл бойғы серіктесі – BAE Systems қор нарығындағы біршама қолайлы сәтті пайдаланып, әуе компаниясының өзіне тиесілі үлесінен 10,1% сатып жіберді. Британ акционерлерінің кетуі әуе компаниясының қаржылық жағдайының нашарлай бастауымен тұспа-тұс келіп отыр.
BAE Systems 10,1 пайыз акцияларды депозитарлы қолхат ретінде 5,8 долларға сатқан. 9 миллион дана ГДР сатылғанын ескерсек, бұдан британдық компания 52,2 миллион доллар тапты. Енді BAE Systems-тің қолында «Air Astana» АҚ акцияларының 6,9 пайызы ғана қалды. Британдықтар тек миноритарлық акционер ретінде отырып, Питер Фостердің кетуімен ұлттық компанияның операциялық жұмысына енді араласпайтын болады.

1 ГДР – 4 жай акцияға тең. 5,8 долларды бүгін Қазақстан қор биржасында тіркелген нарықтық бағам – 513,55 теңге межесімен есептесек, әр акцияның теңгелей құны 744,64 теңге болып шығады. BAE Systems операциясынан кейін Қазақстан қор биржасында Air Astana жай акцияларының құны 5,99%-ға, ал Лондон қор биржасында ГДР бағасы 5,08%-ға құлдыраған. Қазір отандық биржада бір акция 809,40 теңгені көрсетіп тұр. Осыдан BAE Systems бұл акциялардан тез құтылуға тырысқанын, тіпті арзанырақ бағаға да келіскенін көруге болады. НЕГЕ?
Қазір «Air Astana» акционерлік қоғамының қаржылық жағдайы күрделі деп айтуға болады. Соңғы үш жылда компанияның табысы артқанымен, таза кірісі жыл санап құлдырап келеді. Біз оған әр жыл сайын назар аударып, жазып келеміз. Жақында әуе компаниясының биылғы 9 айдағы көрсеткіштері жарияланды. Соған сәйкес, EBITDAR көрсеткіші 17%-ға төмендеп, 105,2 миллион доллар болған. Өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 126,7 миллион доллар болып тұрған. Ал таза пайда 56,5%-ға қысқарған. Бұл – өте ауыр жағдай.

9 айдың ішінде ұлттық компанияның таза кірісі небары 20,6 миллион долларды көрсетіп тұр. Бұл 10 миллиард теңгенің ар жағы мен бер жағы ғана. Мысалы, Kaspi мұндай таза пайданы тоғыз күннің ішінде табады. Сонда биыл Air Astana-ның таза кірісі шамамен 13-14 миллиард теңге болады деп болжаймыз. Мұндай сомадан мардымды дивиденд алудың өзі мүмкін емес. Британ акционерлерінің тезірек кетуге шешім қабылдағанын осы жайтпен түсіндіруге болады.
-
-
Тақырыпқа орай: Выручка өседі, таза кіріс құлайды. Air Astana-ға НЕГЕ сұрақ көп?
-
Компанияға екінші жақтан да қауіп төніп тұр. Кірістің азаюымен бірге Air Astana-ның қарыз левериджі артып келеді. Топтың таза қарызының EBITDAR-ға қатынасы 1,33 коэффицентіне дейін өсті. Былтырғы 9 айда осы арақатынас 1,28 деңгейінде болған еді.
Ал бұл – АҚШ-тан келуі тиіс Boeng лизингтері әлі басталмай тұрғандағы жағдай. Ертең Boeng лизингтері компания мойнына ілінгенде, осы қарыз левериджі тағы артатын болады.
Бірден күрт өсетін қаржылық міндеттемелер Air Astana-ның жағдайын одан сайын ушықтыра түспек. 2026 жылы әуе компаниясы тіпті плюске шығып, бір теңге болса да таза кіріс көрсете ала ма, ол жағы үлкен сұрақ туғызады. Себебі амортизация, «Pratt & Whitney» авиамоторларының бітпейтін мәселелері, ұлғайып жатқан лизингтік төлемдер, авиаотынның қымбаттауы компанияны тізерлетуі мүмкін. Оның үстіне, тәжірибелі Питер Фостер де жоқ.

Осы ретте, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, зейнеткерлерге обал болды. 2024 жылғы IPO кезінде БЖЗҚ құны өседі деген оймен зейнетақы активтерінің есебінен «Air Astana» компаниясының 23 168 975 жай акциясын 24,9 миллард теңгеге сатып алған болатын. Бір акция құны сол кезде 1073,83 теңгеге бағаланған.
Қазір Air Astana-ның бір жай акциясы 809,40 теңге шамасында сатылып жатыр. Сонда зейнетақы қоры әр акциядан 264,43 теңге жоғалтты. Бұл – 6,12 миллиард теңге. Акциялардың енді қымбаттайтыны күмән туғызады. Ал арзандай берсе, қазақстандық зейнеткерлердің шығындары одан сайын ұлғая түспек.