«Партияларды саудагерлер мен көпестер басқармауы тиіс» – ЖСДП
Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) кезектен тыс XXV съезі өтті. Партия Құрылтай депутаттығына 33 кандидат ұсынбақ.
Астана, NEGE. Партияның кандидаттар тізіміне ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов, оның орынбасары Тазабек Самбетбай, Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұрлан Әуесбай енді.
ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов партияның неліктен 33 кандидат ұсынғанын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл шешім партияның сайлаудағы мүмкіндігін саралап, өткен науқандардағы тәжірибені ескере отырып қабылданған.
«Жағдайды саралай келе, өз болжамдарымыз бен мүмкіндіктерімізді бағамдай отырып және сайлау науқандарына қатысудағы өткен тәжірибемізге сүйеніп, біз белгілі бір нәтижеге үміт артамыз. Бүгінгі таңда жинақтаған көрсеткіштерімізді және жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты саяси партиялар арасындағы бәсекелестіктің артқанын ескерсек, әрине, барлық партиялар барын салып күресетіні анық. Осы орайда біз шамамен 10–15% дауыс жинаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Рақымжановтың сөзінше, ЖСДП ұсынған тізімде өзге партиялардың тізіміндегідей әртістер мен шоумендер кездеспейді. Кандидаттардың дені көпжылдық еңбек тәжірибесі бар партия мүшелерінен тұрады.
«Біздің партиялық тізімдегі азаматтар – нағыз істің адамдары. Олар – көпжылдық еңбек тәжірибесі бар партия мүшелері. Өздеріңіз байқағандай, өзге партиялардың тізімдеріне ұқсап, бізде әртістер, шоумендер немесе тележүргізушілер жоқ. Бұл кісілер халықпен тікелей «бетпе-бет» жұмыс істеп, халықтың арасында жүргендіктен, өмірлік өзекті мәселелерді ішінен біледі. Сол себепті біз бұл тізімге толықтай сенім артамыз және осы азаматтармен бірге жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол.

Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси оппоненттер бір-бірінің ұстанымдары мен идеологиясын сынға алуын тоқтатар емес. Күні кеше ҚХП-ның бұрынғы басшысы Ермұхамет Ертісбаев Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атауы оның нақты саяси салмағына сәйкес келмейді деп мәлімдеген болатын. Ал ЖСДП өз кезегінде, партияның социалистік бағытына қатысты айтылған пікірлерге былай жауап берді.
«Социалистік интернационал бар. Бұл – БҰҰ жанындағы консультативтік мүше мәртебесіне ие, 80-нен астам елдің 120-дан астам партиясының басын біріктірген ең ірі халықаралық, партияаралық ұйым. Біз оның толыққанды мүшесіміз, ал мен осы ұйымның вице-президентімін. Президенті – Испания премьер-министрі Педро Санчес. Біз осындай беделді халықаралық ұйым тарапынан мойындалған партиямыз.
Ал егер оппоненттеріміз өздерін социалист санаса, олар бұл ұйымға мүше емес. Оның үстіне, оларда жақында басшылық ауысты. Кеше мен олардың тізімін қарап шықтым: бұл партия әлдеқашан социализм идеяларынан алшақтап кеткен. Басшылықтың ауысуы, съездің өту барысы және ұсынылған тізімдеріне қарап, оларда социализмнің біржола аяқталғанын көруге болады», – деді партия төрағасы.
Съезд барысында сөз сөйлеген партия төрағасының орынбасары Тазабек Самбетбай да өзге партиялардың басшылығында бизнес өкілдерінің көбеюіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бизнес басымдыққа ие болған кезде тепе-теңдік сақталмаса, қарапайым халықтың, тұтынушының мүддесі қорғалады дегенге сену қиын.
«Мен бұл сөз тіркесін қолданудан жалықпаймын. Партияларды саудагерлер мен көпестер басқармауы керек. Шынайы ел ішінен шыққан азаматтар басқаруы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар Тазабек Самбетбай елдегі социал-демократиялық идеяларға қоғамдық сұраныс жоғары екенін де айтты. Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) 2024–2025 жылдардағы тәуелсіз зерттеулерінде респонденттердің 65 пайызы социал-демократиялық құндылықтарды, экономикалық доктриналарды және әлеуметтік саясатты қолдайтынын көрсеткен.
ЖСДП съезінде бұдан бөлек «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Құжат әділетті мемлекет, адам игілігіне қызмет ететін экономика, лайықты өмір сүру сапасы және цифрлық дәуірдегі технологиялық даму бағыттарын қамтиды.