Ертістің ластанбағанын көрсету үшін Павлодар облысының әкімі өзен суына шомылды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Ертістің суы ластанған» деген қауесетке жауап беру үшін өзенге өзі түсуді ұйғарған. Ол Павлодардың орталық жағажайынан тікелей эфирге шығып, өзен суына шомылғанын көрсетіп, тұрғындардың сөзін теріске шығарды.
Астана, NEGE. Өңір басшысының айтуынша, судың лай көрінуі ластанудан емес, қатты ағыс салдарынан өзен түбіндегі құмның көтерілуінен болған.
Ол Ертістің жылдық су ағыны шамамен 32 млрд текше метр болатынын, ал тәулігіне өзен арқылы шамамен 80 млн текше метр су ағып өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай күшті ағыс судың тұрып қалуына жол бермейді. Ертіс суының негізгі бөлігі Қазақстан, Ресей және Моңғолия шекаралары түйіскен Алтай тауларынан бастау алады.
Тікелей эфир барысында әкім желі қолданушыларына алақанымен суды алып көрсетіп, өзенге басымен сүңгіді.
«Міне, суға қараңыздаршы, мұндағы су тамаша», – деді Байханов.