26 Желтоқсан 15:51
...

Әнипа Назарбаевамен байланысы бар делінген бизнесмен қамауға алынды

albastroydor.kz
Фото: albastroydor.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі «Кенжехан» базарының қазіргі басшысы Сергей Кимнің «АрселорМитталТеміртау» компаниясынан құны 1,8 миллиард теңгеден асатын өнімнің ұрлануына байланысты ұсталғанын растады.

Астана, NEGE. Агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжан «АрселорМитталТеміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша «АлбаСтройДор» ЖШС-нің директоры Кимге қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, 2015 жылы «АрселорМиттал Темиртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығынсыз домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған. Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдалана отырып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру тәсілін ұйымдастырған.

«Ұрланған мүлікті кедергісіз шығару мақсатында қылмыстық схемаға өзара байланысты күзет ұйымы – "Күзет" ЖШС тартылған, оның қызметкерлері автокөліктердің іс жүзінде бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен. Ұрланған мүлікті С.Н.Ким өз бақылауындағы "ГлобалСпецТорг" ЖШС және "ЦентрОптСнаб" ЖШС арқылы заңдастырған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған», – делінген ҚМА хабарламасында.

Күдікті Ким 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Кейбір басылымдар Сергей Кимнің он жыл бұрын болған іс бойынша қамауға алынуын Әнипа Назарбаевамен арасында байланыс бар деп отыр.

Elmedia басылымының жазуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін Әнипа Әбішқызы өзінің күйеу баласы – Алматы облысының бұрынғы прокуроры Азамат Жылқыбаевтың көмегімен «Кенжехан» базары бойынша жалған сатып алу-сату шартын рәсімдеген. Құжат жүзінде сатып алушы ретінде «Митра Консалтинг» ЖШС көрсетілген, ал оның иелері экс-прокурордың жұбайы мен жақын досы – Эльмира Жылқыбаева мен Сергей Ким.

Сергей Кимнің қазір қамауға алынуы оған қатысты басқа да істердің қайта қаралуына, соның ішінде «Кенжехан» базарына байланысты істің ашылуына, сондай-ақ Әнипа Назарбаеваға дейін жетудің бір жолына айналуы мүмкін.