26 Желтоқсан 17:00
...

«Элиталық эскорт» ісі: Айка Love видеоүндеу жасады

instagram.com/loveaika
Фото: instagram.com/loveaika

Айка Love лақап атымен танылған блогер Айғаным Мырзахметова жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған соң алғаш рет әлеуметтік желі арқылы оқырмандарына видеоүндеу жасады. 

Астана, NEGE. Видеоүндеуінде ол бұған дейін басынан өткен жағдайға байланысты пікір білдіре алмағанын, қазір өз ұстанымын өзі жеткізуді жөн көргенін айтады.

«Сәлеметсіздер ме! Менің атым Айка, жасым 27-де. Көп жылдан кейін алғаш рет қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына жеке өзім жүгінгім келіп отыр. Өмірімнің соңғы кезеңі сынақтарға толы болды, болып жатқан жайттарға түсініктеме бере алмадым. Қазір пробацияда жүрген кезімде заңда белгіленген барлық талапты сақтай отырып, қысқаша түсініктеме беруге құқығым бар», – дейді блогер.

Ол бұл үндеудің мемлекеттік органдарға немесе билік өкілдеріне қатысы жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ өзіне қатысты көптеген ақпарат тарағанын айтты. Айтуынша, ол ақпараттардың біразы шындыққа сәйкес келмейді немесе біржақты беріліп жатыр.

«Бүгін мен тек өз өмірімді қалпына келтірумен айналысып жатқанымды айтқым келеді. Баламды тәрбиелеп, алдағы уақытта адал әрі саналы түрде алға жылжуға тырысамын», – деп қосты Айка.

Үндеуінің соңында ол журналистерден «құқықтық шектеулерін» ескеріп, жарияланған мәлімдемені дұрыс әрі сауатты пайдалану жөнінде өтініш білдірген.

Айта кетейік, Айғаным Мырзахметова 2024 жылы «элиталық эскорт» ісі бойынша 6,5 жылға сотталған. Алайда Абай облысының Жарма аудандық соты оның жазасын орындауды екі жылға кейінге қалдырды.