26 Желтоқсан 14:39
...

Қазақстанда жекеменшік мектептердің жабылатыны рас па?

Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Оқу-ағарту министрлігі өкілінен жекеменшік мектептердің жабылатыны жөніндегі желіде тараған ақпарат қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

Астана, NEGE. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіровтің мәлімдеуінше, барлық білім беру ұйымдарының қызметі қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеледі.

«Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңы барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан бірыңғай құқықтық алаңда қызмет ететінін белгілейді. Жекеменшік мектептер де мемлекеттік мектептер сияқты ережелер мен талаптарға сәйкес лицензиялаудан өтеді, мемлекеттік аттестаттаудан өтеді және бақылауға алынады. Бұл шаралар, жалпы алғанда, білім беру сапасына қойылатын міндетті талаптарды сақтау, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған», – деді Әшіров өз жауабында.

Оның айтуынша, Қазақстанда жеке мектептерді жабу мәселесі қаралып жатқан жоқ.

«Жекеменшік мектептердің қызметі тек заңдарда нақты көрсетілген жағдайларда ғана, соның ішінде анықталған заңбұзушылықтар жойылмаған кезде тоқтатылуы мүмкін. Мұндай шешімдер тек заңда белгіленген тәртіппен қабылданады және, тағы да атап өткім келеді, меншік нысанына байланысты емес. Осыған байланысты Қазақстанда жекеменшік мектептерді жабу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ және қарастырылып та жатқан жоқ», – дейді Комитет төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстанда жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты өзгерістер енгізілді. 2026 жылдан бастап барлық жекеменшік мектеп жаңа цифрлы жүйеге көшіп, мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрі бір сервиске енгізіледі.