13 Наурыз 14:43
...

Биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады

Наурыз мерекесі
Фото: ғаламтордан

Оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев хабарлады.

14 наурыз күні – Көрісу күні - Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады. 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілмек. 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

«14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарлануда», - деді ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев ОКҚ алаңында.

Ал, Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

«Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған», - деді спикер.