26 Желтоқсан 17:29
...

«Жинақтың әр томына, әр бетіне жауап бере аламын» – Мәмбет Қойгелді

Алаш
Фото: NEGE

Бүгін Алашорда тарихына қатысты «Алашорда ісі 1920-1940. Құжаттар мен материалдар» 12 томдығының таныстырылымы өтті. 

Жиынға тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы, ғылыми топтың жетекшісі Мәмбет Қойгелді мен ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Рамазанқызы қатысты.

Г.Рамазанқызы 12 томдық жинақтың екі жылға толмайтын қысқа мерзім ішінде құрастырылғанын, ғалымдар мен архив қызметкерлері ауқымды жұмыс атқарғанын, жинаққа енбеген әлі талай құжаттар бар екенін айтты.

– Алаш қозғалысын Ұлттық қозғалыс ретінде қарастыруымыз керек. Бұл еңбек соның бір парасы. Жинақтың әр томына, әр бетіне жауап бере аламын. Өйткені қай томға қандай құжаттар енуі керек екенін, жинақтың тұтастай концепциясын өзім жасап шықтым. Жұмыс осымен бітті деуге болмайды. Жинаққа енбеген, зерделенбеген құжаттар әлі де көп. Біз жұмысты жалғастыра береміз, – деді Мәмбет Қойгелді.

Спикерлер бұл жинақтың жарық көруіне мемлекет үлкен қолдау көрсеткенін атап айтып, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринге алғысын жеткізді.

Алаш
Фото: NEGE

Ғылыми топ жетекшісі Мәмбет Қойгелдіге NEGE тілшісі: «Аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарғандарыңызға куә болдық. Шынайы тарихымызды өзіміз жаза бастағанымыз да қуантады. Дегенмен бұл кейбіреулерге ұнамайтын сыңайлы. Аталған жинақты құрастыру барысында қандай да бір кедергілер, қарсылықтар болды ма?», – деген сұрақ қойды.

– Бізге ешқандай кедергі болған жоқ. Өйткені бізге мемлекеттің өзі қолдау жасады. Ал енді әлгіндей пікірлерді естіп те, көріп те жүрміз. Біздің еңбегімізді оларға берілген жауап деуге де болады, – деп жауап берді М.Қойгелді.

Көптомдықтың ресми тұсаукесері алдағы жылдың басында өтеді.