26 Желтоқсан 18:14
...

«Біз мұны ұмытпаймыз!» – Әзербайжандық әріптесіміз NEGE арқылы қазақ халқына алғыс айтты

Әзербайжан
Фото: report.az

Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer-190 ұшағынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды. Осы қайғылы оқиғаға орай, бүгін Әзербайжан мемлекеті азалы күн жариялады. NEGE тілшісі туысқан елдегі ахуал туралы Media.Az ақпараттық порталының директоры, бас редакторы Джамиля Алекперовадан сұраған еді.

– Джамиля, ұшақ апатынан қаза тапқандарға байланысты Қазақстан халқы атынан қайғырып көңіл айтамыз...

– Көңіл айтқаныңызға, рақмет. Біз Қазақстан еліне алғыс айтамыз. Ұшақ апатынан аман қалғандар үшін қан тапсырып, бар көмегін беріп жатыр.

– Ақтауда болған ұшақ апатының себептері жайлы түрлі пікір айтылуда. Тіпті, әуеде оқ тиген деген болжам бар. Бұл туралы Әзербайжан үкіметі не деп жатыр?

– Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда Embraer әуе кемесінің сыртындағы зақымдар ракеталық соққы іздеріне ұқсайтыны айтылды. Бірақ мұны Қазақстанның ақпарат құралдарынан оқып, біліп отырмыз. Алайда, Әзербайжан үкіметі әлі ештеңе айтпады. Дәл қазір оқиғаға қатысты қандай да бір толық мәлімет беру мүмкін емес. Оның үстіне негізгі тергеу амалдары Қазақстанда жүргізілмек. Бізде ешқандай болжам жоқ. Керісінше, ақпаратты сіздерден алсақ па деймін. Біздің біліп, көріп отырғанымыздың бәрі жергілікті әріптестеріңіз түсірген, жазған бейнежазбалар, ақпараттар ғана. Бүгін ғана Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі түсірген кадрларды алдық. Сондықтан ел үкіметі де өз нұсқасын айтқан жоқ.

Ақтау
Фото: ғаламтордан

– «Әзербайжан мен Ресей тергеуге қосылуға өтініш білдірді» деген еді...

– Мұны да Қазақстанның ақпарат құралдары жазыпты. Бірақ мұндай ақпарат Әзербайжан тарапынан ресми түрде хабарланған жоқ. Яғни, «Әзербайжан тергеуге қатысуға ұсыныс білдірді. Бірақ оны қабылдаған жоқ» деген мәлімет жарияланбады. Қазіргі кезде Әзербайжан ТЖМ қызметкерлері, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының өкілдері сол жақта. Дегенмен, қара жәшік кешкісін ғана табылды. Сондықтан нақты дерек алдағы уақытта айтылуы керек. Сосын оны Қазақстан тарапы ғана ашып, тексереді. Себебі, негізгі тексеруді Қазақстан мойнына алып отыр.

– Бұған дейін Әзербайжанда дәл осындай қайғылы оқиға болды ма?

– Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшақтары туралы айтатын болсақ, бұған дейін осындай екі қайғылы оқиға болды. 1995 жылы 5 желтоқсанда Нахчыван-Баку жолаушылар рейсін орындаған Azerbaijan Airlines әуе жолдарының Ту-134В-3 (тіркеу нөмірі 4K-65703) ұшағы Нахчыван маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақ ұшып кету әуежайына қайтып оралмақ болған кезде опат болды. Борттағы 82 адамның 52-сі қаза тапты.

Ал 2005 жылы 23 желтоқсанда Бакуден Ақтауға (Қазақстан) 217 ​​рейспен ұшатын Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Ан-140-100 (тіркеу нөмірі 4K-AZ48) жолаушылар ұшағы Баку маңындағы Каспий теңізіне құлады. Борттағы 23 адамның барлығы қаза тапты. «Апат құралдың істен шығуына байланысты болды» деп айтылды.

– Қаза тапқан жолаушылардың отбасына қандай көмек көрсетіледі?

– Әзірге нақты қандай көмек көрсетілетіні туралы ақпарат жоқ. Бірақ Әзербайжан президентінің барлық қажетті көмекті көрсету туралы бұйрығы бар. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев кеше Бакуден Грозныйға ұшатын Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру үшін Мемлекеттік комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды.

Әзербайжан
Фото: АЗЕРТАДЖ

Құжатқа сәйкес, 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған әуе апатының себептерін анықтау және тиісті шаралар қабылдау үшін комиссия құрылды. Оның құрамына Үкімет мүшелері кірді. Мемлекеттік комиссия апаттың себептерін тез арада зерттеп, Әзербайжан президентіне есеп беруі, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына тиісті көмек көрсетуді қамтамасыз етуі, қаза болған және зардап шеккен шетелдік азаматтарға қатысты мәселелерді шешуі тиіс. Сондай-ақ, апаттың салдары туралы және халықты комиссияның қызметі туралы жүйелі түрде хабардар ету жүктелді.

– Елде Азалы күн қалай өтті?

– Бакуден Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандарға байланысты 26 желтоқсанда Әзербайжанда қаралы күн жарияланды. Тиісті бұйрыққа Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қол қойды.

Бакудегі Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайда осы жантүршігерлік трагедия құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық бұрыш құрылды. Мұнда адамдар гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды еске алу үшін келді. Аза тұтуға байланысты Әзербайжанның барлық мешіттерінде ұшақ апатында қаза тапқандардың рухына арнап дұға оқылды. Сондай-ақ, еліміздегі телеарналар мен радиостанциялар хабар тарату кестесіне өзгерістер енгізді. Ойын-сауық бағдарламалары, көңілді әуендерді алып тастады. Яғни, апаттан қаза тапқандарды бүкіл ел жоқтады.

Баку уақытымен сағат 12:00-де Әзербайжан аумағында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аза тұту белгісі ретінде мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Бакудегі түрлі елдердің дипломатиялық өкілдіктерінде де тулар түсіріліп, көңіл айту кітапшалары ашылды.

Ойын-сауық орындарында, кафелер мен мейрамханаларда мерекелер мен басқа да ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылды. Сонымен қатар, 26 желтоқсанға жоспарланған барлық мәдени және спорттық шаралар кейінге шегерілді. Кешеден бері Әзербайжан AZAL ұшағының апатқа ұшырауына байланысты түрлі елдердің мемлекет басшыларынан, ресми тұлғалардан және халықаралық қауымдастықтан көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр.

Сондай-ақ, қазақстандық тарапқа дер кезінде көрсетілген қолдау мен көмек үшін әзербайжан халқының және әріптестерімнің атынан алғыс айтамын. Біз мұны ұмытпаймыз!