Безбенде тұрған тіршілік. Қуаңшылықтың кесірі мұңнан ауыр
Біршама уақыттан бері отандық БАҚ-та, әлеуметтік желіде тоқтаусыз талқыланып жатқан қуаңшылық екені белгілі. Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы қуаңшылыққа ауа-райының ыстық болуы, Сырдария өзенінің тартылуы себеп дедік. Қазақтың «Жұт жеті ағайынды» дегені тегін емес іспетті. Күні кеше «малға азық» деп дайындалған 3000 орам шөп өртеніп кетті.
Оқиға Жаңақорған ауданына қарасты М.Нәлібаев ауылдық округінде болған. Жергілікті шаруа қожалығының аумағындағы ашық алаңда жиналған шөп өртенген.

«Шөптің жалпы саны 3000 рулонды құрайды. Ол шамамен 1200 тоннаға жуық. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінен 13 қызметкер 3 автокөлікпен барды. Олардың күшімен сағат 23.30-те оқшауланып, 00.30-те толығымен сөндірілді», – деді департаменттен.
Осындай қысылтаяң шақта орам емес түйір шөптің қажеті бары анық. Әзірге өрттің неден болғаны анықталмаған. Не де болса, осы оқиғадан кейін барлық шаруа қожалықтары мен шаруалар өнімге аса тиянақтылықпен қарайтын шығар. Әйтпесе, ала жаздай еткен еңбектің күл болғаны шаруаның жігерін құм қылып кетері анық.
Қуаңшылықтың кесірі
Қуаңшылық бір қарағанда аса қауіпті мәселеге ұқсамайды. Бірақ, тарихқа үңілсек, оның қаншалықты маңызды болғанын аңғарамыз. Тіпті, миллиондап адам қырылып, әлемге миллиард долларлап шығын әкелген кезеңдер болды.
Соның бірі Иллинойсе штатында 1988-1989 жылы болған қуаңшылық. Бұл АҚШ тарихындағы ең ауыр өткен қуаңшылықтың бірі. Мемлекетке 60 миллиард доллардан астам шығын әкелді. Штаттағы жүгері алқаптары түгел қурап, аптап ыстықтан мыңдаған адам көз жұмды.

Тағы бір тіршілік тұралауға шақ қалған ел Испания. 2014 жылы соңғы 150 жылда болмаған ауыр апат болды. Сол кезде сарапшылар, Испания ішуге жарамды су қорынан түгелдей айырылып қалады десті. Ал, әлемде зәйтүн майының тапшылығы сезілді.

1829 жылы Аустралияның батыс бөлігінде қатты қуаңшылық болды. Бұл апат бір де бір шаруаға өнім өсіруге мүмкіндік бермеді. Егіс алаңындағы барлық өнім тамырымен қоса қурап кетті. Тұрғындар болса Батыс Аустралияны тастап, тіршілік үшін жаңа жер іздеуге мәжбүр болды. Ал, жабайы жануарлар арам өлді.

Қуаңшылық 1888 жылы Африка халқын аяусыз қырды. Мемлекет онсыз да су тапшы жерде орналасса да сол жылы мүлде жауын болмай аштық басталды. Эфиопия, Судан мен Сомалидің миллионға жуық тұрғыны аштықтан көз жұмды.

Үндістандықтар да қуаңшылықтың ең ауыр зардабын шеккен. Аптап ыстық пен егіннің қурап кетуінен 1630-1632 жылы 2 миллионнан астам адам қаза тапты.

БҰҰ үндеу жасады
Өткен айда БҰҰ-ның мамандары XXI-ғасырда 1,5 миллиард адам қуаңшылықтың зардабын шекті деп мәлімдеді. Ал, экономикалық шығын 124 млрд доллардан асып кеткен. Сарапшылардың ойынша, адамзат дамуына әсер еткен қуаңшылықтың зардабы бұл деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін.
P.S: Адамзатты бірнеше жылдан бері әбігерге салған коронавирусқа қарсы екпе, вакцина ойлап табылды. Ал, қуаңшылыққа қарсы ешқандай вакцина болмайтыны белгілі. Демек, Қуаңшылықтың кесірі мұңнан ауыр болуы мүмкін. Безбенде тұрған тіршілік тұралатпай, сұрауы бар судың өзін үнемдеп жұмсағанымыз абзал.