12 Сәуір 20:38

Берік Беркімбаев: Бүгінгі қоғам мемлекеттік қызметшілердің әдепті әрі адал болуын талап етеді

Фото:

Қазіргі қоғамдағы жастар арасында ойын еркін жеткізе алатын, дегеніне жетуге талпынатын жас буын өсіп келе жатыр. Олардың арасында мемлекеттің қызметтерге араласып, жақсы нәтиже көрсетіп жүргендері де бар. Мемлекеттік қызметке араласпастан бұрын олар Әдеп кодексімен танысып, еліне адал қызмет етуге бекінеді. 

Бүгінде мемлекеттің қызметшінің қоғам алдындағы статусы қандай? Әдеп кодексіндегі өзгерістердің нәтижесі қандай болмақ? Тілшіміздің осы сауалдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев жауап берді. 

 

Б.Беркімбаев

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Сол туралы айтып өтсеңіз, не өзгерді?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипатқа ие болып, қоғамға бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өткен болатын. Осыған байланысты мемлекеттік аппарат жүйесі де қоғамның талабына сай өзгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі, кәсіби деңгейі мен олардың адами қасиеттері өзара үйлесім табуы керек. Жаңадан қабылданған Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің бойына осындай құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Бұл Кодекс ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын нақтылап, мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді сіңіруді басты мақсат етеді.

Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттарымен бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылды. Енді мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары өз алдына жеке қарастырылады.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуі тиіс. Міне, осы және өзге де талаптар жаңа редакцияға енгізілді. Сонымен қатар, олар бұрынғыдай қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстануға және қоғамға жат мінез-құлық танытуына жол бермеуі тиіс.

Дегенмен де әрбір мемлекеттік қызметші бірінші кезекте – сол қоғамның мүшесі. Ол Конституцияда, басқа да заңдарда көзделген құқықтар мен міндеттерге ие мемлекетіміздің азаматы екендігін ұмытпауымыз қажет. Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге де қоғамның өзге мүшелері сияқты көңіл көтеруге, демалыс орындарына баруға, белгілі бір хоббиімен айналысуға тыйым салынбаған. Алайда, мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып, әдеп нормалары шегінен шықпауы тиіс. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысы бақылаусыз қалады деген сөз емес. Агенттік пен Әдеп жөніндегі уәкілдердің, сондай-ақ қоғамның тарапынан да бақылау күшеймесе, азаймайды.

Айтпағым, мемлекеттік қызметшінің қызметтен тыс уақытта жасаған құқықбұзушығы әдептілік стандартына қайшы келсе, тәртіптік жазаға тарту мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Жалпы айтқанда, Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте мәдениетті қарым-қатынасты қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлқының алдын алуға бағытталған.

– Мұндай өзгерістерге нақты не себеп болды?

– Президент биылғы Жолдауында «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндетті» екенімізді баса айтты. Осы орайда мемлекеттік қызметшілерге әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сай  болуға, адалдық пен ашықтық принциптерін басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби деңгейде көрсетуге, яғни «ел игілігіне қызмет» қағидасын ұстанып, жеке бастың пайдасын ойламай, халықтың мүддесі үшін жұмыс істеу міндеттері қойылған.

Бұл тұста мемлекеттік қызметшілер маңызды шешім қабылдау процесіне қоғам өкілдері мен сарапшыларды тартып, кез-келген сынға ашық болуы керек, атқарушы органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуі тиіс.

Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Біз қоғамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруымыз қажет. 

Бүгінгі қоғам мемлекеттік қызметшілердің білікті, әдепті, адал әрі мәдениетті болуын талап етеді. Мұның барлығы айналып келгенде, мемлекеттік қызметшінің моральдық-адамгершілік бет-бейнесін жасайды, олардың әдептілік деңгейін көрсетеді.

Осыған сәйкес, жаңа Әдеп кодексін қабылдаудың басты себебі қоғамға бағдарланған кәсіби мемлекеттік аппарат құру барысында бірқатар талапқа сай қызметшілерді қалыптастыру және мемлекеттік басқарудың құндылықтарын қайта айқындау деуге болады.

– Мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидаттары қандай?

– Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенім. Осы себепті қызмет барысындағы  әдептілікке жоғары талап қойылады.

Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеті мен функциясын заңға сәйкес барынша адал және тиімді орындайды деп үміттенеді. Осыған орай халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін нығайту мақсатында әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруы керек.

Осы үшін жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын жаңа тарау енгізілді.

Кодексте мемлекеттік қызметтің 6 әдептілік қағидаты айқындалды: адал ниеттілік, әділеттілік, ашықтық, адалдық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Мемлекеттік қызметші өз міндетін орындау кезінде осы қағидаттарды басшылыққа алуы тиіс. Бұл ретте «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар қарастырылған.

Қысқасы, жаңа қағидаттарға сәйкес, мемлекеттік қызметші қоғаммен жұмыс істеуге дайын екенін, қызметінің ашықтығын көрсетіп, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуге және азаматтардың өтінішін қарау кезінде халықты әуре-сарсаңға салмауы тиіс.

Нақтырақ айтқанда, Жаңа кодекс мемлекеттік қызметшінің халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, уақытында үн қатып, қоғамның сұранысына сай ашық қызмет көрсетуін талап етеді.

– Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары да өзгерді ме?

– Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Оның ішінде қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімі нақтыланды.

Толығырақ атап өтсек:

- қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу, материалдарды комиссияда қарау және тәртіптік жаза қолдану тәртіптері нақтыланды; 

- Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясына облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері орынбасарларының, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандары мен қала аудандары әкімдерінің, облыстардың әкімшілік орталықтары саналатын қала әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ, облыс әкімі аппараты басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарауға өкілеттік берілді.

Осылайша, өңір әкімдерінің біреуді тәртіптік жазаға тарту шешімдерінің ықпалы жойылады.

- тәртіптік комиссия отырыстарын бейнеконференцбайланыс режимінде өткізу мүмкіндігі, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезеңінде қызметтік тергеу жүргізу мерзімін тоқтата тұру мүмкіндігі қарастырылды. Осыған ұқсас өзгерістер «Әдеп жөніндегі кеңестер» туралы ережеге де енгізілді. Сондай-ақ, Кеңестердің қызметін ұйымдастыруды оңтайландыру мақсатында енді мүшелердің көпшілігі қатысқан жағдайда ғана Кеңес отырысы толыққанды түрде өтті деп саналады (бұрын мүшелердің 2/3-і қатысқанда ғана отырыстар заңды болатын, тәжірибеде мұндай кворумды қамтамасыз ету жекелеген кезеңдерде қиындық туғызатын);

- орталық және жергілікті органдардың дербес әдеп жөніндегі уәкілдерінің тәртіптік жауаптылығын қарау нақтыланды. Енді мұндай материалдарды агенттіктің алқалық органдары қарайтын болады.

Енді ауыл әкімдері сайланатынын ескере отырып, тиісінше объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында мұндай лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауаптылығын қарайтын тәртіптік комиссия құрамына мәслихат депутаттары мен жергілікті қоғамдастық өкілдері енгізілуі тиіс.

– Мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексінен қандай нәтиже күтесіздер?

– Жоғарыда атап өткенімдей, Әдеп кодексінің жаңа нұсқасында «адамға бағдарланған» мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық қағидаларының сақталуына басымдық беретін талаптар енгізіліп отыр.

Яғни байқағаныңыздай, алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемделіп, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Сондай-ақ, Әдеп кодексінде айқындалған негізгі қағидаттар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға, сондай-ақ, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға негіз болады. Бұған қоса, ол қызметтегі қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және әдепсіз мінез-құлықтың алдын алуға, парасаттылықты орнықтыруға толықтай ықпал етеді деп ойлаймын. Жаңа Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейінің артуына әсер етеді деген үміттеміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: