29 Мамыр 15:45
...

Берекелі отбасы. Үкімет НЕГЕ «Сбербанкті» сатып алу үшін «Отбасы банкті» құрбандыққа шалды?

Фото:

Қазіргі «Bereke Bank», кезіндегі Ресейдің еліміздегі еншілес қаржы институты «Сбербанкті» сатып алу кезінде Үкімет «Қазақстанның даму банкі» мен «Отбасы Банк» салымшыларының қаражатын пайдаланған. Ол «Отбасы Банк» акционерлік қоғамының 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігінен белгілі болды.

Жуырда Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы тілшісінің сауалына жауап берген ҚНРДА төрайымы Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА «Сбербанк операциясына» мемлекеттің қаржысы жұмсалған жоқ деп ақпарат берген болатын. ҚНРДА басшысының айтуынша, Үкімет «Сбербанкті» банктің өзі дивиденд ретінде тапқан 130 миллиард теңгесіне сатып алған. Осы жерде бір шикілік бары сол кезде байқалған еді.  

ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова. Фото: Total.kz

Мәдина Әбілқасымова жауабында сөзді ойнатып жібергені анық. ҚНРДА төрайымы «Сбербанкті» сатып алуда бюджеттің қаржысы шыққан жоқ дегенімен, де-юре ол тұжырым рас. Мемлекеттік бюджеттен еш қаржы берілген жоқ. Себебі, бюджеттен ақша алу Парламент арқылы өтуі тиіс.

Ал «мемлекеттік қаржы пайдаланылмады» деген уәжбен таласуға болады. Өйткені, осы операцияда мемлекеттік «Қазақстанның даму банкінің» қаржысы «Отбасы Банк» арқылы пайдаланылған. Ол «Отбасы Банк» АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігінде анық жазылып тұр.

«Отбасы Банк» АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігі. Аудитор: PWC

Ортақ акционер – «Бәйтерек» холдингінің шешімімен «Қазақстанның Даму банкі» «Отбасы Банкке» 80 миллиард теңге аударады. Ал «Отбасы Банк» өз кезегінде 2022 жылдың 25 тамызында «Сбербанкке» 100 миллиард теңге депозит салған. Енді банк ол ақшаны 2024 жылдың ақпан айында ғана қайтара алады. Дәл осы операциядан «Отбасы Банк» 8,6 миллиард теңге шығын көрген. Салымшылардың ақшасын ұстап отырған, тұрғын үй жинақ жүйесімен айналысатын әлеуметтік банкті үкіметтің осындай басқа мақсаттарға да пайдалана бастағаны үлкен алаңдаушылық туғызады.

Банктің жалпы активтер саны өссе де, қолдағы ақшасынан 270 миллиард теңге жоғалтып алғанын көреміз. Егер 2021 жылдың аяғында банктің қолындағы қаражат 595 миллиард теңге болса, биылғы жылдың басында ол көлем 327,5 миллиард теңгеге түскен. Қазір «Отбасы Банк» активінің жалпы көлемі – 3,44 триллион теңге.

Былтыр «Отбасы Банк» 96 миллиард теңге таза кіріс алды. Мемлекетке 13,5 миллиард теңге корпоративті салық төледі. Бірақ оның бағдарламаларын бюджеттік кредиттеу мемлекетке де ауыр тиіп жатыр.

Сондықтан, NEGE дереккөзінің ақпараты бойынша, «Bereke Bankті» сатып болғаннан кейін, Үкімет «Отбасы Банкке» біршама реформа жасауы мүмкін. Оның басты мақсаты – «Отбасы Банкті» бюджетке салмақ салмайтындай қылу. Бұл ретте, салымшылар алып отырған мемлекеттік премия не мүлдем алынып тасталады немесе оның көлемі біршама қысқармақ.

Тегтер: