6 Қыркүйек 10:10

Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы. «Отбасы банк» пен Үкімет НЕГЕ жаңа жүйе құруға қауқарсыз?

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауындағы тапсырмаға сай, Үкімет жаңа тұрғын үй саясатын пысықтай бастады. Бірақ қазірдің өзінде оның ескі бағдарламаларды қайталайтыны байқалып отыр. НЕГЕ?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Бірақ мұндай шарт қазір жұмыс істеп жатқан «Бақытты отбасы» мен «Шаңырақ» бағдарламаларында әу бастан бар. Сонымен бірге министр отбасы табысына байланысты ипотека пайызы жылдық 2% және 5% болатынын жаңалық қылып жеткізген. «Бақытты отбасы» бағдарламасының қазіргі мөлшерлемесі 2%, ал «Шаңырақ» бағдарламасының пайызы 5 % екенін ескерсек, шарттардың еш өзгермегенін байқаймыз.

Министр Атамқұловтың айтуынша, құрылыс салушыларды қолдау мақсатында мемлекеттік- жекеменшік әріптестік және үлестік құрылыс әлеуетін пайдаланып, жобалық қаржыландыру тетігі енгізіледі. Бұл да – екінші деңгейлі банктер бұрыннан қолданып келе жатқан амал. Оданша «Бәйтерек» холдингіне қарасты Қазақстанның тұрғын үй компаниясы іске асыратын құрылысты мемлекеттік кепілдендіру жұмысын жақсарту барынша тиімді болар еді. Заңның дұрыс жазылмай, лимиттердің дұрыс бөлінбегендігінен кепілдендіру ісі ақсап, үлестік құрылыс саласы көлеңкелі экономикаға кетіп қалды.  

«Баспана жағдайын жақсартуға зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы қағидаларға өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес, зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» шотына аударуға мүмкіндік беріледі»

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тек Президенттің бір тапсырмасын – зейнетақы жинақтарын «Отбасы банк» депозиттеріне аудару мүмкіндігін іске асыруды толыққанды орындай алатыны байқалады. Себебі оған «Отбасы банкінің» өзі қатты мүдделі. Осы шаруаны шешіп алса, банк азаматтар зейнет жасына деп жинаған тұрақты әрі мол қаржы ағынын өзіне бұрады және қазынашылық операциялар есебінен жақсы кіріс түсіре алады.

Сонда Президенттің қалған тапсырмасын орындау тек «Отбасы банкінің» қазіргі екі бағдарламасын бір-біріне қоса салумен аяқталатын сияқты. Өкінішке қарай, Үкімет тарапынан Мемлекет басшысы тапсырмаларына тым жеңіл-желпі қарау фактілері көбейіп кеткенін жазуға мәжбүрміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауын жариялауда. Фото: akorda.kz

Нағыз жаңа, толық қайта қаралған, азаматтардың мүддесін ескерген және инфляцияны арттырмай, тұрғын үй бағасын шарықтатпайтын бағдарлама әзірлеуге бола ма? Nege.kz сарапшылармен кеңескен болатын.

«Біз бүгін Сингапурдан үлгі алғанды жақсы көреміз. Оларда тұрғын үй жүйесі өте дамыған», – дейді EXANTE брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев. «Азаматтардың Сингапурде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі 90%-дан асады. Бұл ретте олардың 80 пайызы әлеуметтік пәтерде, ипотека негізінде тұрады. Бұл тұрғын үй әрқашан жүйеде қалады және ешқашан нарыққа шықпайды».

Демек, мемлекеттен алған пәтерге алыпсатарлық жүрмейді. Пәтер жүйеден сыртқа шықпайды.

«Бұл ереже зарарсыздандыру деп аталады. Тұрғын үй алатын сингапурлықтың бала-шағасы болуы керек немесе ол белгілі бір жастан асуы тиіс. Ол мұндай тұрғын үйде таңдалған бағдарламасына сай 1 жылдан 7 жылға дейін тұрғаннан кейін ғана үйін сол жүйенің ішіндегі өзі сияқты үміткерге сата алады. Нарыққа шығармайды»

Сарапшылардың сөзінше, Сингапурда баспана жеке мүлік ретінде берілмейді. 99 жылға жалдау құқығымен сатылады. Әкесі баласына үйін мұра ретінде қалдыра алмайды. Баласы өзі бөлек үй алуы тиіс.

«Сингапур қандай мәселені шешті? Ол мұндай үйлерде ұлтына, жасына қарай түрлі тұрғындарды араластырып отырды. Сонда геттолар пайда болмады», – деп жалғастырады Андрей Чеботарев.

«Біз кейін жарылатын бомба қойып отырмыз. Мысалы, бір үйге көп балалы отбасылардың барлығын шоғырландырып тастаймыз. Бұл ойын алаңы мен айналадағы әлеуметтік нысандарға жүктемені айтарлықтай арттырады. Артынан ол жер геттоға айналады»

Сарапшылар «елдегі өкілетті органдар жаңа нәрсе ойлап табуға қауқарсыз болса, дайын тұрған әлемдік тәжірибеге сүйенуі керек» деп отыр. Бірақ Үкіметтің креативі таусылған сияқты.

Қазір ол Президент не айтса тек соны орындайды. Көп жағдайда тіпті нақты айтылған тапсырманы орындай алмай ұятқа қалып жатқаны да жасырын емес.

Тегтер: