31 Шілде 13:16
...

Базалық ставка құпиясы. НЕГЕ ол біз үшін маңызды?

Фото:

Ұлттық Банк Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық ставканы 14% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Коридордың +1% болып бекітілгенін ескерсек, Ұлттық Банк банктерге қаржыны (қысқамерзімді қаржыландыру) 15% мөлшерлемемен бермек, ал банктерден салым алса, ол салымға 13% сыйақы төлейтін болады.

Көптеген сарапшылар тіпті базалық ставканың 0,25-0,5 пайызға өсетінін күткен еді. Бірақ Ұлттық Банк инфляция 14% болса да, экономиканың өсуіне мүмкіндік бергісі келетін сияқты.

ҚР Ұлттық Банкі. Фото: kapital.kz

«Шешім қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің ағымдағы теңгерімі, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары ескеріле отырып қабылданды. Базалық мөлшерлеменің осы деңгейі жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда 2024 жылға қарай инфляцияның бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етеді. Ақша-кредит талаптары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяулауына қарай қалпына келеді», - деп түсіндіреді, Ұлттық Банк өз шешімін.

«Инфляция жеделдеуінің негізгі тәуекелдері әлемдегі геосаяси жағдай аясындағы белгісіздікке, капиталдың дамушы нарықтардан дамыған нарықтардың пайдасына әкетілу ықтималдығына, сыртқы, атап айтқанда Ресейден инфляция импортына, сондай-ақ ұсыныс факторлары тарапынан тәуекелдерге және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты. Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген параметрлермен салыстырғанда бюджет шығыстарын арттыру жағына қарай ықтимал қайта қарау болжамның маңызды тәуекелдерінің бірі болып табылады»

Ұлттық Банк болжауынша, келесі жылы инфляция 7,5-9,5% коридорына дейін түспек. Бірақ қазір оның аяқ алысы тым қарқынды болып отыр. Мамыр айында жылдық инфляция 14%-ды құрап, жеделдеуін жалғастырды. Тамақ өнімдері бағасының өсуі жылдық инфляцияға барынша көп үлес қосуда. Бұған дейін экономисі бар, депутаты бар, бірнеше тұлға базалық ставканың жоғары болуы несиелеу көлеміне кері әсер беретінін айтып, Ұлттық Банкті экономиканың тежеуші факторына айналды деп сөккен еді.

«Несиелеу қарқыны төмендемеді. Бірақ өнім ұсынысының жағында үлкен проблемалар бар», - дейді, қаржы сарапшысы Владислав Туркин. Бұл ретте фискалды ынталандыруды ескере отырып, инфляциялық спиральдың басталу қаупі жоғары болып отыр.

«Базалық ставканың жоғары болуының негізгі мәні – инфляция сауда каналдары арқылы келіп жатқан жағдайда осы спиральдің айналып кетпеуіне жол бермеу болып табылады»

«Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, қазіргі жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкі үшін базалық мөлшерлемені төмендету туралы ойлауға әлі ерте деп есептейміз», - деп жазады Tengenomika авторлары.

«Себебі, қазіргі баға өсуінің бәсеңдеуі тұрақты ма, экономика өсімнің шарықтау шегінен өтті ме, соны түсініп, саралау керек. Өз кезегінде, Украинадағы соғысқа байланысты пайда болған белгісіздік теңгедегі салымдарды қолдау қажеттілігін туғызады»

Ұлттық Банк мәлімдеуінше, базалық ставка бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты динамикасының болжамды траекториясы мен сыртқы орта мен ішкі экономикада қалыптасып отырған тәуекелдер теңгеріміне байланысты қабылданатын болады.

Базалық ставка бойынша келесі шешімді біз 25-ші шілдеде еститін боламыз. Оған дейін «14% ставка» дәуірінде өмір сүруімізді жалғастыра береміз.

Тегтер: