25 Мамыр 14:11

Үкімет олигархтардың қалтасына үңіле бастады

Фото:

Бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты есеп берді.

«Биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкасын 50 пайызға, басқа да қатты пайдалы қазбалар өндіру бойынша ставканы 30 пайызға өсіруді ұсынып отырмыз», – деді Ә.Қуантыров.

Ә.Қуантыров. Zakon.kz

Бұдан бөлек, пайдалы қазба өндірушілер үшін салық бойынша дивидендтерге жеңілдік алынып тасталуы мүмкін. Бұл шара капиталды елден тасып әкетуге қарсы жасалып отыр.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, салық ставкасын өсірумен қатар, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа кен орындары бойынша барлау мен өндіруге 15 пайыздық рентабельдік деңгейге (IRR) жетіп алғанша салықтан босатылады.

Бұл ұсыныс нені көрсетеді? Бұл – Назарбаевтың билігі тұсында «үріп ішіп, шайқап төгіп» келген олигархтардың қалтасына Үкімет мықтап үңіле бастады деген сөз.

Мәселен, Александр Машкевич бастаған «Еуразиялық үштік» сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан жерінен құнды пайдалы қазбалар өндіріп келеді.

А.Ибрагимов пен А.Машкевич. Фото: ғаламтордан

«Қазхром», Соколов-Сарыбай кен байыту өндірісі, Қазақстан Алюминиі, Қазақстан электролиз зауыты, Шұбаркөл кеніші, тағы да басқа аса бай өндіріс орындарын «еуразиялық топ» кертіп жеп отыр.

ERG-дің директорлар кеңесін Александр Машкевич басқарады. Паточ Шодиев пен Шухрат Ибрагимов – директорлар кеңесі мүшелері. Компанияда Қазақстанның, яғни сіз бен біздің 40 пайыз үлесіміз бар. Үкімет мүшелері Бақыт Сұлтанов пен Ерұлан Жамаубаев та директорлар кеңесінің мүшелері. Салық заңына өзгерту енгізілсе, тайраңдаған үштік аяғын тартатын шығар.

Бізде «Қазақмыс деген тағы бір алпауыт бар. Эдуард Огай дейтін «қалта» басқарады. Бұл компания туралы гу-гу әңгіме көп. Кен өндіру мен түсті металлургия саласын еншілеп алған алпауытты «Назарбаевтың қалтасы» дейтіндер бір нәрсе біліп айтса керек...

«Қазақмыс» әлемде концентраттағы мысты шығару бойынша 20-орынға (271 мың тонна) және қаралтым және катодты мыс өндіру бойынша 12-орынға (өңделме шикізатты ескерумен тиісінше 377 және 365 мың тонна) ие.

Э.Огай. Фото: inbusiness.kz

2020 жылы «Қазақмыс» Тобының қосқан үлесі (279 тонна, елдегі жалпы өндірістің 51%-ы) Қазақстан Республикасына күміс өндіретін елдердің әлемдік рейтингінде 11-орынды иеленуге мүмкіндік берді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақмыс» Тобы электр энергиясын өндіру бойынша Қазақстан Республикасында 3-орында, өндіріс көлемі 7 267,53 млн. кВтсағ.

Бұл – компания сайтындағы ақпар. Білетініміз осы ғана – айсбергтің су бетіндегі бөлігі. Ал енді осыншама иен байлықты иеленіп отырған компания НЕГЕ есебін жасырады? Мұнда не кілтипан бар?

Біз кеше ғана сөз еткен Лакшми Миттал деген үнділік миллиардердің басқан ізіне де көз салып қою артық болмайды. «Арселор Митталдың» келісімшарты биыл қаңтарда бітіп қалған. Үкімет ендігі келісімнің шарттарын халықтың игілігіне қарау бұруды ойлауы керек.

Л.Миттал. Фото: gmk.center

«Жарылқаушы Митталдың» образын жасау үшін ол қазақстандық блогерлерді жетектеп алып, жұмысын көрсетіп жүр. Әлдебір тықыр таянғаннан болса керек мұнысы. Салық пен жеңілдікке қатысты болса да таңғалмаймыз.

Егер салық туралы заңға өзгеріс енсе, түрлі жеңілдіктермен «бордақыланған» миллиардерлерді жарылқау дәуірі бұрынғы билікпен бірге күресінге кетті деп есептеуге әбден болады.   

Тегтер: