11 Қараша 11:44
...

Ресейлік басылымда президент Тоқаевтың мақаласы жарияланды

Президент
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында «Мәңгілік достық – халықтарымыз үшін жарқын жол» атты авторлық мақаласы жарияланды. 

Астана, NEGE. Аталған мақалада Қазақстан президенті екі елдің одақтас және стратегиялық серіктес екенін айтады. 

«Мәскеуге сапарымның кең ауқымды күнтәртібінде негізгі тармақ Қазақстан мен Ресей қатынастарын кең ауқымды стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қою болады. Бұл құжат екіжақты байланыстарда жаңа дәуірді ашады, өзара сенімнің теңдессіз деңгейін растайды және барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайындықты айқындайды»,- деп жазылған мақалада.

Бүгінде Ресей Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында үштікте, ал Қазақстан Ресейдің негізгі бес сауда серіктестерінің қатарында. Екі елдің сауда айналымы 30 млрд долларға жуықтайды.

«Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізін жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. «Сибур», «Газпром», «Лукойл», «ЕвроХим» сияқты ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералдық тыңайтқыштар және басқа да жоғары технологиялық өнім өндіретін зауыттар салынып жатыр.«Татнефть» компаниясымен бірлесіп автокөлік шиналарының өндірісі жолға қойылған, ал «КАМАЗ»-бен жүк көліктеріне арналған бөлшектер шығарылады», - деді Қ.Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Президенттің айтуынша, соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылып, озық технологиялар трансфері жүзеге асып, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыстар нығайып келеді.