8 Қыркүйек 12:06

ӨЗБЕК екі қатын алмайтын болды, БІЗ ше?

Фото:

Өзбекстанда заң тәртібімен тіркелмеген некені діни рәсіммен қиюға, екі және одан көп әйелмен бірге тұруды насихаттауға, әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде мойындамауға, азаматтың бет-бейнесін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орында киіп жүруге тыйым салынды. Бір сөзбен айтқанда, бұл – өзбек жерінде никаб киюге және көп әйел алуға болмайды деген сөз.

Олий Мәжіліс мақұлдаған елдің Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізетін заң жобасында осындай тармақтар бар. Десе де, медициналық диагнозы бар адамдарға және қызметтік міндетін атқаратын мамандарға бет-бейнені тұмшалайтын киім киюге рұқсат.

Іле-шала Қырғызстан парламенті де қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салу керек деген бастама көтеріп отыр. Қазақстан қайтпек? Бізге де осындай заң керек пе? Бұл жөнінде  NEGE тілшісі Мәжіліс депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің және дін өкілдерінің пікірін білді.

 Ермұрат БАПИ, Мәжіліс депутаты:

«Екі әйел алу» мәселесі заңнамада қаралмаған

– Ниқабқа тыйым салуды қолдаймын. «Біз мұсылманбыз» деген желеумен қазақты арабтандыру атрибуттарына түбірімен тосқауыл қою керек! Оқушы қыздың мектепке орамал тағуына рұқсат беру жөніндегі далбаса дабыраға да жол бермеу керек.

Бүгін – орамал, ертең – намаз оқитын бөлме, бүрсігүні – араб тілін оқытуды міндеттеу: бұның барлығы – қазақтың ұлттық бірлігі мен берекесін қашыратын қатер!

Ал сұрағыңыздың екінші бөлігіндегі «екі әйел алу» мәселесі Қазақстанның отбасы және неке туралы заңнамасында мүлде қаралмаған. Сондықтан жоқ мәселеге тыйым салудың өзі жөнсіз болады.

Тоғжан ҚОЖАЛЫ, саясаткер:

Не заңдастыру керек, не тыйым салу керек

– Өзбекстандағыдай заң бізге де қажет. Өйткені, екі әйел алу мәселесін не заңдастыру керек, не тыйым салу керек. Екінің бірі. Заңдық жүйеге келтіру қажет. Заң бойынша, әйелдердің құқығы айқын емес. Сот болған жағдайда, дүние-мүлікті бөлгенде, қандай болатыны түсініксіз.

Мүфтиятқа да екінші некесін қидыруға тыйым салынуы тиіс. Қазір ресми неке куәлігінсіз неке қимайды делінеді. Бірақ бүкіл мешіттер бұған қарамастан неке қия береді. Мүфтият немқұрайдылық танытып жатыр.

Өзбекстанда жеке адамдарға ғана емес, мүфтиятқа да тыйым салды. Бізге де сондай шара керек. Өз басым, көп әйелі бар отбасының бақытты болғанын көрген емеспін.

Бізде де, шетелде де солай. Себебі, құран бойынша, бірнеше әйелді бақытты ету үшін  ер кісі барлық әйелдеріне тең қарауы тиіс. Шыны керек, өз балаларыңа әділ бола алмайсың. Бірін қаттырақ жақсы көресің дегендей. Пайғамбарымыздың өзі тек қана Хадиша анамызбен өмір сүрген. Қартайған кезде қиған некелері «саяси некелер» болған. Ол заманның дәстүрі солай еді.

Никабқа келсек, оған қарсымын. Өйткені, бұл нәрсе қазақта болған емес. Бірақ діни тұрғыдан да қол мен бетін көрсетпей жауып алу туралы мәселе жоқ. Мәселен, қажылыққа барғанда Қағба тұрған мешітке никабпен кіре алмайсың. Ол жерде киім үлгісінің фотосы анық көрсетілген. Адамның қолы мен жүзі ашық болуы тиіс. Тіпті, Меккенің өзінде бұған тыйым бар. 

Сағыныш МҰҚАЖАНОВ, діндар:

Көп әйел алуды шектеуге болмайды

– Никабқа тыйым керек деп ойлаймын. Толық тұмшаланып, оранып алу  – біздің дәстүрімізге қайшы. Ислам – дәстүрлі дін. Сондықтан мұндай заң артық болмайды.

Бірақ екі әйел алуға тыйым салудың қажеті жоқ. Халқымыздың саны онсыз да көп емес. Бұл – әркімнің өз құқығындағы нәрсе. Әркімнің өз тағдыры бар. Мемлекет тарапынан бұған шектеу қоюға қарсымын.

Қырғызстанда екі әйел алуға рұқсат бар. Таныстарым да бар. Бәрі заңды. Қырғыздың тілі майда, діні қатты. Керек десеңіз, мұны Қырғызстанның басшысының өзі де қолдайды. Бұл жөнінде берген сұхбаттары да бар.

Ал Өзбекстанда тыйым салынып отыр. Өйткені, халқы 35 миллионнан асып кетті.

Тегтер: