27 Мамыр 14:53

Мемлекеттік кірістер комитеті: «Вайлдберриз» Ресейдің қосылған құн салығын төлететінін растаймыз

Фото:

30 сәуірде порталымызда «Көмейі кең Wildberries. Бакальчукті қалай байытып жатқаныңызды білесіз бе?» деп аталатын мақала жарияланған.

Сәуірдің соңғы күнінде Nege.kz порталы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасына «Вайлдберриз» компаниясына қатысты ресми сауал жолдаған. Араға ай салып, комитет департаментінің директоры Ж.Дүйсембиевтен жауап келді.

Естеріңізге салайық, өткен айда ресейлік миллиардер Татьяна Бакальчуктің тауар жеткізіп берумен айналысатын фирмасы тауарға 20% қосылған құн салығын (ҚҚС) қосатыны белгілі болған. Қазақстанда ҚҚС – 12 %. Сонда қалған 8% қайдан шықты? Ресейде ҚҚС 20%.

Ендеше, миллиардердің фирмасының қызметін пайдаланатын қазақстандықтар 8% үстеме төлейді деген сөз.

«Вайлдберриз» компаниясына қатысты сауалдарымызға Мемлекеттік кірістер комитетінің жауабы төмендегідей болды:

Ресми жауап

«Вайлдберриз» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС) тіркеу деректеріне сәйкес 2013 жылдың 24 маусымынан бастап қызмет атқарып келеді.

Комитеттің ақпараттық жүйелеріне сәйкес ЖШС салық төлемдерін 2013 жылдан бастап жүзеге асырып келеді.

ЖШС бойынша 2020 жылға төленген салық сомасы 4 968,2 млн теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша ЖШС-тен бюджетке 64,3 млн теңге салық түскен.

Тауарлардың Ресей Федерациясының 20% мөлшеріндегі қосылған құн салығын қосып сатылуына қатысты ақпаратты Комитет растайды.

Осылайша, компанияның ресми сайтында орналастырылған «Wildberries» интернет-алаңын пайдалану қағидаларының 5-тармағына сәйкес тауарлардың құнына қосылған құн салығы енгізіледі...»

Комитет «Вайлдберриз» Қазақстанда жұмыс істеп жатса да, тұтынушыларына Ресейдің ҚҚС-ын төлететінін мойындап отыр. Департамент директоры ең негізгі сұрағымызды жауапсыз қалдырды: «Өткен жылмен салыстырғанда компанияның төлеген салығы НЕГЕ айтарлықтай азайып кеткен?». Себебі – «салық құпиясы».

Сондай-ақ комитет «заң бұзушылық анықталса, заңмен көзделген іс-шаралар қолданамыз» депті. Қазақстаннан пайда тауып, салықты басқа елге төлеттіру заң бұзушылық болып саналмай ма? 

Миллиардер Т.Бакальчук

«Қазақстан Республикасы (Салық – ред.) Кодексінің 30-бабының 1-тармағына сәйкес «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (бұдан әрі – Салық кодексі) салық құпиясын осы тармақтың 1-18) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, салық органы алған салық төлеуші (салық агенті) туралы кез келген мәліметтер құрайды.

Салық кодексінің 30-бабының 2-тармағына сәйкес, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық органдары салық құпиясы болып табылатын салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға бере алмайды.

Баяндалғанды негізге ала отырып, сұратылатын мәліметтер салықтық құпияны құрайтындығына байланысты көрсетілген мәліметтерді ұсыну мүмкін емес», – дейді департамент директоры Ж.Дүйсембиев.

Тілшіміз «Вайлдберриз» компаниясының Комитет сілтеме жасаған сайтына үңіліп көрді. Интернет-алаңын пайдалану қағидаларының 5-тармағынды бүй депті:

«Сату-сатып алу келісімшарты Ресей Федерациясының ұлттық валютасымен жасалады, тауар құнына қосылған салық есептеледі, сондай-ақ шамамен алғандағы бағасы Қазақстан Республикасының валютасымен көрсетілуі мүмкін».

Яғни, «Вайлдберриз» Қазақстанда өзі би, өзі қожа және Сіз Қазақстанның қай түпкірінен тауарға тапсырыс берсеңіз де, қосылған құн салығын 20% төлейсіз және оны Ресейдің бюджетіне құясыз!

Әрине, қандай компания арқылы тапсырыс беруді патша көңіліңіз біледі. Әлемдегі №1 бай Безостың «Амазонымен» алдырсаңыз да, еркіңіз. Бірақ бізді бәрінен бұрын «Вайлдберриз» кімнің еркесі?» деген сұрақ көбірек қызықтырады.

Тегтер: