15 Қыркүйек 19:48

Қазақстан Ресейден іргесін аулақ сала ма? АҚШ бұған күш салатынын ашық мәлімдеді

Фото:

АҚШ Орталық Азия елдерінің іргесін Ресейден ажыратпақ. Бұл үшін Вашингтон аталған аймақ «экономикасының өсуіне» жәрдем беріп, ынтымақтастықты күшейтпек. Бұл туралы Сыртқы істер жөніндегі өкілдер палатасы комитетінің отырысында АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) директоры көмекшісінің орынбасары Анджали Каур мәлімдеген.

Оның айтуынша, АҚШ Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикаларын ажыратуды көздейді. Бұл мақсат үшін АҚШ аймақтағы «адам потенциалын дамытуға, экономикалық өсімге» қол ұшын созуы керек. Вашингтон Украинадағы соғыс тұсында орталықазиялық серіктестермен байланысты нығайту мүмкіндігін қарастырып жатыр екен.

Әйтеуір бүгінде аймаққа көз тіккен ірі ойыншылар аз емес. Кейде олар Орталық Азияны көкпардың серкесіндей көретіндей әсер қалдырып отыр. Қазақстандық сарапшылардың пікірі осыған саяды:

Мақсат Халық, экономист:

Қазақстан сыртқы саясатта теңгерімдікті сақтауы тиіс

– Дәл қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес жайт болып көрінеді. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Оның шешімдері бар. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың арасында жасалған келісімдер тағы бар. Және де Орталық Азияға Ресейдің ықпалы азайды деп те айта алмаймыз.

Қазір Ресей экономикасы құлдырай бастады. Көптеген болжам бойынша, Ресейдің экономикасы тұралай бастауы тиіс еді. Жалпы ішкі өнімі -10, -12 пайызға дейін құлдилайды делінген. Алайда қатты құлдыраған Ресейді көріп тұрғаным жоқ. Қазір әрі кетсе -4, -6 пайыздың төңірегінде. Сондықтан Ресей экономикасы әлі де болса тұрақтылығын сақтап тұр деп айтуға толық негіз бар. Бұл – бір.

Екіншіден, былтырғы дерек бойынша, Қазақстанның импортындағы Ресейдің үлесі 42 пайызға жеткен еді. Демек, бұл – Қазақстандағы екі тауардың бірі Ресейден келеді деген сөз. Қазіргі кезде жағдай өзгеріп жатыр. Импорттан гөрі бұл елге экспортымыз артып келеді. Дәл қазіргі кезде АҚШ-тың бұл жоспары жақын арада жүзеге аса қояды деп ойламаймын.

Бірақ болашақта бірте-бірте орындалуын жоққа шығаруға болмас. Санкциялардың күші келесі жылы, мұнай мен газға эмбарго салынған кезде   байқалмақ. Сондықтан Ресей осы саясатынан таймаса, алдағы уақытта оқшаулана бермек. Бұл АҚШ-тың ұзақ мерзімді жоспары болуы ықтимал.

Түптеп келгенде Қазақстан бәрібір ұлттық қауіпсіздікті, экономикалық қауіпсіздікті ойлауы тиіс. АҚШ ішкі ісіне араласқан мемлекеттердің бәрі бірдей жақсы болып кетті деп айта алмаймыз. Сондықтан Қазақстан сыртқы саясатта теңгерімдікті сақтауы қажет.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

Гранттарды ақтаймын деп, кейбір топтар жанжалдарға итермелеуі де мүмкін

– Кез келген жанжалда тек қана бір ғана тарап кінәлі болмайды. Сондықтан кезінде АҚШ-тың осындай қорлары Украина мен Ресей арасына ши жүгіртіп, «Ресейден аулақ болайық!» деп ахуалды қоздыра түскен. Бір жағынан дұрыс та шығар. Мәдениетін, басқасын сақтап қалады дегендей.

Бірақ «Жыланды үш кессең де кесірткедей қауқары бар» деген сөз бар.  Не десеңіз де, Ресейдің аты – Ресей.

Менің ойымша, басты шешім – дипломатия. Біздің президентіміз Си Цзиньпинді, Рим Папасын елімізге шақырып, Петерборда сөз сөйлеп жүр. Осындай дипломатиялық жолмен жүру керек. Ойланбай айтылған сөздің де ертең сұрауы болуы мүмкін.

Өкінішке қарай, гранттарды ақтаймын деп, кейбір топтар жанжалдарға итермелеуі де мүмкін. Олардың ештеңесі кетпейді. Ақшасын алып, отбасын шетелге әкетеді. Ал зардап шегетін – қарапайым халық.

Петр Своик, саясаткер:

Қазақстан бәріне есе жіберіп отыр

– АҚШ-тың мұндай жоспары 1990-жылдардың басынан бері бар. Ашық айтқанына ғана таңырқап отырмын.

Посткеңестік кеңістіктің экономикалары бір-бірінен онсыз да алшақтады. Қалғаны қирады. Тек қана аса қажет нәрселер ғана қалды. Мәселен, Қазақстан экономикасында деиндустриализация, десоциализация үдерістері жүрді. Жаңа индустрияландыру, ауылда жаңа ұжымдастыру өзекті мәселеге айналып отыр.

Бұл сөзді отаншыл экономист айтса, түсінікті болушы еді. Ал Ұлы державаның өкілінің айтқаны – қызық жайт. Жалпы, «Экономика егемен болуы керек, Қазақстан – ешқандай интеграцияға түспеуі керек, егемендікті жоғары құндылық ретінде қорғау керек» деген идеология сырттан белсенді түрде таңылып келеді. Бұл ел ішінде де дау тудырмайтын парадигма ретінде де қаралып жүр.

«Тәуелсіздік – жоғары құндылық» деген ойды ресми билік те айтады. Бұл құндылықтың құны – деиндустриализация, десоциализация, төменгі өмір сүру деңгейі және тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық ахуал. Бәлкім, тәуелсіздік бұған лайықты да шығар.

Шынтуайтында, бүгінде әлемдегі барлық экономикалық жүйе ұлттық мемлекеттен жоғары тұр. Интеграцияланған. Ұлттық мемлекеттен жоғары тұрған еңбек бөлінісінде лайықты орын алу үшін интеграцияның басында тұруың керек немесе маңызды бір бөлігі болуың қажет. Онсыз тек қана шеткері аймақтың рөлі тиеді.

Мәселен, Қазақстан экономикасы дамыған елдердің тек қана шикізаттық қана емес, қаржылық шылауы. Тіпті, көпвекторлы шылау. Ресей үшін де, Қытай үшін де, Еуропа үшін де тысқары жатқан аймақ. Дамыған мемлекеттің әрқайсысы Қазақстаннан олжа алса, Қазақстан бәріне есе жіберіп отыр. Өйткені, тек қана арзан табиғи және адами ресурстар жеткізетін аймақ. Осындай «тәуелсіздік идеологиясы» – отарлық қанау технологиясының бір бөлігі.  

Тегтер: