14 Мамыр 13:11

Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Ержан Сәденов еліміздегі криминогендік ахуал туралы мәлімет берді.

Астана, NEGE. Жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеген. Ұрлық, тонау, қарақшылық, бұзақылық, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, мас күйінде және көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай азайған. Қылмыскерлерді іздестіру жұмысының нәтижесі туралы баяндады. Жыл басынан бері 782 адам, оның ішінде 79 азамат шетелде ұсталған. Іздеуде жүрген 16 адам елге экстрадицияланған. Адам көп жиналатын жерлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ақпарат берді.

Террористік әрекет тұрғысынан алғанда осал екі мыңнан астам нысан, соның ішінде мектептер, жоғары оқу орындары, сауда және ойын-сауық орталықтары, концерт залдары мен басқа да тарихи-мәдени ғимараттар тексерілген. Көші-қон ісін бақылау жұмыстары жайында есеп берді. Жыл басынан бері елімізге 4,2 миллион шетел азаматы келіп, оның 4 миллионға жуығы шекарадан кері шыққан. Олардың 90 пайызы – ТМД азаматтары.

Ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, су тасқыны салдарын жою, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кезектен тыс аттестациялау бағыттарындағы тапсырмаларының орындалу барысын таныстырды.

Көшелердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және құқық бұзушылықтарға мүлде төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.