14 Мамыр 13:45
...

Отандық туризм көрсеткіші пандемиядан кейін жоғары деңгейге жетті – Ермек Маржықбаев

Ермек Маржықбаев
Фото: gov.kz

Былтыр елімізге 9,2 млн шетелдік саяхаттап, тарихи ең жоғары көрсеткішке жеткен. Мұндай ақпаратты бүгін Үкімет отырысында еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бөлісті.

Астана, NEGE. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша туристік сала пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, саланың негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Соңғы жылы елге 9,2 млн шетелдік азамат келді. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Ел ішінде 9,6 млн-нан астам отандық азамат саяхат жасады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдан 1 млн адамға асты. Орналастыру орындары 229 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп. Туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 450 млрд теңгені құрады. 2022 жылы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық», - деген министр жоғарыда аталған динамика сала дамуының оң үрдістерін айғақтайтынын жеткізді.

«2023 жылы негізгі капиталға инвестициялар бойынша жоғары көрсеткішке жеттік. Осы кезеңде негізгі каиталға инвестициялар көлемі 787 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың 12 айымен салыстырғанда 53 пайызға артық. Сонымен қатар осы жылдың І тоқсанының қорытындысы оң динамиканы көрсетіп, 3 есеге артты және 177 млрд теңгеге жетті. Алайда Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Атырау және Жетісу облыстарында теріс динамика байқалады. Көрсеткіштердің төмендеуі 7-ден 60 пайызға дейін құрады», - деді Ермек Маржықпаев.