14 Мамыр 12:14
...

3 өңірде 264 үй әлі де су астында қалып отыр

Атырау облысы
Фото: ТЖМ

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде әлі қанша тұрғын үйдің су астында тұрғанын нақтылады.

Астана, NEGE. «Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12908 тұрғын үй су астында қалды. Оның ішінде 3 өңірде 264 үй әлі де су астында қалып отыр. Сондай-ақ 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды, оның 18 025-інде тұрғын үй бар.

Бүгінгі таңда зардап шеккен тұрғын үйлердің және саяжайлардың талдау және бағалау жұмыстары жалғасып жатыр. Келесі аптада тиісті шығын сомасы белгілі болмақ», – деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккендерге төленген өтемақы сомасын да атап өтті.

«Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге болып отыр. 680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362 млн теңге сомасында өтемақы алды», – деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьердің дерегінше, 568 отбасы тұрғын үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды.

«Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда», – деді Қанат Алдабергенұлы.

                                                                                                                                        Сағадат БАҚЫТБЕК