Еуразиялық экономикалық одақтан қашанғы зиян шегеміз?
епутат Абзал Құспан бүгін Мәжіліс отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ туралы заң ресейлік релоканттардың мүддесін көбірек көздемей ме?» деген мәселе көтерді.
«2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасының қорытынды отырысы өтіп, 93 депутаттың біреуі аталған заңдық өзгерістерге қарсы дауыс беріп, бесеуі қалыс қалды.
Хаттамада Кеден одағының жұмыс істеуі, сыртқы сауда және техникалық реттеу, мемлекеттік сатып алу, бәсекелестік, табиғи монополиялар, көлік, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, макроэкономика, еңбек көші-қоны, демпингке қарсы шаралар, жанама салықтар алу тәртібі және басқа да мәселелер бойынша түзетулер қамтылғанын Сауда және интеграция министрі Арман ШАҚҚАЛИЕВ өз баяндамасында айтты.
Алайда депутаттар Ресей тауарлары Қазақстанға еш кедергісіз кіріп жатыр және дүкен сөрелерінде көрші ел тауары самсап тұр, бірақ біздің елден барған тауарларға Ресей тарапы түрлі кедергілер келтіріп, кіргізбейтінін айтып отыр.
Депутат Абзал ҚҰСПАН ЕАЭО аясында ортақ саясат ұстануда Қазақстан мүддесі қаншалықты ескеріліп отырғанын Сауда және интеграция министрінен сұрады. Алайда депутат бізге берген сұхбатында министрдің берген жауабына қанағанттанбағанын айтып, «заң жобасына қарсы дауыс бердім» деді.
– Біз Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты әу баста жақсы пікірде емес едік. Осы жолы да оның ауқымын кеңейтіп жатқанымызды көріп отырмыз. Яғни, одақ көлемінде азаматтардың жұмысқа орналасуын жеңілдетіп жатырмыз. Министр жаңа қашқақтап жауап берді. «Бұл біздің Ресейде оқып жатқан 60 мыңдай студентіміздің мүддесі үшін жасалып жатыр» деген бағытта айтты. Ол Қазақстанның азаматтары бұл жаққа келгенде онсыз да осы елдің азаматтары ретінде жұмысқа тұрады.
Менің ойымша, бұл норма ресейлік релоканттардың мүддесін көбірек көздейтін сияқты болып көрінеді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, іс жүзінде біз – Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасын емес, зиянын көрген мемлекетпіз.
Дәл қазір осы жағдай одан сайын ушыға түспей ме, біздің кәсіпкерлер құқықтық мүддесі бұзылмай ма деген мәселе мазалады, сол себепті қарсы дауыс бердім, – деді Абзал Құспан.
Депутат Ерлан САЙЫРОВ «еліміздегі дүкен сөрелерінде отандық өнім 5 пайызға да жетпейді» дегенді айтып, «интеграция жасаймыз деп, Қазақстанды «проходной дворға» айналдырып жіберген жоқсыздар ма?» – деп сұрады.
Ал Арман Шаққалиев депутат Сайыровтың пікірімен келіспей, «сауда орындары мен базарларда тауардың басым бөлігі өз елімізде шыққан» деген қарсы уәж айтты.
– Сауда желілеріне қатысты айтсақ, біз кеше әдейі анализ жасадық, 50-60 пайызы – біздің өнім. Шұжық дейсіз ғой? Бізде шұжық өндіру 30 пайыз ғана. Біз өзіміз өндірмейтін болсақ, алып келеміз. Алып келмесек, тапшылық болады да, оның бағасы көтеріледі. Базарға барсақ, бәрі біздің өндірушілердің тауары, – деді министр.
Ерлан Сайыров «интеграция деп, ұлттық мүддемізді қорғай алмай жүрміз» дегенді жеткізді. Алайда ол Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізуге қатысты заң жобасын қолдап дауыс берген.
– Дәл сол Ресей сүт өнімдерін, ұн өнімдерін басқа мемлекетке шығару үшін транспорттың өзіне субсидия береді. Ал біз ел ішінде өз өнімдерімізді сөрелерге апара алмай жатырмыз. Президент Тоқаев «біз өз өндірушілерімізге протекция жасауымыз керек» деп нақты тапсырма берген. Міне, осыны қолға алу керек. Бірақ ол әзірше қолға алынбай жатыр. Мен заңды қолдап дауыс бердім, бірақ біз Еуразиялық одақтың ішінде жүре тұра, өзіміздің ұлттық өнімдерімізді қорғаудың барлық жағдайын жасауымыз керек, –дейді Сайыров.