8 Қыркүйек 10:38

Ел ішіндегі жеті қауіп: Қайтсек құтыламыз?

Фото:
Кү

н сайын дерлік өзгеріп жатқан алмағайып әлемнің географиялық тұрғыда төрінде отырған Қазақстан бұл үдерістерден сырт қала алмайды. Жаһанданду дәуірі еліміз үшін халықаралық аренада бірқатар тәуекелдер мен қауіп-қатерге дайын болуға, дер кезінде қарсы қимылдауға мәжбүрлейді.

Дегенмен дәл қазіргі жағдайда глобалды проблемалардан бөлек, Қазақстанның ішінде де ұлттық қауіпсіздікке, мемлекеттің болашағына қауіп төндіретін қатер мен ықтимал тәуекел аз емес.  Солардың бәрін саралай келе еліміздегі 7 қауіпті бөліп алып, тоқтала кетуді жөн көрдік.

Қазақстан үшін бірінші қауіп, елдің билікке деген сенімнің селдіреп кетуімен байланысты. Саяси технологияның атасы саналатын Н.Макиавеллидің өзі бір еңбегінде: «…Егер мемлекет басшысы билікке халықтың көмегімен келсе, ол халықпен достығын сақтап қалуға ұмтылуы керек... Ал егер мемлекет басшысын билікке елдің еркінен тыс ақсүйектер әкелсе, онда оның бірінші борышы – халықпен достасуға ұмтылу», – дейді.

Биліктің легитимдігін сақтау мен оны күшейту үшін бірінші кезекте елмен тіл табыса алатын, халықтың мұң-мұқтажымен жақсы таныс, жұрттың көкейіндегісін жазбай танитын кадрларды жинау керек.

Ал қазіргі таңда Қазақстандағы алып бюрократиялық аппарат тар әрі қараңғы бөлмеге кіріп кеткен аю секілді тым ебедейсіз қозғалатынын бәріміз білеміз.  Мемлекет басшысы жария еткен реформаларды жүзеге асыру бір орнында тұрып қалған, доңғалағы құр айналып жатқан көлікті еске түсіреді.

Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігіндегі сәтсіздіктер, ең сорақысы, бұл бағдарлама аясында  миллиардтардың жемқорлардың жемсауына түсіп кеткені азаматтардың заңды ашу-наразылығын тудырады. Мемлекеттің деңгейдегі проблемалардың үнемі шешілмейтіні созылмалы дертке айналғанын бірінші кезекте қарапайым жұрт жақсы байқайды, бұл биліктің беделін түсіріп, елдің сенімінен айырады.

Карикатура: pikabu.ru

Мемлекет көлеміндегі проблемаларға, апатты жағдайларға кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылудың орнына әдеттегідей «басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылғанын» қоғам «халықты мазақ ету» деп қабылдайды. Оған Жамбылдағы соңғы жарылыстан кейінгі жағдайларды ғана мысалға келтірсек жеткілікті.

Ал адамның мінезі мен онымен байланысты қоғамның пікірі тез өзгергіш. Оларды мемлекеттік аппарат ресурсы мен саяси технология көмегімен иландыру қаншалықты оңай болса, елдің сенімін ұстап қалу соншалықты қиын. Күшпен сендіруге, «иландыруға» болар, бірақ оның өміршеңдігі тым қысқа. Ал елдің билікке деген сенімінің құлдырап кеткенін Қазақстанда отыз жыл ішінде билік төңірегінде топтасқан түрлі кландар ерте байқап, билікті ауыстыруға, дәлірек айтқанда, сахнадағы орындаушыларды алмастыруға ұмтылады. Мұны мемлекеттік бюрократиялық аппараттың ішіндегі реформаторлар да, бизнестегі элита да, қоғамның ең белсенді тобы да құптайды. Бірақ билікке деген сенімнің селдіреуін бас пайдасына жаратуды көздеген бұлардан бөлек тағы бір топ бар. Ол – әсіре радикалды топ.

Бұл топ елдегі саяси жүйені бұзуға, қалыптасқан саяси дәстүрді мансұқ етуді көздейді. Және ол топтың мүшелері алаңға, көшеге шығып жалғыздың пикетін жасап жүргендер, «әлеуметтік аутсайдерлер», діни радикалдар емес. Ол топтың белсенді күші биліктің өз ішінде отыр. Кез келген сын сағаты соққанда қазіргі жағдайды күрт өзгертіп, өздері билікке келу үшін кез келген әрекеттен тайынбайтын күштер.

Демек, билік үшін кадр саясатында меритократия қағидасын ұстану, қоғаммен байланыста мейлінше икемді болу, шын мәнінде «еститін үкіметке айналу» және елдің талабына құлақ асып, оның орындалғанын көрсете білу осы қауіптің алдын алудың бірден бір жолы болмақ.

Идеология, дін, діл, тіл жағынан ұсақ фрагменттерге бөлініп қалған қоғам – Қазақ елі үшін екінші қауіп. Жамбылдағы соңғы қайғылы оқиғаға деген қоғамдағы көзқарас Қазақстан қоғамының  біртұтас монолит еместігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ортақ идеологияның сол күйі қалыптаспағаны, ал оның орнын ұсынылып келген түрлі «қазақстандық ұлт»,  Ассамблея секілді суррогат идеялар қоғамды ұйыстыра алған жоқ, керісінше, ұлттық, тіл, дін, діл жағынан қырық рулы елге айналдырып жіберді.

ҚХА. Фото: ғаламтордан.

Қазір Қазақстанда кез келген жағдайды әрбір этникалық, әлеуметтік, діни, саяси топтар өздерінің мүддесі тұрғысынан сараптайды. Мемлекеттік тіл проблемасы тек қазақты алаңдатады. Тарихи оқиғаларға қайта баға беруді қазақтар ғана қолдаса, өзгелері бұған түбегейлі қарсы. Ресеймен арадағы түрлі экономикалық, әскери, саяси одақтарға деген көзқарас та ала-құла.

Қазақстан қоғамы сырттай қарағанда әкімдік жымын білдірмей сырлатып қойған сәкіге ұқсайды. Бірақ беті жылтыр сәкінің өзегі шіріп кеткен. Шіріген тақтайға шеге ұстамайды. Қандай идеологиялық шегені қақсаңыз да пайдасы жоқ. Бір күні шіріп, отырғандардың бәрін омақаса құлатады.

Былай қарасаңыз, бәріміз идеологиялық құрақ матадан тігілген бір көрпенің астында жатқанымызбен, әрқайсымыз әртүрлі түс көреміз.

Азаматтар арасындағы идеялық, идеологиялық сепаратизмнің қаупі діни жікшілдіктен еш кем түспейді! Ал біздің теріскейімізде көптеген азамат әлі күнге өзін Ресей азаматы ретінде сезінеді. Заңсыз екеніне еш қымсынбастан Қазақстан мен Ресейдің де азаматтығымен жүрген өзге ұлт өкілдері де жетіп артылады. Іс жүзінде елде қазақтардың проблемасы мен өзге халықтардың проблемасы деген құбылыс қалыптасқан. Және ол проблемалардың өзегі, генеалогиялық құрылымы бір-біріне мүлдем ұқсамайды, бір-бірімен мүлдем қабыспайды. Мемлекет құраушы ұлтқа өзге ұлт өкілдерінің құрметі мерекелерде қазақ халқының шапанын киіп, әніне билеп, екі ауыз қазақша сөйлеумен ғана шектеледі.

Франциядағы секілді кешегі алжирлік, марокколықтың, румынның өзін «мен – французбын» деп таныстыратынын біздің елдің жағдайында еш елестете алмайсыз. Ал бұл жағдайды түрлі ішкі және сыртқы күштердің жетегіндегі ұлтшыл патриоттар, сын сағатының соққанын күткен «бесінші колонна» өкілдері, діни радикалдар жеке мүддесіне пайдаланып кетуге тамаша мүмкіндік есебінде пайдалана алады.

Осы ретте діни жікшілдік, алауыздық және радикалдануды Қазақстанның алдындағы үшінші қауіп деп санаймын.

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында діни жікшілдік және лаңкестікпен байланысты 139 қылмыс тіркелген. Бұл былтырғы жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда 19,8 пайызға көп. 2017 жылдан бері бәсеңдеген бұл қауіптің қайта бас көтергені іргесіндегі Ауғанстанда діни радикалды идеологиямен уланған күш билікке келген тұста, ішкі әлеуметтік, діни наразылық бел алған кезде Қазақстан билігін ерекше алаңдатуы тиіс. Ал дін істері комитетінің шенділері ақпарат саласындағы материалдар санын бір жылда екі есеге көбейткенін айтып мақтанумен шектеледі. Сөйте тұра деструктивті материалдардың көбейіп кеткенін, оған ерушілердің қарасы азаймай тұрғанын амалсыз мойындайды.

Фото: ғаламтордан.

Бұл қауіпті құбылыс неге қайта күшейді? Іс жүзінде таза қазақ қоғамының өзі ішінара ұлттық дәстүрмен сабақтас дінді ұстанушылар  мен арабтың ділі мен мәдениетін жақтаушылар дейтін бір-бірімен бітіспес қарсылас екі топқа бөліне бастағанын жұрт жақсы көріп отыр. Дәл осы тұста діни алауыздықтың алдын алып, діни жамағатты дәстүрлі дін аясына топтастыру негізгі міндеті санлатын Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасына деген қоғамның сенімі селдіреп, наразылығы күшеюде. Жамағаттың өзі іштей бөлінуде. Зайырлы мемлекеттегі дін өкілдерінің «патшаға бағыну» туралы жауыр болған ескі догматикалық уағызынан әрі аспайтыны, салафиттік ұстанымға баулыған діни оқу орындарын тәмамдаған тұлғалардың имамдық қызметке тайғайындалғаны, «діни бірлестік іс жүзінде қауіпсіздік қызметінің бір бөліміне айналды» деген пікірдің ел арасында кең тарағаны, соңғы кездері мүфтият төңірегінде түрлі дау-дамайдың көбейіп кеткені қарапайым халықты былай қойғанда, діни жамағаттың өз ішінде ҚМДБ-ның беделін түсіруде. Түрлі алауыздықтарға себепші болуда.

Билікке деген сенімнің селдіреуі, экономикалық табыстар туралы биік мінбелерден берілген есептің көпшіліктің әлеуметтік тұрмысымен қабыспауы, ресми діни элитаның легитимдігіне деген сенімсіздік діни экстремизм үшін таптырмас катализатор.

Бұл факторлардың қай қайсысының да шиеленіскен жағдайда елге, билікке қарата атылар оқтың триггеріне айналу қаупі тым жоғары.

Төртінші қауіп – әлеуметтік алтын орта институтын қалыптастырудағы дағдарыс. Елде азаматтары қабілетіне қарай жоғары көтеріле алатын әлеуметтік лифт сол күйі істемейді. Бұл жағдай ірі қалалардағы жолдың үстінен салынған көпірлерге шығу үшін мүгедектерге арнап жасалған, бірақ істемейтін лифттер мен пандустарды еске түсіреді.

Азаматтық қоғамға бейімдеу, жалпыға ортақ әмбебап құндылықтарды қалыптастыру, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу секілді маңызды міндеттер жүктелген мемлекеттік, қоғамдық, діни, саяси институттар іс жүзінде декоративті функцияны атқарудан әрі аса алмай отыр. Отбасынан басталатын тәрбие, ортақ құндылық дейтін бірлігі бүтін қоғамның азаматын дайындайтын тетіктер істемейді. Сол себепті моральдық құндылық атаулы қазір гиперинфляцияға ұшырауда.

Фото: ғаламтордан.

10-15 жылда өсіп келе жатқан жаңа буын қоғамның басты қозғаушы күшіне айналады. Дәл сол кезде жоғарыда айтылған проблемалар нағыз асқынған түрде көрінеді. Жастардың қарым-қабілеті мен тәрбиесіндегі ерекшеліктерді, олардың әлеуетін дәл анықтауды елемеу билік үшін болашақтағы ең басты қауіпке, сәйкесінше, Қазақстан үшін үлкен тәуекелге айналады. Өйткені дәл қазір мемлекетпен, билікпен қарым-қатынасы алыстап кеткен, билік өкілдерінен полиция қызметкерлерін ғана жиі көретін жастар қазір өзін діннен, өткенге оралудан іздеуде. Және олар өз бетінше, ешкімнің бақылау, қамқорлығынсыз  ізденуге мәжбүр. Жастар арасындағы дінге бет бұру сырт қарағанда дұрыс көрінгенімен, жоғарыда аталған факторларды ескерсек, бұл діни ренессанс қандай ағымға айналарын ешкім болжап біле алмайды.

Қазақстан үшін ең басты бесінші қауіп – мемлекеттік аппаратты шырмауықша шырмап, өрмекшінің торындай қармап алған жемқорлық және елдің сенімінен жұрдай болған сот жүйесі.

Жыл сайын Қазақстан жемқорлықпен байланысты, сот жүйесіне деген ел сенімі туралы халықаралық рейтингтерде төменгі орындарда қалып келеді.

Қазір ел аузында әкім, депутат, шенеунік, судья деген сөздер «жемқор», «парақор» дейтін сұрқия сөздердің синониміне айналып кетті.

Қоғам адал мемлекеттік қызметкердің болатынын аңыз ретінде қабылдайтын күйге жетті. Ал жемқорлықпен, парақорлықпен кезекті күрес көп ұзамай фарсқа айналатынын ел бал ашпай-ақ білетін болды. Бұған бұлқан-талқан болған қоғамның буын шығаратын, елдің қызуын басатын тетіктер тым әлсіз істейді.

Карикатура: dw.com

Байқасаңыздар, елімізде болған лаңкестік шабуылдардың басым бөлігі мемлекеттік орган ғимараттарына бағытталды. Неге? Өйткені айналасын биік темір қоршаумен қоршап алып, мұздай құрсауланған шенеуніктер мен соттар отыратын ғимараттар елдің санасында ең жеккөрінішті Бастилияға айналып кету қаупі тым жоғары.    

Қазақстан үшін алтыншы қауіп демография мен көші-қон проблемасынан болуы мүмкін. Еліміз соңғы ондаған жыл бойы Орталық Азиядағы туу санының қарқыны ең төмен ел болып отыр. 5 Франция сыйып кететін аймақтағы халық саны 20 миллионға да жетпейтін жағдайда, демографиялық өсімнің төмендігі – болашақтағы тәуекелдің бірі.

Демгографиялық өсім неге төмен? Қазақстанда Орталық Азиядағы көршілері секілді халықтың өсіміне көпбалалы болу дәстүрімен тығыз байланысты ауыл тұрғындары басым үлес қосып келді. Ал қазір Қазақстан қала халқының үлес салмағы жағынан Орталық Азияда көш бастап тұр. Бірақ оған терең өңдеуге негізделген өнеркәсіптің өркендеуі емес, өңірлердегі жаппай жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен ертеңге деген сенімнің жоқтығы себепші.

Іс жүзінде аймақтардан адамдар Нұр-Сұлтан мен Алматыға ағылуда. Ауылдар қаңырап бос қала бастады. Қазір ірі қалаларда Ш, Ы, Ғ сыныптарының пайда болғаны – қала халқының табиғи өсімінің арқасы емес, осы ішкі жағымсыз миграцияның жемісі.

Бақылаусыз жүріп жатқан көші-қон үдерісі – ұлттық қауіпсіздікке қатер келтіретін фактордың бірі. Және бұл үдерісті жоғары білімді адамдардың шетелге көптеп кетуі одан сайын ушықтырады. Себебі бұрын ауыл адамы қала мәдениетін сіңіруі үшін қалалық ортамен танысып, қажет білім мен білік алатын. Ал қалалық мәдениет өкілдері шетелге ағылып жатса, олардың орнын тұрмыс тауқыметі қалаға келуді мәжбүрлегендер басса, ол жерде маргинал ортаның қалыптасары сөзсіз.

Коллаж: ғаламтордан.

Бақылаусыз көші-қонның соңы қандай әлеуметтік жарылысқа апаруы мүмкін екенін 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы жақсы көрсетіп берді. Ол 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында қалаға ағылған алғашқы лекпен жеткен дағдарыс еді. Ал қазіргі жаңа толқынның қашан және қандай жарға барып соғарын ешкім болжап біле алмайды. Мұның сыртында халық саны шектен тыс тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлердің тұрғындарын бос қалған шекаралық аймақтарға, әсіресе, теріскейдегі өңірлерге  көшіру саясаты да сол баяғы жемқорлық, енжарлық, парақорлықтың батпағына батып, бұл көштің жүргенінен гөрі бір орнында тұрғаны басым.

Қазақстан үшін жетінші түйткіл денсаулық сақтау мен білім беру саласымен байланысты. Елдегі денсаулық сақтау саласының халі қаншалықты мүшкіл екенін, індетті ауыздықтауға дайын еместігін коронавирус әшкерелеп берді. Миллиардтаған халқы бар көрші Қытайдағы ковидпен ауырғандар мен көз жұмғандар санының бізден әлденеше есе кем болуы осының айғағы. Тегін медициналық қызметті әлеуметтік медициналық сақтандыру деген атпен бүркемелеп, іс жүзінде ақылы қылдық. Қазақстан халқы үшін бүгінде тегін медицина іс жүзінде адыраспан мен тұмар ғана!

Ал еліміз жүрек-қан тамыры аурулары, онкология, туберкулез секілді әлеуметтік дерт түрлері бойынша әлемдегі қаралы тізімнің басында жүрміз. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де іс жүзінде жұмыс істемейтінін ел көріп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі басшылығына қатысты жыл сайын дерлік жемқорлық, парақорлықпен байланысты дау-дамай шығатыны да бұл салаға деген елдің наразылығын тудыруда.

Қазақстандағы білім беру саласының жағдай да алаңдатарлық. «Алтын Белгі» иегерлерінің саны жағынан еліміз күмәнді рекордын жылда жаңартып келеді. Бұл жағдай «100 қойдан 150 қозы алу» үшін түрлі қитұрқылыққа барған шопандардың социалистік жарысын еске түсіреді.

Парадокс! Осыншама үздіктері бола тұра, білім деңгейі мен оны өмірде қолдану қабілетін тексеретін халықаралық емтихандағы Қазақстан оқушыларының көрсеткіштері жыл өткен сайын құлдырап бара жатқаны осының айғағы. Цифрлы технологиялар мен инновацияларға сүйенген әлемдік экономикада орын алу үшін білім саласына қаржы мен көңілдің көп бөлінуі керек екені түсінікті. Қазақстан билігі білім мен ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізу туралы жоспарын ондаған жыл бойы айтып келеді. Жақында білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің ауызымен бұл меже 2025 жылға ысырылды.

Фото: ғаламтордан.   

EnergyProm агенттігінің дерегінше, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаржы 0,12 пайыздан аспайды. Нәтижесінде ғылым мен білімге бөлінетін қаржы көлемі жағынан әлемде 72 елдің ішінде 66-орында тұрмыз. Бұл жағынан тіпті бір кездері халқының тең жартысы Ресейге қара жұмысқа кеткен Өзбекстанның өзі басып озған еді. ЖІӨ-нің 4 пайызына дейінгі сомасын білім мен ғылымға жұмсайтын Израиль, Оңтүстік Кореямен иық тіреспек түгілі, жақын жылдары маңайлай да алмасымыз түсінікті.

Бәсекеге қабілетті, баршаға ортақ әрі түсінікті ойын ережесі бар, әркімді қабілетіне қарай жоғары көтеретін әлеуметтік лифтісі көп, зиялы, саяси, экономикалық орта қалыптастырғанда ғана елдегі көп проблеманы шешуге, ал ең бастысы Қазақстанның алдындағы ішкі негізгі қауіптерін сейілтуге мүмкіндік туады.   

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: