Бөріхан НҰРМҰХАМЕД: Жағдай жақсы кезде РЕФОРМА ЖАСАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға өзгеріс енгізіп, саяси реформаларды жария еткелі бір жылға жуық уақыт болды. Осы өзгерістердің аясында референдум, президент сайлауы, парламент сайлауы өтіп, билік құрамы жаңарды. Енді қалған нәрсе – білек сыбанып іске кірісу. Сонымен, саяси, экономикалық реформалар барысы қалай жүзеге асып жатыр? Ел өміріне қандай өзгеріс әкелмек?
NEGE-ге сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Бөріхан НҰРМҰХАМЕД еліміздегі қолға алынған реформалардың жемісін қашан жейтінімізді айтты.
Б.Нұрмұхамед
– Президент Қ.Тоқаев жария еткен реформалардың бағыт-бағдары айқын. Десе де, орындалу барысы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бір жылдан бері Президент реформа туралы жария етіп келеді. Бұл – әр жолдауында, әр сөзінде айтқан әңгімелері реформаға айналып, заңдар өзгеріп, бағдарлама қабылдануы қажет. Демек, бұл – ұзаққа созылатын үдеріс.
Менің ойымша, қазіргі өмірге лайықты іс-шаралар енді қабылдануы тиіс. Өйткені, Мәжіліс сайлауы өтіп, Парламент жаңарды. Мәслихаттар да жаңадан жасақталды.
Енді алған мандаттарын пайдаланып, реформа жасауы тиіс. Мұны жеңіл реформа болады деп айта алмаймын. Ауыртпалығы елге де, халыққа да тиеді деп топшылаймын. Сондықтан реформалар әлі алда.
Жария етілген бағытта нақты қадамдар болады деп бұрын айтылған-ды. Енді оны қолға алып, мемлекеттің құжаттарын қабылдап, жүзеге асыру керек.
– Халыққа жеңіл тимейді дедіңіз. Осы жағын тарқатып айтып берсеңіз. Неге мұндай байлам жасадыңыз? Реформалар ел өмірін жеңілдетуі тиіс емес пе? Әлде осындай ауыр кезеңге тап келдік пе?
– Жағдай жақсы кезде реформа жасалмайды. Шынтуайтында, қиын, ауыр кезде ғана жасалады. Алғашқы кезде көп адамның мүддесіне қайшы болады, ауыртпалығы тиеді. Бірақ кейін өз жемісін береді.
Мысалы, 1990-жылдары реформа жасап, нарықтық экономикаға өттік. Естеріңізде болса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына байланысты реформа жасалды. Сонда пәтерлердің коммуналдық төлемдері бірден шарықтап кетті. Энергетика саласында өзгеріс болған кезде электр қуатының бағасы қымбаттады. 1996-1997 жылдары елде мүлде жарық болмады. Халық қиналды. Десе де, жаңа жүйеге, жаңа деңгейге көтерілдік. Содан өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ететін жүйеге өттік. Ақырында реформалар өз нәтижесін берді.
Фото: ғаламтордан
Ресейде бұл реформалар бізден әлдеқайда кеш қолға алынды. Әлі де толықтай аяқталған жоқ. Субсидия арқылы өсірмей, бұрынғы бағаны бір деңгейде ұстап келе жатыр. Ал біз қиналдық, бірақ жаңа жүйеге өтіп үлгердік.
– Өзгерістер көп адамның мүддесіне қайшы болады дедіңіз. Бұл тек қарапайым азаматтарға ғана қатысты емес шығар. Президент олигополия туралы көп айтты. Мүдде қайшылығы олигархтарда да болуы мүмкін бе?
– «Бізге тұтынушылардың қоғамынан еңбек қоғамына қарай қадам жасау керек» деген нәрсе айтылды. Шын мәнінде, бізде еңбек жоғары деңгейге көтерілді деп айтуға болмайды. Өйткені, сырттан келген жұмыс күшіне көп тәуелдіміз. Қоғам өзгеруі тиіс. Өзгерістерге бет бұру да оңай шаруа емес.
Олигархтарға қарсы үдерістерге келсек, бұлар әрі кетсе, отыз шақты әулет болар. Бірақ «әулеттер» облыс, аудан деңгейінде де бар. Олардың дені – мәслихаттардың депутаттары немесе жергілікті билікте отырғандар. Бұл үдеріс те оңай жүреді деп айта алмаймын.
Турасына көшсек, бұл үдерістерді жүргізетін адамдар да жоқтың қасы. Саяси партиялар тек ұран ретінде айтып жүр. Бірақ әлі де саяси, қоғамдық күштер қалыптасуы керек.
– Алдымызда ауыртпашылығы бар түбегейлі экономикалық реформалар күтіп тұр ма?
– Иә, бастамасы айтылды. Жанар-жағармай қымбаттайды деді. Бір жүйеге түсірмекші. «Көрші елде баға жоғары деңгейде болғандықтан, осылай етуге мәжбүрміз» деп уәж айтты.
Менің ойымша, баға қаншалықты көтерілсе, сол өнімді шығаратын компанияға салық соншалықты көп салынуы керек. Түскен салықты әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға көмектесуге, субсидия жасауға жұмсау қажет деп білемін.
– Конституциялық реформа басты заңдағы қораш нәрселерден арылу үшін ғана жасалды ма? Мәселен, экс-президенке қатысты айрықша құқықтардан...
– Бізге заманның талабына сәйкес келетін саяси жүйе керек. Осыған байланысты конституциялық реформа жүргізілді. Яғни, парламенттің рөлі, үкіметтің жауапкершілігі күшейді.
Фото: Ақорда
– Президент, парламент сайлауының мерзімінен бұрын өтуінің бір себебі осында жатыр ма?
– Конституция өзгерді. Соған сәйкес, жүйе де өзгеруі қажет болды.
– Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтпек. Заң жобасы қолға алынуы тиіс. Мұның маңыздылығы неде?
– Демократияның төменнен басталатыны рас. Бірақ оған жету үшін де талай белесті бағындыру қажет. Әлі де өтпелі кезең біраз уақытқа созылуы мүмкін. Меніңше, қазір децентрализация үдерісі жүріп жатыр. Орталықтан әр аймаққа, әр ауданға белгілі бір құзырлар берілмек. Облыс, қала, аудан, ауыл деңгейіне дейін.
Десе де, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру да оңайға түспейді. Бұған қатысты заң жобасы талай мәрте сын тезіне алынды. Біздің талаптар қазіргі заманға сәйкес емес. Еуроодақта Еуропаның өзін-өзі басқару конвенциясы бар. Соны басшылыққа алу керек.
Билік төменнен бастап, жоғарыға дейін сайланып, халыққа, сайлаушыларға тәуелді болуы қажет. Қазіргі жүйе бәрі жоғарыдан басталады. Біз осыдан арылуға, жаңа жүйеге көшуге ұмтылып жатырмыз.
– Сонда, бұл жаңа жүйеге көшудің алғашқы баспалдақтары ма?
– Әрине, алғашқы қадамдары. Бұл – бірнеше жылға созылатын үдеріс. Тоқаевтың 7 жыл мерзімінің жартысы осы реформаларға арналады-ау деп ойлаймын.
– Тоқаев реформаларының жемісін ол биліктен кеткеннен кейін көреміз бе?
– Иә, халық мұның жемісін кейін жейтін болады. Өйткені, көшет енді ғана егіліп жатыр...