13 Маусым 15:39

Бір елі ауызға екі елі қақпақ

Фото:

Неміс ғалымы Макс Вебер «болашақта шенеуніктердің диктатурасы орнайды» деген көріпкелдік айтқан. Қазіргі демократиялық Германиядағы жағдайдың қандай екенінен нақты хабарымыз жоқ. Бірақ біздің елімізде оның айтқаны айдай келіп отырған жайы бар секілді. «Құрғақ қасық ауыз жыртар», енді нақты мысалдарға жүгінейік. NEGE карантиннің кезінде алып шаһар Алматының іргесіндегі елдімекендердің тыныс тіршілігі жайында «Короновирус: Кордон сыртында» деген репортаж берген.

Сонда Бәйтерек ауылының мектеп директоры мен ауыл емханасының дәрігері шағын пікір айтқан. Онда мұғалім балалардың онлайн оқуға көшкенін, мектепке бірде-бір баланың жоқ екенін ғана сөз еткен еді. Дәрігер болса, «бұл ауыл короновирустан ада, шетелге барып келген тұрғындар медициналық бақылауда тұр» деп қана екі ауыз сөз шығындаған. Біздің мақсатымыз – әкімдіктің жұмысы емес, қарапайым адамдардың жайы-күйімен танысу еді. Материалда ешқандай сын болған жоқ. Ауылдың карантин кезіндегі тыныс-тіршілігі ғана көрсетілді.

Журналистке өз жұмысы жайында айтқаны үшін жергілікті билік, яғни ауыл әкімі бұл адамдардың басына әңгіртаяқ орнатты. Қысымның қатты болғаны соншалықты, олар «біздің сөзіміз бен суретімізді алып тастаңызшы» деп бірнеше күн бойы журналистің телефонына тыным бермеді. Тіпті, қалай онлайн жұмыс істеп жатқанын баяндап берген Алматы университеттерінің бірінде сабақ беретін мұғалім жергілікті әкімшіліктің пәрменінен үрейге батып, диктофонда анық басылған, өзі айтқан сөзінен бас тартуға мәжбүр болды. 

Бұл – бір ғана мысал. Әлеуметтік желілерде мұндай оқиғалар толып жатыр. Мәселен, Алматы облысы, Мұқыр ауылындағы мектеп мұғалімі Майра Байболатова Instagram желісінде түн жарымда интернет үшін, ауылдың басқа шетіне барып жұмыс істеп жүргенін, «кедей елдің кедей мұғалімі» екенін айтып, ыза-өкінішке толы назын білдірген. Бір күннен соң көпшіліктен сондағы сөзі үшін кешірім сұраған бейнежазбасы жарияланды. Әрине, бұл жергілікті әкімшіліктің қарапайым адамның пікірін бір күннің ішінде 180 градусқа өзгертіп жіберуге құдіреті жететінін көрсетеді.

Ал жоғары лауазымды шенеуніктер жайында эмоцияға ерік беріп, сын айтқандар бап арқалап, бас бостандығынан айырылып жатқанына да куә болып отырмыз. Тіпті, көрші елдердің бірінің президентін ұнатпайтынын қатқыл жеткізген адамның да сотқа тартылғаны сорақылықтан басқа дәнеңе емес.

Шенеуніктер қызуқанды таулықтардан өнеге алып отырған секілді. Сол ұлт жайында ұшқары пікір айтып, батылсынған адамдардың біршама уақыттан соң жүні жығылып, сүмірейіп кешірім сұрап тұратыны бар. Жарайды, намысқой таулықтар ұлтының абыройын жұдырықпен қорғады делік. Ал жұмысының кемшілігі үшін наразылық білдірген адамдарға кешірім сұрататындай шенеуніктерге не жорық? Феодалдық мінез-құлықты шенділердің мұрнына адам құқығы, пікір еркіндігі, алуандылығы деген ұғымдардың иісі де бармайды-ау. Әкімдер өздерін жарты патша сезінуі – жақсылықтың нышаны емес. Мұндай келеңсіздіктер, бір елі ауызға екі елі қақпақ қою соңғы кезде төтен оқиға емес, үрдіске айналып бара жатқаны тіксіндіреді.

Қазбек Бейсебаев: «Ауруын жасырған арам өледі»

– «Ауруын жасырған арам өледі» деген сөз бар. Бұдан басқа не айтуға болады? Бізде неше түрлі мәселе көп. Пандемиядан кейін әлеуметтік проблемалар қордаланып, экономикалық ахуал қиындап барады. Адамдарға өмір сүру қиын болып жатыр. Табыс азайды. Кейбіреулер мүлде ас-ауқатсыз қалды. Бұл мәселелерді дәрігерлер мен мұғалімдер көтеріп, айтып жатыр. Билік бұл мәселені көтермеңдер, шешіп береміз дейді. Отыз жылдан бері осы.

Қазір мақұл, күзге қарай бәрі қиын болады. Мұнай бағасы төмендеді. Мұнай компанияларының жағдайы нешік? Жаппай қысқарту болып жатыр. Бұл жағдайлар түбі бірдеңеге жеткізеді. Олар қалай жасырса да, бәрі анық көрініп тұр. Бұл саясат дұрыс емес. Жағдайдың қиын екенін ашық айтуы керек. Аузын ашқан, митингке шыққан адамдарды қысымға алуды доғаруы тиіс.

Шыңғыс Мұқан: Халықтың өзі талапшыл болуы керек

– Бұл, енді, нонсенс. Неге бұлай? Мұның Кеңес дәуірінен келе жатқан тарихи астары бар. Тоталитарлық қоғамда өмір сүрдік. «Ауру қалса да, әдет қалмайды», мемлекеттік қызметкерлердің әкіреңдеп, жекіп сөйлеуі жалғасып келеді. Олар халықтың қызметшісі емес, қожасы секілді. Халық та бойкүйездік танытуда. Бұл – бұрыннан келе жатқан билік пен халық арасындағы қатынас.

Қалай болуы тиіс? Мемлекеттік органдардың халыққа: «Неге олай сөйлейсің?» деп айтуға құқығы жоқ. Бұған жол берген мемлекеттік қызметкер конституцияны тікелей бұзып отыр. Әр адам өз пікірін айтуға құқылы. Шенеуніктерге ұнай ма, жоқ па, ол жағы – бесінші мәселе. Өркениетті елде бір адамға келіп, «неге мынадай пікір айтасың» деп айтып көрсінші. Сол күні сотқа беріп, конституциялық құқығын бұзғаны үшін моралдық шығын, бәленбай ақша өндіріп алады. Жергілікті билік қоқандаса, оны жазып алуы керек. «Жақсы, талаптарыңызды жазбаша беріңіз», – деп сұрау керек те, құқығын аяққа таптағаны үшін сотқа беру қажет.  Бірақ біздің халық бұған бармайды. Басын бұғып үйреніп қалған. Бұл жердегі мемлекеттік органдардың әрекеті заңға қайшы. Халықтың өзі де талапшыл болуы тиіс. 

Сайын Борбасов: Кемшілігін бүркемелеген қоғам ұзаққа бармайды

– Бізде авторитарлық қоғам. Соңғы жылдары елімізде сөз бостандығы шектелді. Мұны әлемнің де, өзіміздің де сарапшылар айтып жатыр. Бұл – үлкен қателік. Адам өзінің мәселелерін айтты екен деп, оны жазалауға, қорқытып, күш көрсетуге болмайды.

Бізде 95 мыңдай әскер бар. Полицияда 148 мың адам жұмыс істейді. Полициямыз әскерден көп. Бұл керісінше болуы тиіс. Әкімшіліктер полицияны адамдарға қарсы айдап салып отыр. Бұл – өте теріс үрдіс. Жөндемесе, болмайды. Конституция бойынша, әр адам өз құқықтарымен бостандықтарын қорғауға, айтуға құқылы. АҚШ-та Флойд деген кісіні полиция артық күш көрсетіп, өлтіріп алды. Полиция ресми түрде халықтан кешірім сұрады. Полиция билікке емес, халыққа қызмет көрсетуі керек. Бандиттерден, ұры-қарыдан қорғауы тиіс.

Әлеуметтік желіге шыққан адамдарды қорқытып-үркіту дұрыс емес. Шын мәнінде дұрыс қоғам орнатамыз десек, кемшіліктердің беті ашылып, қайшылықтар мен олқылықтар ашық айтылуы қажет. Кемшілігін бүркемелеген қоғам ұзаққа бармайды. Тек мақтанып, ауруымызды жасара берсек, адам да, қоғам да өледі. Американың Бжезинский деген атақты саясаткері бар. Ол: «Кеңес одағы неге құлады? Себебі, бұл ел тек жаманын жасырып, жетістігін ғана айта беретін. АҚШ неге озып кетті? Себебі, біз кемшіліктерімізді талқылап, мәселелерімізді шешіп отырдық. Сондықтан, біз оздық, кеңестер келмеске кетті. Әйтпесе, потенциялымыз шамалас еді. Тіпті, Кеңес одағының потенциялы бізден асық болатын», – деген еді.

Біз тарихтан әлі күнге дейін сабақ алмай отырмыз. Кемшіліктерді айтқан адамдарды жазалау дұрыс нәрсе емес. Демократия дегеніміз – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған ізгілікті қоғам құрудың қағидаттары. Орасан зор тәжірибе. Адамзат қоғамды жөндейтін демократиядан басқа дәрі тапқан жоқ. Демократия дегеніміз не? Ол – билік бөлінісі, халық алдындағы жауапкершілігі, әділетті сайлау, сөз бостандығы, ар мен дін бостандығы. АҚШ-та неге халық көтерілді? Себебі, демократияның қағидаттары, жеке адамның бостандығы, яғни конституциялық тірек бұзылып отыр. Демократия – әлемдік әмбебап тәжірибе.

Тегтер: