18 Қазан 14:37
...

«БИЛІКТІҢ тілі – ОРЫС тілі» – «Қазақ тілі» қоғамынан қайыр бар ма?

Фото:
«

Ресми мәлімет бойынша Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгерген. Бірақ, қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны қанша өссе де, тіл проблемалары шешілмей отыр» дейді сарапшылар. Ал мемлекеттен қаражат алып, қазақ тілінің дамуына жұмыс істеп отырған ұйымдардың жұмысы мардымсыз.

Белгілі педагог, қоғам белсендісі Аятжан АХМЕТЖАН билік басында қазақ тілді шенеуніктер көбеймей мәселе шешілмейтінін айтады.

Халықтың 80 пайызы сөйлейді ғой, бірақ ол биліктің 80 пайызы деген сөз емес. Дау неден шығады? Халықтың талап етіп отырған тілі мен қызмет көрсету тілі екі басқа. Халық қазақша сөйлейді билік орысша жауап береді, халық қазақша құжат көргісі келеді билік орысша құжат ұсынады. Тіпті мемлекеттік тілдің күш алып бара жатқанынан қорқатын билік басында шешеуніктер көп, – дейді А.Ахметжан.

А.Ахметжан. Фото: ғаламтордан

Айта кетейік, Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының санағы қорытындысы бойынша елімізде мемлекеттік тілді меңгерген 5 жастан асқан 13,7 млн адам бар, яғни ол жалпы халық санының 81 пайызына тең. Олардың 8,5  млн-ы қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолданады. Ал 1 млн адам мемлекеттік тілді үйреніп жүрсе, тағы 1 млн-ы үйренуді жоспарлап жүр.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, саясаткер Дос КӨШІМ қазақ тілін білетіндер көп болғанымен, қазақша сөйлейтіндер аз деп есептейді.

Басқалар орысша сөйлесе біз де соларға еріп кетеміз бе, теледидар орысша болғасын, соған ілесіп кетеміз бе, әйтеуір бізде жігер-күш пен рух жоқ. Бірігіп осы мәселені өзгертеміз деген мақсат жоқ. Мен ертең мемлекеттік тілді білетіндердің саны 90 пайызға жетіп, бірақ 1 пайыз қазақша сөйлемей кете ме деп қорқамын, – дейді саясаткер.

1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғаннан кейін, елімізде «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Оның бөлімшелері Республика бойынша барлық мемкемелерде болды. «Қазақ тілі» қоғамында жұмыс істейтіндер көп іс тындыра бастады. «Алайда қазір олай жұмыс істейтін ұйым жоқ», – дейді Дос Көшім.

– Қоғам мүшелерінің белсенділігін көрген билік бір жыл өтпей жатып, «Қазақ тілі» қоғамын таратып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрды. Ұйымға профессорлар мен академиктерді қосты да, кітап шығарайық, тілдің ғылыми мәселесін шешейік деумен шектеліп қалды. Ал практикалық жағынан қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне дейін көтеріп, қолданылатын қажет тіл жасау деген мәселенің барлығы тоқтады, – деді Д.Көшім.

Бүгінгі күні Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысын жалғастырып келеді. Қоғамның филиалдары бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істеп тұр. Осы жылдың шілде айында қордың бұрынғы басшысы Берік ӘБДІҒАЛИ Ұлытау обылысының әкімі болып тағайындалғаннан кейін, қорға басшы болып Рауан КЕНЖЕХАН келген.

Р.Кенжехан. Фото: aikyn.kz

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханды қабылдады. Рауан Кенжехан әлеуметтік желідегі парақшасына президентпен қандай мәселелерді талқылағанын жазды. Олар латын әліпбиіне көшу, қазақ тіліндегі анимация және кино қорын жасау, кітап шығару, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі және құралдарын жетілдіру мен заманауи IT технологиялардың қазақ тіліндегі қызметін жетілдіру сияқты бірқатар мәселелерді талқылағандарын айтты.

1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы  мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерден қаражат алып жұмыс істейді. Қоғам биыл үш облыстан 64 300 000 теңге қаражат алған.

Нақтырақ айтсақ, СҚО әкімдігі арқылы 20 млн теңге, Атырау облыстық әкімдігінен Саяси қуғын-сүргін жобасына байқау арқылы 38 млн теңге,  ал тілдік зерттеу жобасына 800 мың теңге қаражат алыпты. Қостанайдан көрнекі жобасына 3,5 млн және А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында өткен «Тіл және сана» атты байқаудан 2 млн теңге ұтқан.

Айта кетейік, Қорға Ақтөбе мен Шығыс Қазақстаннан да қаражат түскен. Ұйым «Алтын қыран», «Халықаралық түркі тілдес мұғалімдер» ассоциациясынан да қаражат алып жұмыс істейді.

Мемлекеттік тілді дамытуға елімізде бюджеттен жылда миллиондаған қаражат бөлініп жатыр. Бірақ қордаланған тілдік мәселелер шешілер емес. Саясаткер Дос Көшім тіпті мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін анықтағысы да келгенін айтты.

Д.Көшім, Фото: ғаламтордан.

– Мемлекеттік тілді қолдауға қанша қаражат бөлінетінін «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан 2008-2009 жылдары анықтауға тырыстық, бірақ өте қиын. Қазақ тіліне жоғары жақтан миллиард немесе миллион бөлінді делік, ол қаражат бөлінген әрбір министрлік, оның ішіндегі қай бөлімге және қалай бөлінгенін анықтау мүлдем мүмкін емес. Иә, қазақ тіліне ақша бөлінді дегенді естіп жатамыз. Бірақ жиындарға кетіп жатыр немесе кітап шығарылып жатыр деп те айта алмаймыз, – дейді ол.

Дос Көшімнің пікірінше мемлекеттің тілдік бағытта ұстанатын саясаты жоқ және ондай саясатты билік жасағысы келмейді.

– Биліктің өмір сүретін тілі – орыс тілі. Сондықтан солтүстіктің немесе шығыстың орыс тілді халқын бізге қарсы қояды да, өздері миықтарынан күліп отыра береді. Егер екі тілді қатар қойса, қазақ тілі ұтылады. Орыс тілі бәрібір басып кетеді. Себебі, біреуі – ауру, біреуі – сау, біреуі – атты, біреуі – жаяу. Біздің тілімізді тірілтіп, қажеттілігін арттыратын заңдар қабылдау қажет, – деді саясаткер.

Педагог, қоғам белсендісі Ахметжан Аятжан да тиісті заңның жоқтығынан қазақ тілі өз тұғырына қона алмай отырғанын айтады.

– Конституцияның 7-бабы, 2-тармағын алып тастаудан бастап, «мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген сияқты жаңа баптар енгізу қажет. Бұрын «тілді дамыту» басқармасы болған, қазір «тілдерді» деп жалпақшешейге айналдырып жіберген мекеме бар. Сол «Тілдерді дамыту» басқармасын «Мемлекеттік тілді дамыту» басқармасы деп қайта құрып және олардың өзгелерді тексеретін, мемлекеттік тілді қөрлаған жағдайда жауапқа тарта алатын құзыреті болуы керек, – деп есептейді педагог.

Тегтер: