10 Маусым 18:22

«Алдағы аптада Маминнің тағдыры шешіледі»

Фото:
«Алдағы аптада үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, оған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Осы жиында Мамин басқаратын Үкіметтің тағдыры шешілуі мүмкін...»

Редакцияға хабарласқан дереккөз осылай дейді. Бұған сенуге негіз бар. Өйткені Президент Қ.Тоқаев әкімдер мен министрлерді шетінен қабылдап, «тамыр басып» жатқандай көрінеді. Мәселен кеше вице-премьер Роман Склярды қабылдаса, бүгін премьер-министр Асқар Маминнің өзінен есеп алды.

Фото: akorda.kz

Ақорданың ресми сайты таратқан ақпаратқа қарағанда, А.Мамин Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа экономиканың негізгі салалары бойынша есеп берген. Сықиған сандар мен пайыздық көрсеткіштерден тұратын ресми ақпарда Үкіметтің алдағы аптада өтуі мүмкін кеңейтілген отырысы туралы сөз жоқ.

Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, ресми кездесудің бейресми бөлімінде Президент Қ.Тоқаев А.Маминнің жұмысына көңілі толмайтынын ескерткен болуы әбден мүмкін.

Мамин бұған дейін де Тоқаевтан сөз естіп, қатаң ескерту алған. Егер тағы да қатаң ескерту жарияласа, Премьер-министрді абыройсыз етіп кетіруіне тура келеді.

Дереккөздің айтуынша, Қ.Тоқаев мұндай радикалды қадамға бара қоймайды, Маминмен қоштасудың басқа жұмсақтау жолын таңдауы мүмкін. Алайда, түбегейлі шешім қабылдауға көлденең факторлар килігуі ғажап емес. Егер Ақорда мен Кітапхана Маминге қатысты ортақ шешімге келсе, оған күзге дейін тағы мүмкіндік берілмек.

Қазіргі Үкіметтің жұмысына Президенттің ғана емес, қарапайым халықтың да көңілі толмайды. Пандемияға қарсы шаралардың қайраңдауы, вакцинация, қымбатшылық мәселелері елді алқымдап-ақ тұр. Оны шешуге Үкімет қауқарсыз.

Алдағы аптада өтуі мүмкін жиын туралы тілшіміздің сұрағын Ақорда мен Үкіметтің баспасөз қызметі жауапсыз қалдырды.

Ресми түсініктеме алу мүмкін болмағандықтан, тілшіміз сарапшылардың ортасына сауал тастады. Олардың дені бір ауыздан Асқар Маминнің жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілі толмайтынын айтады. Президентке салса, Үкімет былтыр жазда отставкаға кетуі тиіс еді. Тек қана Кітапхананың қолдауы осы уақытқа дейін ештеңеге алаң болмауына кепілдік беріп келді.

Десе де, Ақорда мен Кітапхана болашақ ауыс-түйістер жайлы жуық арада ортақ ымыраға келетініне күмән жоқ. Мәселе басқада: Үкіметті кім басқарады? Басты үміткерлер кім? Үкіметтің ізін ала қандай ауыс-түйіс болады?

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Осы үкімет кетсе, қатты қуанар едім

– Бір өзгеріс болады дегенге күмәнім бар. Қаңтар айында сайлау өтті. Бірақ ештеңе өзгермеді. Тұңғыш президент Асқар Маминге сенім білдіріп, орнында қалдырды. Одан бері көп уақыт өткен жоқ. Сондықтан себеп жоқ.

Картоп бағасының күрт қымбаттауына қатысты Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрлігі бірін-бірі кінәлап отыр. Қарама-қайшы дерек келтіреді. Бұл нені көрсетеді? Үкімет – үкімет емес, жиын секілді.

Бұл Мамин кабинетінің тындырымды жұмыс істеп жатпағанын көрсетеді. Ұлттық қордың төңірегіндегі шикіліктерді айтпағанда, бір ғана картоптың неге қымбаттағанын түсіндіріп бере алмады. Онда олар ол орында неге отыр?

Президент үкіметке қатаң сөгіс беруі мүмкін. Мұнымен шектелмей, ауыстырғаны жөн. Осы үкімет кетсе, өз басым қатты қуанар едім. Үкіметті отставкаға кетіруге себеп жеткілікті.

Мақсат Халық, экономист:

Үкімет қымбатшылықтың есебінен экономикалық өсімге қол жеткізбек

– Үкіметтің жұмысында олқылықтар көп. Президент халықты еститін Үкімет жайында жиі сөз қозғап жүр. Дегенмен, кейбір мәселелер бойынша жауап алатын үкіметтің мүшелерін таба алмай қаламыз. Қоғамның сауалдарына Үкіметтің ой-пікірін жүйелеп түсіндіріп бере алатын ешкім жоқ.

Пандемия, вакцинация, қымбатшылық мәселелері төңірегінде Үкіметтің позициясын қорғап шығатын ешкімді көріп тұрғаным жоқ. Осы тұрғыдан Президенттің тарапынан нақты ескертулер жасалады деп ойлаймын. Халықтың жалақысын арттыру мәселесі сөз болып жатыр. Бірақ айлық көтерілемін дегенше, азық-түлік бағасы әбден қымбаттап кетті. Бұл азаматтарымыздың қалтасы жұқарып жатқанын көрсетеді.

Аймақтарда азық-түлік бағасын ұстап тұруға қаншама қаржы бөлініп жатқанмен, оның ешқандай әсерін байқамадық. Керісінше, баға шарықтап барады. Қымбатшылық мәселесіне баса назар аударылуы керек деп есептеймін.

Қазір экономикада аздаған белсенділік байқалады. Үкіметтің, Ұлттық банктің болжамдарына сенсек, тәп-тәуір ілгерілеушілікке қол жеткіземіз. Межені 4 пайыз деңгейінде деп көрсеткен. Шындығында, ол есепке бәрі қымбатшылықтың есебінен қол жеткізіп отыр.

Тоғжан Қожалиева, саясаткер:

Осы отырыста үлкен ауыс-түйіс болуы ғажап емес

– Асқар Маминге Ресей бекерден-бекер орден берген жоқ. Соған қарағанда, қазіргі Үкімет басшысының әне-міне дегенше орынтағын босататынын біліп отыр. Кетер алдында бір құрмет көрсетіп қалған секілді.

Осы отырыста үлкен ауыс-түйіс болуы ғажап емес. Айтылып жатқан болжамдарға қарасақ, өзгеріс қыркүйекке қарай болуы тиіс еді. Бірақ билік күзді күтпей, бел шешіп кіріскісі келетіндей.

Алматы қаласының әкімі өзгереді деген сыбыс бар. Бұл орынға қазіргі премьер Асқар Маминді теліп жүр. «Аида Балаеваның үміті бар» деген де сыбыс шықты. 

Премьер-министр қызметіне келуі мүмкін төрт кандидаттың да аты көптен бері аталып жүр. Олар – Н.Нығматуллин, Ө.Шөкеев, Ә.Смайлов және Б.Байбек. Шөкеев түлеген Түркістанды Елбасыға көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаевқа бәрі қатты ұнапты. Бұл «пиарды премьер болуға ұмтылған Шөкеев әдейі ұйымдастырды» дейді жұрт. Нығматулин де соңғы кезде белсенді.

Тегтер: