12 Сәуір 18:25

«Басқа вариант жоқ»: Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВ өнердегі әкпесін қалай өкпелетіп алғанын айтты

Фото:
Жуырда отандық телеарналардың бірінде қонақта болған белгілі актриса Жұлдызай ДҮЙСЕНБИЕВА өнердегі бауыры Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВҚА деген өкпесін жеткізген еді. 

«Бұл сен ойнап жүрген арзан әзіл емес, драма» дегенді айтып, киносына түсірмеді деп өнердегі інісіне кейістік танытты. NEGE тілшісі Бағланға хабарласып, арадағы өкпе-реніштің анық-қанығын сұрады.

Жұлдызай әпкеңізді қатты ренжітіп алған секілдісіз ғой...

– Ренжіткенде былай ғой, кинода оған лайықты рөл жоқ екенін айттым. Фильмде көрініс беретін менің не әйелімнің, не анамның немесе казинодағы әкімшінің де рөліне келіңкіремеді. Сондықтан ашығын айтқан едім. Бірақ ол жерде ренжитіндей ештеңе көріп тұрған жоқпын.

– Сіздің сөзіңіз намысын жаныса керек, бұдан соң актриса «Вайн емес, кино» атты  туындысын қолға алғанын айтыпты.

– Мен ол фильміне түсіп те бердім ғой. Егер көп айтқандай маған кек сақтаған болса, шақырмайтын еді.

– Киносына түскеніңіз үшін ақы алдыңыз ба?

– Жоқ, тегін түстім. Негізі, Жұлдызай маған тікелей реніш білдірген жоқ. Бар болғаны, сұхбат барысында көңіліндегі кірбіңді жеткізген ғой. Бағланның «бетін көрмеймін» немесе «енді араласпаймын» деген жоқ қой. Дегенмен, соны Жұлдызайдың желідегі оқырмандары дұрыс түсінбей, маған шабуыл жасады.

– «Бұл сен ойнап жүрген арзан әзіл емес, драма» дегеніңіз жеңіл сөз емес қой?

– Сұхбаты шыққан соң өзіне телефон шалып едім, тұтқаны көтермеді. Содан кейін  бұл турасында анық-қанығын айтып, инста парақшама арнайы пост жаздым.

«Әр нәрсенің қайыры бар» дейді ғой, менің бір ауыз сөзім Жұлдызайға қатты әсер етсе керек, бірден кино түсіруге қадам бастап кетті. 

Ал, шынтуайтында кез келген адам кино түсіруге бел буа бермейді. Бірақ Жұлдызайдың қайсарлығына тәнті болдым.

– Екінші фильмнің түсірілім жұмыстарын бастап кеткен екенсіз. Соған қарағанда, сізге әншіліктен гөрі кино түсірген ұнап қалған тәрізді ғой?

– Zero фильмі әлеуметтік драма болса, бұл жолы «Басқа вариант жоқ» атты комедия жанрында фильм түсіріп жатырмын. Туындының сценариі Олжас АБАЙҒА арналып жазылған. Мақсаты – әр нәрсенің шешімі бар, сондықтан адам кез келген тығырықтан шыға алады. Осыны көрермен жүрегіне жеткізу болды. Қазір қаражат жағына болмаса, фильмнің жұмыстарына мүлде араласып жатқан жоқпын. Кімнің ойнайтынын да іріктеу директоры өзі шешті. 

– Комедияда Жұлдызайға бір рөл табылатын шығар?

– Сценарий бойынша шаштараздың рөліне келетін болғандықтан, арнайы кастинге шақырылып, бекітілген еді. Бірақ өз киносының әлегімен жүргендіктен түсірілімге келе алмады. Сондықтан орынына өзге адам алуымызға тура келді.

– Биыл «Жігіттер» квартетінің 20 жылдығы. Концерт пен киноның арасында жүгіру қиындық тудырып жатқан жоқ па?

– Жоқ, барлығы қалыпты. Керісінше, енді тағы немен айналысу керек деп жүрген жайым бар.

«Бағлан құмар ойынды тастаған соң байып кеткен-ау. Әйтпесе кезек-кезек кино түсіруге қаражатты қайдан тауып жатыр?» дейтіндер бар екен.

– «Алма піс, аузыма түс» деп жата берсе, кімнің табағына кім ет салып берер дейсіз?! Табыс жамбасты көтеріп жұмыс істеп жатқан адамға келеді ғой.

Түсінгенім, дәл қазіргі заманда кәсіпке икемің келіп, идеяң жақсы болса, нәпақа табудың жолы қиын емес. Менің соған көзім жетті.

Тегтер: