26 Шілде 11:10
...

Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?

Фото:

Санасы енді ғана жетіліп, ой-өрісі енді ғана дамып келе жатқан балалар көз алдында жылт еткеннің бәрін тамашалауға құмар. Бала жыбырлаған бейнелерді қызықтағанды жақсы көреді. Бұрын балалар теледидар алдында телмірсе, енді смартфондарды қолынан тастамайды. 

Баланың санасы таза парақ сияқты, көргенінің барлығын бойына сіңіріп алады. Сол дүниелерге еліктеп, ұқсағысы келеді. Киімдерін, ойыншықтарын мультфильм кейіпкерлерінің бейнесімен сәйкестендіріп алады. Мұның барлығынан бала психологиясына анимацияның әсерін байқауға болады.

Мультипликация кинематографтан бұрын дамыған. Сонау 19 ғасырда ғалымдар жарықтандыру фонында сызбалары бар айналмалы таспаны ойлап тапты.Тарихтағы алғашқы мультфильм 1906 жылы шыққан «Көңілді адамдардың күлкілі бет-пішіндері» жобасы болды.

3 минуттық бейнеролликте суретші бормен тақтаға нешетүрлі пішіндерді салады. Қарапайымдылығына қарамастан, картина заманауи анимацияның негізін қалады.

1914 жылы Америка Құрама штаттарында «Динозавр Герти» атты алғашқы мультфильм жарық көрді. «Динозавр Герти» Дисней топтамасының атасы саналады. Бүгінгі таңда анимация әртүрлі техникалық шешімдермен, сюжеттермен және білім беру бағдарламаларымен таң қалдырады. Бүгінде анимацияның мүмкіндігі өте жоғары. Қызықты сюжеттермен, түрлі-түсті бейнелермен бала түгілі ересек адамдардың өзін таңқалдырады.

Бүгінде мультфильмдердің саны өте көп. Әрине, бұл бір шетінен жақсы болғанымен, сапалысын табу қиындық туғызады. Өйткені ақпарат кеңістігінде таңдау көп. Коммерциялық қоқыстың арасынан лайықты мультфильмдерді таңдау керек. Мультфильмдер – тәрбие беру жүйесінің бір ғана элементіне жатады. Яғни, олар балаға әсер етеді, бірақ басқа факторлармен қатар. Мысалы: қоршаған орта, оқу, ойын. Жаман мультфильмдер баланың психикасын міндетті түрде «бұзады» деу дұрыс емес. Өйткені бір мультфильмді екі бала екі түрлі қабылдайды. Баланы мейірімділікке және жақсылыққа тәрбиелейтін мультфильмдерді көрсету керек. Анимацияны көру арқылы олар жан-жануарлармен, өсімдіктермен, қоршаған ортадағы құбылыстармен, елдермен танысады. Сол арқылы ой-өрісін кеңейтеді.

Кішкентай бала әдетте сүйікті кейіпкерлеріне еліктейді. Олардың қасиеттерін қабылдауға тырысады. Олардың әрекетін қайталайды.

Тіпті, кейде өзін кейіпкердің орнына қойып, солар сияқты өмір сүруге икемделеді. Солай бейімделе бастайды. Виртуалды әлемнің бала психикасына кері әсері екі себепке байланысты пайда болады: мультфильмдерді дұрыс таңдамау және тым ұзақ қарау.

Психологтар анимацияның төмендегідей кері әсерлерін атап өтті:

Жүйке жүйесі жұмысының бұзылуы. Кадрлары жылдам ауысатын мультфильмдерді ұзақ уақыт көру мидың қыртыстық бөліктерінің дамуын тежейді. Олар екі маңызды функцияға жауап береді: қарым-қатынас дағдылары және қозғалысты үйлестіру. Яғни, бала айналасында болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарай бастайды.

Мінез-құлықтың деструктивті үлгілерін қалыптастыру. Бұл тәрбиелік функцияның кері тұсы. Егер мультфильмдер дұрыс таңдалмаса, бала кейіпкерлерінен жағымсыз қасиеттерді қабылдауы мүмкін. Мысалы: өзімшілдік, дөрекілік, азғындық, агрессия.

Психикалық тәуелділікті дамыту. Тәуелділік бала мультфильмдерді сағаттап көргенде және бос уақыт болмаған кезде қалыптасады. Бұл көбінесе ата-анасы үнемі жұмыс істейтін және баламен бірге ойнауға уақыт бөлмейтін отбасыларда байқалады.

Гиперактивтілік синдромының дамуы. Гиперактивтілік - бұл зейінке қатысты мәселе. Эмоцияның шамадан тыс болуы салдарынан бала оқуға, қарым-қатынасқа, ойындарға және басқа да конструктивті әрекеттерге зейін аудара алмайды. Ашу-ызасын басқара алмайды. Гиперактивтілік синдромы баланың қоғамға қалыпты бейімделуіне кедергі жасайды. Егер мұндай мәселе туындаса, ата-аналар бірден психологқа хабарласуы керек.

Сонымен қатар мультфильмнің жағымды әсерлерін де атап өткен жөн. 

Ой-өрісін кеңейтеді. Бала мультфильм көру арқылы айналасын танып біледі.

Баланың бойында жағымды мінез қалыптастырады. Бала өзінің сүйікті кейіпкеріне еліктеп, сол сияқты шыншыл, батыр, әрі мейірімді болуға талпынады.

Эмоцияларды сезіндіреді. Кішкентай бала анимация кейіпкерлерінің көңіл-күйін өздеріне қабылдап, солармен бірге шаттанады. Ойын барысында да сол эмоцияларды шығарады.

Балалардың мультфильмдерді қай жастан бастап көргені дұрыс?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үш жасқа толмаған балаларға мультфильмді көрсетуге болмайды деп санайды. Мұндай ерте жаста балалар көз алдындағы суреттің мазмұнын түсіне алмайды, бірақ түрлі-түсті бейнелерге ерекше назар аударады.

Олар үшін мультфильмдерді көрудің тәрбиелік мәні жоқ, десе де олардың физикалық денсаулығына зияны бар:

– тірек-қимыл аппаратының дамуына кедергі келтіреді;

– көру қабілетін нашарлатады;

– салмақтың өсуіне ықпал етеді.

Мультфильмдердің сыртындағы «0+» белгісі кішкентай балалардың көруіне болады дегенді білдірмейді. Бұл тек ересектерге арналған мазмұнның жоқтығын сипаттайды: зорлық-зомбылық көріністері, әдепсіз сөздердің жоқтығы.

Ата-аналар балалардың мультфильмдерге жұмсайтын уақытын қатаң бақылауы керек. Бұл кем дегенде үш себеп бойынша қажет:

– тәуелділікті болдырмау;

– теледидар бала үшін әлемнің қалған бөлігін алмастырмауы керек. Құрдастарымен қарым-қатынас жасап, ойнап, шығармашылығын дамытып, оқуы үшін.

– баланың денсаулығын сақтау үшін.

Мультфильм көру кезінде бала экраннан 2,5-3 метр қашықтықта болуы керек. Сонымен қатар, түнде жарық сөніп тұрғанда теледидар көрмегені дұрыс.

Мультфильм баланың қиялын, есте сақтауын, ойлауын дамыта алады. Бұл болып жатқан нәрсені қабылдау және талдау, салыстыру, оқиғалар тізбегінің логикасын орнату, сондай-ақ пайымдау нәтижелерін қарау барысында болады. Бүгінгі күні баланы санауға және оқуға, түстерді, пішіндерді және фигураларды ажыратуға үйрететін, сонымен қатар қоршаған әлем туралы түрлі-түсті баяндайтын мультфильмдер өте көп. Сонымен қатар, мультфильм көру арқылы шет тілін үйренудің мүмкіндігі бар. Мультфильм көру барысында балалар сөздік қорларын толықтырады, дұрыс сөйлеуге үйренеді, ойларын әдемі тұжырымдайды. Жақсы мультфильмдер балалардың шығармашылығын дамытады.

Жалпы алғанда, мультфильмдердің әсері баланың дамуына оң әсер етеді. Балалар көруге арналған мультфильмдер тізімін таңдауға байыпты және жауапкершілікпен қарау керек.

Бірақ, оң әсерлеріне қарамастан, әдеттегідей мультфильмдерді көру балаға кері әсер етуі мүмкін. Шынында да, баланың жасы мен тәжірибесі аз болғандықтан, ол көрген ақпаратты сүзгіден өткізе алмайды. Сондықтан балалар психологтары мультфильмдердің де бала психикасына кері әсері бар екенін жиі айтады.

Баланың агрессивті мінез-құлқы басты кейіпкерлерге еліктеуінен туындауы мүмкін. Балаға кім жүз пайыз жақсы, кім жаман екенін анықтау қиын. Содан кейін ол өзіне қисынды болып көрінетін мінез-құлық стратегиясын таңдайды.

Ата-аналардың алдында мультфильмдердің бала психикасына кері әсерін қалай болдырмауға болады деген сұрақтар туындайды.

Мұнда бәрі өте қарапайым: бала үшін ең бастысы – ата-ананың қатысуы. Қазіргі мультфильмдер көбінесе ересектерге арналған. Сондықтан ата-аналар оларды баламен бірге бақылап, оған эпизодтарды, кейіпкерлердің мінез-құлқын, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын түсіндіріп отыруы керек. Осылайша сіз зорлық-зомбылық көріністерін, әдепсіз сөздерді және балаға қарауды қажет етпейтін барлық нәрселерді бақылай аласыз.

Мультфильм өргеннен кейін бірден ата-аналар баланың эмоционалдық жағдайын бағалауы керек. Егер бала шабыттанса, қызығушылық танытса мультфильмнің психикаға оң әсер еткенін байқаймыз.

Бала үшін мультфильм – әлемді ашатын терезе іспеттес. Олар белгілі бір мінез-құлық үлгілерін сіңіреді, мораль мен этика нормаларын қабылдайды. Мультфильмдердің көмегімен балалар мәселелерді шешудің әртүрлі тәсілдерін (оның ішінде өмірлік, күнделікті) үйренеді, өз іс-әрекеттері туралы ойлауға үйренеді, әлемнің алуан түрлілігі, жақсылық пен жамандық ұғымдары туралы біледі.

Мультфильмнің мазмұны неғұрлым тартымды болса, ол баланың назарын соғұрлым көбірек тартады және сондықтан есте жақсы сақталады.

Мультфильм көру үшін экранның алдына отырған бала ондағы оқиғалардың ішіне еніп кетеді. Сөйтіп ол ойдан шығарылған дүниенің бір бөлігіне айналады. Өзін сюжет кейіпкері ретінде ұстап, соған сәйкес мінез-құлық көрсете бастайды.

Бала мультфильмдерді тым көп көрсе, өзінің қоғамдағы орнын ажырата алмай қалады. Бала мультфильм кейіпкерлеріне қарап бой түзеп, экрандағы оқиғалар сияқты қызықты және түрлі-түсті емес шынайы әлемге деген қызығушылығын жоғалтады.

Баланың санасындағы шындықты мультфильм сюжетінен ажыратудың бірден-бір жолы – ата-ананың баламен бірге отырып көруі екенін жоғарыда атап өттік. Үлкендер сюжетке өз пікірін білдіріп, қай жерде шындық, қай жерде әсірелеу, қай жерде жақсылық, қай жерде жамандық бар екенін балаға түсіндіруі керек. Бұл баланы сюжетті сыни тұрғыдан қабылдауға үйретеді. Ата-анасымен бірге көрген балалар шынайы өмір мен мульфильмдегі өмірді ажыратуды үйренеді.

Егер сіздің балаңыз экранның алдында ұзақ отыратын болса, оның кері әсері тиеді. Бала әлемді ата-анасыз тануды үйренеді. Жақындарына айтпай, барлығын жалғыз үйренуге әдеттенеді. Оның зардабы жасөспірімдік шақта анық байқала бастайды. Бала ішкі құпиясын ішінде сақтап, мінез-құлқында анаразылық белгілері байқала бастайды. Тіпті жақындарымен сөйлесуден бас тартады.

Сол себепті баланың дұрыс мультфильм көруіне алдымен ата-ана жауапты. Анимацияның зиянынан бұрын пайдасы да басым. Тек сол үшін балаларымызға дұрыс мультфильм таңдап берейік.

Тегтер: