Балабақшаларды лицензиялау: Жамбыл облысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

2022 жыл елімізде "Балалар жылы" болып жарияланды. Еліміздің ертеңгі болашағы тал шыбықтай өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміздің қолында. Ал олардың бүгінгі күні дұрыс тәрбие алып, сапалы біліммен қамтамасыз ету біздің қолымызда.
"Балалар жылында" елімізде балабақшалардың төңірегінде қордаланған мәселелер шешімін таба бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң тұрғысынан балалардың, мектептер мен шағын мекемелердегі қауіпсіздігін қадағалауды тапсырды. Ол балабақшаларда болып жатқан балаларға күш көрсету оқиғасын тілге тиек етіп, білім стандарттарына сай жұмыс істеу керек екенін ескерткен.
Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру үшін лицензиялау институтын енгізу қажеттігін айтты.
Бұған дейін 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту жұмыстары жүргізіліп келді. Оның да жақсы тұсы болды. Елімізде балабақшалардың саны артты. Таяқты екі ұшы бар демекші, бұл жоспар да кемшіліксіз болған жоқ. Балабақшалар көбейді дегені болмаса, сапа жағы ақсап жатты.
Олқылықтардың орны толтырылып, 2024 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялайды. Демек лицензия алған балабақшалар ғана жұмыс істей алады деген сөз. Нәтижесінде сапа жақсарады, жемқорлық азаяды.
Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру үшін лицензиялау институтын енгізу қажеттігін атап өткен болатын.
«Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың бірыңғай талаптары жоқ. Балабақша ашқанда қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алады, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексермейді. Кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды. Балабақшаларды лицензиялау 2011 жылы тоқтатылған болатын. Ол кезде бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде біз балабақшамен 100 пайызға дейін қамтуға қол жеткіздік. Елімізде 11 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 5 мыңнан көбі – жекеменшік. Енді біз сапа мәселесін бірінші орынға қойып отырмыз. Ешкім балабақша санын қысқартуды мақсат етіп отырған жоқ. Министрлікке ата-аналардан арыз-шағымдар түсіп жатыр. Егер балабақшаның жұмысы талапқа сай болса, онда еш қиындықсыз лицензия алады. Ал егер сәйкессіздіктер болса, оларды жою қажет. Міне, бар-жоғы осы. Министрлік 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен лицензиялауды енгізеді. Балабақшадағы жұмысы сапалы жүріп жатқан кәсіпкерлерге қорқатын ештеңе жоқ. Қалыпты, талапқа сай жұмыс істеп жүрген балабақшалар лицензиялаудан қорықпайтынын ерекше атап өткім келеді. Рәсім толығымен автоматтандырылып, тұрақты түрде жұмыс істейді», - деді Г.Көбенова.
Балабақшалардың барлығы жабылып, жұмыс орны азаяды деп алаңдауға еш негіз жоқ. Керісінше, сапаға көбірек назар аударылып, білікті мекемелер жұмысын еш кедергісіз жалғастыра алады.
«Алаңдайтын ештеңе жоқ, лицензиялау 2024 жылы басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асады деп болжап отырмын. Алдымен жаңа балабақшалар, содан кейін мемлекеттік аттестациядан екі рет те өтпегендер, тәуекел тобындағы мекемелер, содан кейін ғана қалғандары. Лицензиялау біліктілік талаптарынан өтеді», – деп атап өтті комитет төрағасы.
Кезең-кезеңімен жүзеге асатын лицензиялауды түсіндіру жұмыстары әрбір өңірде қазірдің өзінде басталып кетті. Жамбыл облысының білім басқармасы да осы өзгеріске байланысты арнайы жиын өткізді.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мәжіліс залында жекеменшік балабақша меңгерушілерін жинап, мектепке дейінгі білім беру мекемелерін линцензиялау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиналысқа білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева, Жамбыл облыстық сапаны қамтамасыз ету департаментінің маманы Жасұлан Бекболатұлы және Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Сәуле Әділжанқызы және жекеменшік балабақшалардың меңгерушілері қатысты.
«Балабақшаларды лицензиялау балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықтарын қорғауда оң өзгерістер алып келеді», - деді Айдын Орынбекқызы.
Сонымен қатар, лицензиялаудың қалай жүргізілетінідігін де жан-жақты түсіндіріп берді.
Жасұлан Әтенов бірінші кезеңде жаңадан ашылған мектепке дейінгі ұйымдар лицензиялауға жататындығын, содан кейін ғана лицензиялау қайта мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген жұмыс істеп тұрған ұйымдарға бағытталғанын жеткізді.
Өз кезегінде Сәуле Әділжанқызы лицензиялаудың кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоспарланғандығын барынша түсіндіріп, мекеме басшыларының тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берді.
Айта кету керек, адал кәсіпкерлер мен қалыпты жұмыс істейтін балабақшалар үшін лиицензиялау еш шығын алып келмейді.
«Балабақшалардың жұмыс істеу шарттары мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік балабақшаларда да бірдей болуы тиіс, өйткені екі жерде де біздің балалар тәрбиеленеді, біздің педагогтар жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім – қазіргі уақытта лицензияланбайтын жалғыз білім деңгейі. Лицензиялау тексеру тетігі ретінде 2011 жылға дейін жүргізіліп келді. Қазір бұл процедураны қайтару қажеттілігі туындады, өйткені балаларға қатысты көптеген резонанстық жағдайлар ата-аналар мен қоғамды әділеттілікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр етті. Бұл қоғамның сұранысы», - деп атап өткен еді ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Таңатқызы.
Балабақшаларды лицензиялау жүйесі әлем елдерінің тәжірибесінде көптеп кездеседі. Ол елдерде балалардың жағдайына қауіп төнсе немесе ұйымның жұмысы сапа стандарттарына сәйкес келмесе, онда лицензияны қайтарып алуы мүмкін.
Қазір кез-келген адам оп-оңай ашып алып жатқан балабақшаларда зорлық-зомбылық фактілері жиі кездеседі. Соңғы кездері мұндай жаға ұстатарлық жайттар тіптен жиілеп кетті. Оның алдын-алу жұмыстары жүргізілмесе, бассыздықтың арты не боларын ойлаудың өзі қиын. Осындай адам шошырлық жайттарды болдырмау өз қолымызда. Мұны бүлдіршіндердің ата-аналары, тіпті қоғам жақсы түсінуі керек.