3 Қараша 17:26
...

Азаптау бойынша қылмыстық істердің көбі НЕГЕ жабылып қалды? Уәкіл жауап берді

Фото:

Бүгін Сенатта «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» туралы заң қабылданды. Тағайындалған уәкіл Эльмира Әзімова журналистерге: «Қаңтарда азапталғандар бойынша түскен істің 80 пайызы жабылып қалған», – деп мәлімдеді.

Еске салсақ, рақымшылық туралы заң жобасынан кейін қаңтарда азапталғандардың арызы құпия жағдайда қайтарып алынғаны туралы ақпараттар тараған еді. Яғни, «тергеушілер жәбірленушілерді бұл қадамға баруға мәжбүрлі түрде итермелеген» деген болжам бар. Соның анық-қанығын білмекке NEGE тілшісі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльмира ӘЗІМОВАНЫ сөзге тартты.­

Азаптауларға қатысты ең үлкен сот Талдықорғанда қаралып жатыр екен. Дегенмен өзге өңірлерде осыған қатысты істерді жауып тастап немесе арызды мәжбүрлі түрде қайтартып алып жатқаны туралы мәлімет бар. Бұл қаншалықты рас?

­– Сол мәліметтерді біз бақылауға алып жатырмыз.

­­ Демек, мұндай жағдайлар бар ғой?

­– Иә, бар. Әлеуметтік желіде де тарап жатыр. Ондай арыздар бізге де түсті.

Оларды қинап алғызып жатқан кімдер? Прокурорлар ма? Полицейлер ме?

– Тергеуші органдар, тергеуші қызметкерлер. Сондықтан біз прокуратураға өздерінің міндеттемелеріне сәйкес, осындай жағдайда процессуалдық әрекеттер қабылдап, қайта тексеру туралы ұсыныс береміз. Беріп те жатырмыз. Түскен арыздар бойынша, азаматтар мен олардың адвокаттары көрсеткен дәлелдер бойынша Бас прокуратураға, бас прокурордың атына өзімнің атымнан да ұсыныс бердім.

Прокуратура «қайтарып алған» арыздарды қалай тексереді?

–  Бізге келген арыздардың барлығын тіркеуге аламыз. Бұл арыздар «100 пайыз адам құқықтары уәкіліне түсіп жатыр» деп айта алмаймын. Себебі кейбір азаматтар прокуратураның өзіне, жергілікті прокуратураға немесе тергеушілерге ұсыныс білдіреді. Ал кейбірі әлеуметтік желіге осындай хабарлама таратады.

Олар қорыққаннан осындай қадамға баратын шығар?

­– Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

­– Мәжбүрлі түрде қайтарып алған соң әлеуметтік желіге жазатын шығар?

­– Әрине, сондықтан біз «осындай ақпараттың ішінде осы қызметкерлерге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіңіз» деп прокуратураға арызданамыз. Бірақ заң бойынша әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат та прокурордың бақылауында болу керек.

Осы іске мәжбүрлеген азаматтар табылған кезде олар нақты жазалана ма?

– Иә.

Сіздің жеке өзіңізге түскен арыздар бар ғой?

– Иә, бар.

Қай өңірлерден?

– Алматы, Жетісу ауданынан, Тараздан, Семей, Өскеменнен. Негізі өңірлердің барлығынан осындай жағдайлар анықталған.

«Азаптау бойынша істің 80 пайызы жабылып қалған» дедіңіз? Қандай негізге сүйендіңіз?

– Бұл істер «нақты дәлелдемелер жоқ», «азаптауды жасаған қызметкерлер табылмады», «басқа айғақтар анықталмады» деген шешіммен жабылған. Ондай шешіммен жабылған істер бойынша біз Бас прокуратураны қайтадан осы шешімдерді тексеріп, нақты шешім қабылдасын деп ұсыныс беріп жатырмыз.

Мысалы, кей азаматтар «мені осы полиция мекемесінде азаптады» дейді. Бірақ кейін соны жасаған қызметкерлердің түрін тани алмай қалады. Себебі сол кезде түрін жаттап алатындай мүмкіндік болмаған. Немесе «бұл кісілердің формасы бірдей, мен қазір оны нақты көрсете алмаймын» деген азаматтар да болды. Одан басқа, танығандары да бар.

Біздің айтып отырғанымыз: бұл жағдайдың бәрін жүйелі түрде тексеру керек. Егер де азаптау оқиғасы изолятордың ішінде, полиция қызметкерлерінің мекемесінде жасалынған болса, бұл мекеме, органдарға жауап беретін лауазымды тұлғалар бар. Сол кісілерден жауап алу керек. Тексеру керек. Бұл ­­–  бірінші.

Екіншіден, заңда адам құқықтарына байланысты құқық бұзушылықтар жіберілмеу үшін нақты міндеттемелер көрсетілген ғой. Неге солар толық орындалмаған? Неге кейбір қызметкерлер өздерінің құзіреттерін асыра пайдаланған? Осы сұрақтарға бас Прокуратура нақты жауап беруі керек. Және Әділет министрлігіне қылмыстық кодекске және басқа заңнама актілерге қосымша түзетулер енгізу туралы нақты ұсыныстар беруі керек.

­ Жаңағы айтқан 80 пайыздың барлығы қарапайым азаматтар ғой?

– Иә.

Сіздің адам құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде негізгі құзіретіңіз қандай?

– Менің құзіретім – ұсыным, ұсыныс беру. Бүгін «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» заң жобасымен бірге «Прокуратура бойынша конституциялық заң жобасы» талқыланды. Сол заңның ішінде ерекше бап көрсетілген. Ол – «Адам құқықтары жөніндегі уәкілменен қарым-қатынас жасау» туралы. Міндетті түрде осы бап Прокуратураға қатысты конституциялық заңда көзделген. Ондай бап бірінші рет көрсетіліп жатыр.

­– Сізге азаматтар жеке арыздана ала ма?

– Заң бойынша, маған азаматтар мен олардың өкілдері, адвокаттары ғана емес, қоғамдық ұйымдар да шағым жасай алады.

Бас прокурор сіздің ұсынысыңызды қарамай қоюы да мүмкін бе?

– Егер қарамаса, біздегі Әкімшілік кодекс бойынша жауап береді.

Тегтер: