6 Маусым 17:15

Айман Омарова: Полиция қызметкерлері зорланған балалардың ісін жабуға «көмектесіп» жатыр

Айман Омарова
Фото: Жеке мұрағатынан

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер бетіндегі әрбір үшінші әйел зорлық-зомбы­лық­тың құрбанына айналыпты. Ал бейресми ста­тистика бойынша, елі­міз­де әрбір онын­шы әйел таяққа жығылатын көрінеді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында құқық саласын реформалау аясында балалар мен әйелдердің құқығын қорғайтын заңға қол қойды. Бұл Еуразия аймағындағы айтулы оқиғалардың бірі болды десек, көп қателеспейміз.

Заңгер Айман Омарова NEGE-ге берген сұхбатында еліміздегі қолға алынып жатқан құқықтық реформалардың барысы жайында баяндап берді.

– Заңнамадағы өзгерістерден кейін ресейлік блогерлер Қазақстанды әйелдер құқығын қорғауда озық ел деп атап өтті. Бұл пікірмен келісесіз бе? Балалар құқығы туралы да осылай айта аламыз ба?

– Әрине, оң баға бергені жақсы. Бірақ біз үшін ресейлік блогерлердің пікірі маңызды емес. Өйткені, бұл елде де құқық бұзушылық шаш етектен. Балтық жағалауы елдерін қоспағанда, посткеңестік кеңістікте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау тұрғысынан Қазақстан бір саты жоғары тұр деп айтуға болады.

Сондықтан біз үшін әйелдер мен балалардың құқығы өте жақсы қорғалған өркениетті, дамыған елдердің пікірі маңызды.

А.Омарова
А.Омарова. Фото: жеке мұрағатынан

– Біздегі құқықтық өзгерістерге өркениетті елдер қандай баға беріп отыр?

– Нақты мысал айтайын. Мен мамыр айының соңында Еуропа кеңесіне барып, Қазақстан атынан сөз сөйледім. Сыртқы істер министрлігінің де көмегі тиді. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде бардым. Ол жерде «Стамбул конвенциясы» деп аталатын «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және осылармен күрес жөніндегі «Еуропа Кеңесі конвенциясының» он жылдығына орай үлкен конференция өтті.

Конференцияға Орталық Азиядан тек қана Қазақстан қатысты. Стамбул конвенциясына қатысушыларының дені – дамыған елдерден. Жиында маған да сөз берді. Мен елде болып жатқан өзгерістер туралы айттым. Заңға президенттің қол қойғанын жеткіздім.

Ұлыбритания, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінің делегаттары «Қазақстанның заңдарына енгізілген өзгерістер осы аймақтағы басқа елдерге де үлгі болар» деп үміттенетінін айтып, оң баға берді.

– Еліміздегі құқықтық саясат туралы не айтар едіңіз? Қолға алынған құқық саласындағы реформалардың озық тұсы мен кемшін жері қайсы?

– Әйелдер мен балалар құқығы туралы айтатын болсақ, реформаларға жағымды баға беруге болады. Бұл – өте маңызды. Үлкен өзгерістерге әкеледі деп сенемін. Бұл Президент тарапынан қабылданған саяси шешім болды. Біреулер айтып жүргендей, бұған әлдебір атышулы істер ғана себеп болған жоқ. Бұл – одан бұрын қолға алынған шаруа. Мемлекеттік саясат.

Мектептің алдында, балалардың көзінше әйелін өртеп жіберген оқиғалар да бар. Мұндай түрлі қылмыстық істер тіркелген.

Десе де, бұл – оңай шаруа емес. Заң шығардық, реформа жасадық деп тоқмейілсуге болмайды. Осы озық заңдарымызды басқа жүйелер атқаруы тиіс. Орындаған кезде қиыншылық болады. Әсіресе, бастапқы кезеңде. Ішкі істер министрлігі мен сот жүйесіне оңай тимейді. Жоғары білімді, білікті кәсіби мамандарды қажет етеді.

А.Омарова
А.Омарова. Фото: жеке мұрағатынан

Жалпы, құқық саласына келсек, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде осалдық бар. Косметикалық реформа жасалып жатыр. Осы өзгерістерді өмірге енгізу үшін бұл салаға да реформа керек. Әсіресе, қылмыстық атқару жүйесінде түрме реформасы болуы тиіс.

Мәселен, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс жасаған қылмыскерлер сол жаққа жіберіледі. Бостандыққа олар түзеліп шығуы тиіс. Бұл жүйелер жұмыс істемесе, керемет заңдарымыздан да ешқандай нәтиже болмайды.

– Қазіргі сот жүйесіндегі мазмұндық реформалар, сот жүйесінің қызметі көңіліңізден шықпай тұр ма?

– Сот жүйесінде істейтін адамдардың санасын өзгерту өте қиын. Деңгейі төмен судьялар да аз емес. «50 пайызы біліксіз-ау» деп күмәнданамын.

Кім заңды бұзады? Көбіне полиция мен сот. Мәселен, полиция қызметкерлері зорланған балалардың істерін жабуға «көмектесіп» жатыр. Заң бар. Бірақ оны пайдаланбайды. Мәселен, айғақ заттарды сот сараптамасына тапсырған кезде дұрыс рәсімдей алмайды. Кейін сотта «хаттама дұрыс толтырылмаған» деп істен алып тастайды.

– Неге олай?

– Бұрын әдейі істейтін шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, көп жағдайда біліктілігі жетіспейді екен. Дипломы бар, бірақ толық білім алмаған, заңды жетік білмейтін адамдар полицияға, сот жүйесіне жұмысқа орналасады.

Білім – өте маңызды. «Адамдар білімсіз дәрігердің қолынан өледі. Білімсіз заңгерлердің қолымен кінәсіз адам жазаланады. Білімсіз инженерлердің қолынан апат болады. Сондықтан ең маңыздысы – білім», – деген бір данышпанның сөзі бар.

Әр істе кәсібилер болса, мұндай жағдайлар болмас еді. Мәселен, баланың жас ерекшеліктеріне сай кейбір сұрақтарды қоюға болмайды. Жасына қарай, олардың есте сақтау ерекшелігі әртүрлі болады. Кәсібін жақсы білетін адам ғана мұны ажырата алады.

– Алқа билер қатысқан сот пен кәсіби соттардың арасындағы айырмашылығы мен ұтымды тұстары неде?

– Басты айырмашылығы – «кінәлі-кінәлі емес» деген шешімді алқа билер шығарады. Сот өз үкімін алқа билердің шешіміне байланыстырып жазады. Ертең бір жағдай бола қалса, судья «менің кінәм жоқ, бұл – алқа билердің шешімі» деп ақтала салады.

Алқа билер қатысқан соттарға қатыстым. Қазақстанда бұл тәжірибенің жүзеге асуы қиындау екен. Өйткені, аты бар, заты жоқ нәрсе. Десе де, мұның өзі Қазақстанның алдыңғы қатарда келе жатқанын көрсетеді.

заңгер
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Қаринмен. Фото: Е.Қариннің парақшасынан

– Қазақстандағы адамның құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына қандай баға бересіз? Ілгерілеушілікті бар ма?

– Ілгерілеушілік бар. Айталық, Назарбаевтың тұсында ешқандай талқылау болмайтын. «Мынаны сотта, ананы сотта» деп телефонмен қалай айтылса, солай болатын. Қазір мұндай жоқ.

Десе де, сот жүйесінде қылмыстық атқару комитетіне өзгеріс керек деп есептеймін. Өйткені, Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін нақты реформа қажет. Мамандардың кәсіби деңгейін көтеру – басты міндет. Білім алған кезде ақтаңдақтар көп.

– Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы өсіп келе ме?

– Халықта өзгеріс бар. Әсіресе, бұрын зорлық-зомбылыққа келгенде «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалатын. Әйелдер де, балалар да, басқалар да құқығын қорғағысы келеді. Қоғамда құқықтық сана өсіп келе жатыр деп сенімді айтуға болады.

– Әңгімеңізге рахмет!