21 Қазан 16:14
...

Аягөз ауданының тұрғындары ауыз сумен қаншалықты қамтылған?

Фото:

Бүгінгі Абай облысы Аягөз ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары ауыз су тапшылығын аз тартпады. Кеңес кезіндегі күніге бір мезет су беретін әр ауылдағы скважиналар  құрдымға кеткен соң жергілікті жұрттың тұщы суға телміріп қалғаны жасырын емес.

Жуырда  шалғайдағы бұрынғы Шұбартау, қазіргі Аягөз  ауданындағы оқырмандарымыздың бірінен аталмыш мәселенің жыл өткен сайын шешімін тауып келе жатқанын естіп, Аягөз аудандық ТКШ, АЖ және ЖК бөлімінің басшысы Думан Рғаевқа шықтық. Қыстың қамын жаз ойлап, құрақ ұша жүгіріп жүрген бас  маманнан аудан бойынша сапалы ауыз су мәселесінің жайын сұраудың сәті түсті.

 Жалпы қазіргі таңда Аягөз ауданына неше ауылдық округ қарайды?

– Аудан орталығына 23 ауылдық окург қарайды. Оның ішінде 51 елдімекен бар.

 Бүгінгі таңда осы елдімекен тұрғындарының суға қатысты мәселесі қалай шешімін тауып отыр?

– «Өңірлерді дамытудың 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында айтып отырған осы елуден астам елдімекеннің 45-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қалған ауылдық округтерде құбырлар жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұйырса, Байқошқар, Қопа, Ай, Қорық сынды ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмылып жатқан жайымыз бар. Ал Қоңыртау елдімекенінде бар-жоғы  бес-ақ отбасы тұратын болғандықтан, ол жаққа құбыр көзі тартылмайды. Неге десеңіз, әр ауылға құбыр көзін тарту қыруар қаражатты талап етеді.

Екіншіден, ол жақта  тұрғын саны өте аз болғандықтан толыққанды елдімекен болып саналмайды. Мәдениет және медициналық бөлімшелер де  жоқ, бүгінгі таңда ол жақта тек мал-шаруашылығын кәсіп еткен фермерлік шаруалар ғана  қоныстанып отыр.

 Сонымен, жоғарыда айтып өткен бес ауылдың  тұрғындарына биылғы қыста өз үйінің іргесіндегі құбырдан су ішуге мүмкіндік бар ма?

– Дәл қазіргі кезде Мыңбұлақ округіне қарасты ауылдарға су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы жылдың тамыз айында толықтай аяқтап, тұрғындарды қуантсақ деп отырмыз.

Қопа ауылындағы су құбырлары да алдағы жылдың шілде айында іске қосылады деп жоспарлап қойдық. Қорық  пен Малгелді, Байқошқар ауылдарына жүргізіліп жатқан жұмыстар мәресіне жетсе, келер жылдың маусым айында ол жақтағы жұртты да  таза тіршілік нәрімен сусындатпақпыз.

 Ал, Аягөзге қарасты Ақтоғай кенті тұрғындардың ауыз су мәселесі түбегейлі шешілген деуге келе ме?

– Ақтоғайдың алты көшесіне су құбыры тартылмаған болатын. Қазір ол жақта да қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Келер маусым айында ол құбырлар да іске қосылады.

 «Судың да сұрауы бар» деген ғой. Әйтсе де әр текше метр судың бағасы халықтың қалтасын көтеретін сомада болар?

– Жалпы Аягөз ауданы бойынша халықты ауыз сумен  қамтамасыз ету жұмыстарымен үш мекеме айналысады. Мысалы, соның  ішіндегі «Теміржолсу – Аягөз» ЖШС мекемесі Көшкентал, Еңірекей, Жүзағаш, Таңсық, Ақбұлақ, Жыланды темір жол айырығына қарасты  елдімекендерді сумен нәрлендіріп отыр. Егер тарифтеріне тоқталсақ,  жеке тұлғаларға – 86 теңге 47 тиын. Бюджеттік мекемелерге – 354 теңге 40 тиын. Ал өзге мекемелерге 880 теңге 32 тиынды құрайды.

 Ал тарихы тереңде жатқан Аягөз қаласындағы құбырлар жүйесінің бүгінде тозып, ескіргенін ескерсек, жаңарту жұмыстарын жүргізуді талап ететіні белгілі. Әлде, алдымен ауызсуға аса зәру жұрттың жыртығын жамап алайық деп отырсыздар ма?

– Әрине, осыдан санаулы жыл бұрын Аягөздегі 37 көшенің құбырларын жаңарту жұмыстары күн тәртібіне қойылған болатын. Биыл оның он екісін тәмамдап, тапсырдық. Ал қалған көшелердің құрылысы алдағы жылғы су құбырларын жаңғырту жұмыстарының 5-6 кезеңі  аясында атқарылады.

Жалпы бүгінгі таңға дейін аудан орталығындағы су құбырларының 60 пайызы ауыстырылды. Енді алдағы жылы тағы облыс орталығына бюджет қарастыруға өтініш береміз. Егер қаражат бөлінсе, қаламыздың қалған көшелеріне қарасты құбырларды жаңарптпақ жоспарымыз бар. 

Өздеріңіз білетіндей, Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қа­рай мемлекет халықты сумен жаб­дықтау қызметтерімен 100% қам­тамасыз етуге тиіс. Біз осы межеге жету барысында аянбай еңбек етіп келе жатырмыз.   

Тегтер: