7 Ақпан 10:20
...

«Қыздың да қалыңмалы құмай тазының арқасында келген» – Ғабит Бердібайұлы

Б
Фото: Ғ.Бердібайұлының жеке мұрағатынан

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы қаулыға толықтыру енгізбек. Осыған сәйкес, 3 қыркүйек – қазақы ит тұқымдарының күні ретінде аталып өтілуі мүмкін. Аталған жоба 17 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға түседі. 

NEGE тілшісі ұттық құндылықтарды дәпітпеп жүрген «Топжарған» этно-өнер орталығының жетекшісі Ғабит БЕРДІБАЙҰЛЫМЕН әңгімелесті.

Жуырда тазы мен төбет күні күнтізбеге енетінін естідік. Мұны кейбір жандар ел президентінің тазыны жақсы көретінімен байланыстырып жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?

Жеті қазынаның біріне жататын бұл құндылығымызды күнтізбеге енгізгені дұрыс. Өз басым қуана қабылдадым. Маған салса, арнайы бір күнді тазы мен төбеттің құрметіне демалыс есебінде берсе де, құптар едім. Себебі біз оларды дәріптеп, түрлі додалар ұйымдастырып, сол төңірегінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттар болсақ, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүріміз алыс-жақын шетелге танылып қана қоймай, өскелең жастар да біраз дүниемен сусындар еді.

Т
Ақорда Баспасөз қыметі. Суретте: Тоқаевтың тазы иті

 Аша тұяқ қалмаған ашаршылық кезінде бір әулетті бір құмай тазы асыраған дегенді естіп жатамыз. Осы рас па?

 Шындық. Мылтық болса оқ, оқ болса берен мылтық болмаған кезде халқымыз тазы жүгіртіп аң аулап, етін жеп, терісін күнделікті тұрмыста пайдаланған. Қыл аяғы қыздың да қалыңмалы құмай тазының арқасында әзірленген. Қалыңдықтың келген жағына беретін ішік тон, бағалы бөрік, пұшпақ тымақ та тазы алған аңның терісінен даярланғанын ешкім жоққа шығарма алмайды. Сол үшін ата-бабамыз тазыны төбесіне көтерген.

Қазақ тазының денесін суық алмасын деп үйдің кіре берісіне арнайы шымылдық орнатып, соған жатқызған. Өйткені оның буынын суық шалса, ашылып жүгіре алмайды. Алдына өткір сүйек тастамағай, жылы-сорпа сумен баптаған. Жаз бойы күтімін жасап ет алдырады да, сосын табанын қатайту мақсатында атқа қосақтатып, әбден күйі келіскенде барып аңға салады.

Қазақтың кейбір астарлы сөздері де осы тазының күтімінен туындағандай көрінеді. Мысалы, «Иттің ішіне сарымай жақпайды» деп жатады. Әсілінде, аттың қылын түйіншектеп түйіп, сары майға шылап тазының аузына тығып жіберген. Мұны «қоя» дейді. Оны жеген ит бір-екі сағаттан соң құсып тастайды. Осылайша ішіндегі ішекқұрт пен қоқыс-ластан тазартқан. Қазіргі кезде оның бәрін түрлі уколдар алмастырды. Егер осындай тазалық жұмыстарын жасамаса, тазы қуған аңға жете алмай, тұралап қалады. Одан кейін жеті-сегіз айында түлкінің өтін алып, тұмсығына құйып жібереді. Бұл оны иісшіл етеді. Осылайша бөлтірік күнінен бабы келіскен тазылар ғана қасқыр алады. Жүйрік төбет қасқырды қуып жетсе, тазы оның тірсегін қиып, табанға салған. Екеуінің қатар жүретіні де содан.

– Қазір саятшылықпен айналысатын қазақ некен-саяқ. Бұған не себеп?

– Біріншіден, заман мұны талап етпейтін болды. Мал баққан кезде әлбетте ит керек болған. Ал қазір қажеттілік аз. Екішіден, қазіргі көптеген аң-құстар санының азайып кеткеніне байланысты аңшылықтың кейбір түріне тыйым салынды. Дегенмен, қазақтың саясатшылық өнерін таныстыру мақсатында біздің орталық тұмса табиғатымыздың аясында қыран құс, құмай тазыны көрсететін тамаша бейнероликтер түсіріп, желі арқылы жұртқа жеткізіп жатырмыз. «Мың рет айтқаннан бір рет көрген артық» дейді ғой. Тазыларымызды арнайы тәжірибеден өткізу мақсатында аңға да салып көрдім. «Текті» деген тазым он төрт қасқыр алды.

Б
Ғ.Бердібайұлының жеке парақшасынан

Мамандар қазақы тазы мен төбеттің генетикалық ерекшелігін баса айтады. Осы ретте оның тұқымын таза күйінде қалай сақтауға болады?

Ұрғашы тазыны төбетке қосса, екеуінен дөрек туады. Ол жүйрік әрі қайтпас қайсар болады. Қасқырды көп алатын да осы – дөректер. Ши тазылар да қасқыр алғанға епті келеді. Бірақ олар қуып жеткенмен, алқымынан алуы екіталай. Мұны көпшілік түсіне бермейді. Сондықтан тазы мен төбеттен туған дөрекке мұрын шүйіре қарайды. Негізі әлі тұқымына тұқыл тимеген таза тазы ұстайтындар бар. Талапқа сай келеді дегендеріне арнайы құжат та берілген.

«Көшпенділер ойындарында» тамаша тазылар жиналды. Соны айтарлықтай дәрпітей алмадық. Осы жағына күйіндім. Біз тіпті жылқының да жасына қарай атауын білуден қалдық. Ат құлағында ойнайтын қазақпыз дегенімізбен, атағы аспандаған шабандоздарымыз саусақпен санарлық қана. Мысалы, қырғыздар биелерін ағылшын аттарымен будандастырып, жаңа теңдесіз жүйріктер шығарды. Біздің де мемлекет осы жағын қолға алып, жас мамандарды түрлі ғылыми еңбектер төңірегіндегі жұмысқа жұмылдырса игі болар еді.

Түрікменнің алабайы, қырғыздың тайғаны, испанның азавагы, саханың лайкасы сияқты тазының да атағын аспандату үшін Үкіметтен қандай жеңілдік қарастырылғаны жөн?

Әлемдік стандартқа ену үшін Республика төңірегінде бес мың тазы бар екені расталу керек. Бізде ел өңірінде небір мықты тазылар болғанымен, олар санақта жоқ. Оны сол елдімекеннің тұрғындары білмесе, жалпақ жұрт тани бермейді. Соларды арнайы мөр басылған қағазбен құжаттау керек. Сондай-ақ оларды баптайтын жануарлар шаруашылығын жандандырса, біраз жүйріктің түрлі шетелдік көрмеге қатысуына жол ашылып, еліміздің аты аспандай түсер еді.

Мысалы, біз орталықта тазыларды жарыстырамыз. Кімнің тазысы жүйрік – соларға арнайы сый-сияпат беріп, ынталандырып отырамыз. Осыны мемлекеттік деңгейге қолдап, халықаралық негізде байқаулар ұйымдастырсақ, шетелден тазысын жетелеп біраз қатысушы келер еді. Бұл бір жағынан туризмнің дамуына сеп болады. Ал батыста грейхаунд, хортиларын желаяқ жүйрік адамдардан бастап, қабылан, аттармен де жарыстырып, иесінің мұртты майланып жатады. Ал біз барымызды насихаттай алмай жүрміз.

Т
democrat.kz

Қазақы тазының ерекшелігі неде?

Тектілігінде. Мысалы, анадай жерде біреу буын бұрқыратып соғым сойып жатса, ол маңына да жуымайды. Одан кейінгі артықшылығы – жүйріктігінде. Шетелдік иттер жақын қашықтық пен жазық жерде жүгірсе, біздің тазылар жол талғамайды. «Желмен жарысқан жүйрік» деп содан атаса керек.

Қалалықтар бульдог жетелеп, чихуахуа көтеріп жүреді. Ал тазы мен төбет қалаға көне ме?

Әлбетте көнеді. Қазір Алматы қаласында қазақты қойып, өзге ұлттың өкілдері де тазы ұстайтын болған. Бірақ оларды аңға салмай, сәндік мақсатта асырайды. Соған да шүкір етеміз.

Бір өкініштісі, қазір тазыны жағдайы бар, оның күтімін жасауға мүмкіндігі жететін жандар ғана ұстайды. Сол сияқты құрт, ірімшік сынды аққа да ақшалы адамдардың ғана ауызы жететін болды. Ал мен әр қазақтың қолынан қыран бүркіт, құмай тазы көргім келеді.