Әулиекөлдегі еріктілер: Зардап шеккендерге тік тұрып қызмет етуге дайынбыз

Қостанайда болған апат кезінде ауыл тұрғындарын Әулиекөл ауданындағы мектепке эвакуациялаған еді. Сол күні-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген әлеуметтік көмектерді қабылдайтын штабтар да ашылды. Аймақтан, әр өңірден жеделтете жеткен еріктілер мектеп-интернатқа орналасып, штабтарда жергілікті тұрғындарға көмектесіп жатыр.
NEGE тілшісі мән-жайды өз көзімен көріп, волонтерлердің жұмысымен танысып қайтты.
Жазира Жаппасова, «Жастар ресурсы» орталығының басшысы:
– Осы штабты өрт басталған кейін дереу аштық. Қаламыздың тұрғындары, жастары белсенді атсалысуда. Жалпы, бүкіл Қазақстанның ауыл-аймағынан гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Киім-кешек, азық-түлік, тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттардың барлығы бар. Оны волонтерлер түсіріп алып, орналастырып, мұқтаж тұрғындарға таратып жүр.
Бұл штабтан бөлек, Әулиекөлде тағы екі штаб ашылды. Алдымызда апаттан зардап шеккендердің тізімі бар. Оларға жеке құжаты бойынша тіркеп, көмек көрсетеміз. Бірақ дәл қазір біз киім-кешекті қабылдауды тоқтаттық. Өйткені екі қойма да киімге толып қалды. Сол үшін қазір тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар да келіп, киім-кешекті алып кетіп жатыр. Кейін ауыл-аймақтарға таратуымыз мүмкін.
Айбек Қанатбай, ерікті:
– Қазір біздің тізімде өрттен зардап шеккен 158 адам бар. Ол әлі де толығуы мүмкін. Біз ең бірінші соларды азық-түлік, төсек-жабдық, тұрмыстық керек-жарақпен толықтай қамтамасыз етеміз. Сол отбасылардың мектепте оқитын балаларына жаңа оқу-құралдарын береміз.
Ал екінші кезекте, еліміздің әр өңірінен келіп, апат орнын қалыпқа келтіріп жатқан өрт сөндірушілерге ыстық тамақ жеткіземіз. Волонтерлеріміз күні-түні келген гуманитарлық көмектерді сұрыптап, зардап шеккен тұрғындарға аянбай қызмет көрсетіп жатыр. Сырттағы киім-кешекті Әулиекөл, Аманқарағайдың әлеуметтік аз қамтылған отбасылары өзара бөлісуде.
Әбдірахман Тағанбай, ауыл тұрғыны:
– Менің бес балам бар. Қызым тұрмыста, үш балам оқиды, 25 жастағы балам – мүгедек. Ол үйде отырады. 35 мың теңге жәрдемақы беріледі оған. Ал әйелім емханада есепте тұр. Ол ауырған кезде үйдегі бар малды сатып жібергенбіз. Мына жақта «көпбалалы отбасылар киім-кешек алса болады» деген соң келгенмін. Азық-түлікті өртке шалдыққандарға береді ғой. Мен тек бала-шағама, әйелім мен өзіме жылы киім, аяқ киімдер алып қайтамын.
Ислам Оразов, Амангелді ауылынан келген ерікті:
– Мұнда өрт басталған күні келгенмін. Амангелді ауылынан тек мен емес, бірнеше жас, тіпті үлкен аға-әпкелеріміз де келіп, жан-жақты көмектесіп жатыр. Ішімде бір толқыныс пен мұң аралас сезім бар. Қазақ жетімін жылатпаған халық қой. Апаттың жеңілі жоқ. Сол үшін зардап шеккен жандарға таңнан кешке дейін тік тұрып қызмет етуге дайынбыз. Осы жерге келе алмаса да, сырт жақтан да тілекші болып, көмек көрсетіп жатқан алыстағы ағайынға да алғыс білдіреміз.
Редакциядан: Ерікті Айбек Қанатбай қазір гуманитарлық көмек штабына айналған спорт стадионын аралап көрсетіп шықты. Ішінде азық-түліктен бастап, кәсіпкерлер әкелген су жаңа оқу-құралдары мен тұрмысқа қажетті заттың бәрі бар. Әсіресе, өте көп көлемді алып жатқаны – киім-кешектер. Оны волонтерлер жан-жақтан сұрыптауда. Айбектің айтуынша, зардап шеккен азаматтардың атын жамылып, азық-түлік алып кетіп жатқандар мен киімдердің сапасына сын айтып жатқан тұрғындар да жетерлік екен.
Стадиондағы тау боп үйілген киімдерді аралап жүрген ауыл тұрғындарын байқауға болады. Бала-шағасын ала келіп, өзіне керегін іздеген үлкен-кішінің саны есепсіз.
Еріктілердің мән-жайымен танысып болған соң NEGE тілшісі Әулиекөл ауылының әкімі Райымбек Едіресовке хабарласты. Ол ауылға келіп жатқан барлық волонтерлардың жатын орны мен тамағын, жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз мойнына алғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, зардап шеккендердің үйі мен құрылыс жұмыстарына аудан әкімі мен облыс әкімі жауапты.
Әсем Құлманова, тілші.