11 Маусым 17:00
...

Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігі мен тетіктің ашықтығы: Қазақстан АӨК дамуының қорытындылары мен болашағы

Кеген ауданы
Фото: ғаламтордан

Соңғы жылдары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсім көрсетуде. Бұл үдеріс мемлекеттік қолдау шараларының, соның ішінде субсидиялау жүйесінің нәтижесінде мүмкін болды.

Алматы, NEGE. Аталған саясат бағыты ауыл шаруашылығындағы жағдайды тұрақтандыруға ғана емес, сонымен қатар жаңғыртуға, инвестициялар мен экспорт көлемін ұлғайтуға да жол ашты.

2019–2024 жылдар аралығында елдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға шамамен 2 трлн теңге бөлінді, оның ішінде: мал шаруашылығына – 626,7 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына – 469,9 млрд теңге, қаржылық құралдарға (несиелеу, лизинг және т.б.) – 848,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуге – 55,8 млрд теңге бағытталды.

Бұл инвестициялар нақты нәтиже берді. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5 жылда 1,6 есеге өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті (2018 жылы – 5,2 трлн теңге).
АӨК саласында еңбек ететін бір қызметкердің еңбек өнімділігі 1,7 есеге артып, 2023 жылы 4,4 млн теңгеге жетті.
2024 жылдың 9 айындағы көрсеткіш – 3,2 млн теңге, бұл оң динамиканың сақталып отырғанын білдіреді.

Ауыл шаруашылығына бағытталған негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,9 есеге өсіп, 919 млрд теңгені құрады, ал тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 2 есеге артып, 180,8 млрд теңгеге жетті.

Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалауда экспорт көлемінің артуы маңызды көрсеткіш болып табылады. Соңғы бес жылда АӨК өнімдерінің экспорты 1,6 есеге өсіп, 2023 жылы 5,3 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімі халықаралық нарықтарға сәтті шығып, еліміздің сенімді агрожеткізуші ретіндегі орнын нығайтуда.

Субсидия көлемінің артуына орай, тамақ өнімдерін өндіру көлемі де 5 жыл ішінде 1,9 есеге өсіп, 3,3 трлн теңгеге жетті. Бұл өңдеу қуаттарының артқанын, өндірістік базаның жаңғырғанын және ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңарғанын көрсетеді. Бүгінде шаруашылықтар заманауи, жоғары өнімді жабдықтармен жабдықталып, бұл өз кезегінде саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басым бағыттарының бірі — субсидияларды бөлудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта процестер цифрландырылып, өтінім беру және қарау жүйелері электронды форматқа көшірілуде, бюджет қаражатын пайдалану мониторингі күшейтілуде. Бұл — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және агробизнес тарапынан сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, министрлік аграршылар мен қоғам тарапынан кері байланысты ашық қабылдайды, бизнес өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жолдарын талқылап, субсидиялау құралдарын қазіргі сын-қатерлерге бейімдеп отырады.

Мемлекеттік қолдаудың субсидия түріндегі тетігі агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін дәлелдеді. Өндіріс, экспорт, инвестиция және еңбек өнімділігі көлемдерінің артуы қабылданған стратегияның нақты нәтиже беріп отырғанын көрсетеді.