14 Сәуір 18:50
...

Андрей ЧЕБОТАРЕВ: Басқару құрылымындағы кілтипанды ЖАҢАӨЗЕН көрсетіп берді

Фото:
Астанададан үйлеріне қайтқан жаңаөзендіктер тағы да бейнеүндеу жасады. Олардың

айтуынша, келіссөз үшін қалған өкілдері билікпен және «ҚазМұнайГаз» басшылығымен бір байламға келе алмаған. Егер бүгін түйін тарқамаса, Астанаға қарай қайта жолға шықпақ.

Іле-шала «ҚазМұнайГаз» компаниясы да «БерАлидің» жұмыссыз қалған мұнайшыларын «ӨзенМұнайГазға» жұмысқа орналастыру талабын орындай алмайтынын мәлімдеді. 

Түйін тарқамады. Бұл жайт жұртшылықты қатты алаңдатып отыр. 2011 жылы осы тақілеттес еңбек дауының арты трагедияға ұласқаны әлі ел есінен кете қойған жоқ. Қанды қаңтарға әкеліп соққан газ бағасының өсуіне қарсы наразылық та осы Жаңаөзеннен басталған-ды.

Бұл дау-дамайдың арты немен бітеді? Түйткілдің тамыры қайда жатыр? Шешімі қандай болмақ? Саясаттанушы Андрей ЧЕБОТАРЕВ NEGE-ге берген сұхбатында осы сауалдардың жауабын табуға тырысты.

А.Чеботарев.

Күні кеше елдеріне қайтқан Жаңаөзен мұнайшылары Астанаға қайтып келмек. Талаптары орындалмайынша, ереуілін жалғастыра беруге бел буып отыр. 2011 жылы желтоқсандағы, 2022 жылы қаңтардағы қанды оқиғалар дәл осы қаладан бастау алған еді. Жаңаөзен неге әлеуметтік наразылықтың ошағына айналды?

– Меніңше, бұл жерде екі фактор бар. Біріншісі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына дейін, әсіресе, одан кейін билік тәуелсіз кәсіподақты іс жүзінде жойды. Бұл ұйымдар түрлі мекемелердің жұмысшылары мен жұмыс берушілер арасында толыққанды араағайын бола алушы еді. Мұндай шаруаны реттеу Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы құрамына кіретін ресми кәсіподақтардың қолынан келмей жатыр. Ресми кәсіподақтар, жұмыс берушілер және билік қатысатын Әлеуметтік серіктестіктің үш жақты комиссиясы да бұл үдеден шыға алмай отыр.

Сондықтан жаңаөзендік мекемелердің жұмысшылары түрлі тәсілдермен өз құқықтарын қорғауға мәжбүр. Келіссөзге отырарлықтай нақты кәсіподақтар болса, мемлекетке әлдеқайда оңай болар еді. Түрлі көрсеткіштер бойынша.

Екінші мәселе, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және басқа да холдингтерге қарасты квазимемлекеттік  құрылымдар жүйесіне, бұдан бөлек, дербес ұлттық компанияларға қатысты әлі де реформа жасалмады.

Менің ойымша, бұл холдингтерді баяғы да жою керек еді. Ұлттық компанияларды қоса алғанда, оларға кіретін құрылымдарды салалық министрліктің құзырына беру қажет. Қазіргі ұлттық компаниялар Энергетика министрлігі жанындағы кәдімгі республикалық мемлекеттік мекемелер болып қайта құрылсын. Сонда жауапкершілікті нақты түсінетін болады. Әдіс-тәсілдері де басқаша болатын еді.

Энергетика министрі А.Сәтқалиев. Фото: КазТАГ

Өйткені, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы осы басқару құрылымындағы кілтипандарды тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Мемлекет араласпады, «Самұрық-Қазына» тәрізді квазимемлекеттік құрылымдардың қолынан дауды реттеу келмеді. Мұның арты неге апарып соққаны бәрімізге белгілі.

Қазіргі мемлекет басшылығы квазимемлекеттік салаға реформа жасау жөнінде мәлімдеме жасап отыр. Түйткіл тарқатылмаса, онда қабылданып жатқан шаралардың әзірге  жеткіліксіз болғаны. Жаңаөзен тұрғындарына қатысты соңғы оқиға билікті тезірек реформа жасауға итермелейді деп ойлаймын.

– Батыс өңірлерде мұнай өндіретін компаниялар көп. Шетелдік компаниялар да аз емес. Неге басқа өңірлерде мұндай наразылықты көрмейміз?

– Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп жатқан компанияларға шетелдік капитал қатысқан. АҚШ, Еуропа және Қытай капиталдары бар. Жақсы жағы, жаман тұстары болса да, олар әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударады. Жалақылары мен әлеуметтік пакеттері жаңаөзендіктерден жақсырақ. Ал Маңғыстауда, Жаңаөзенде негізінен отандық компаниялар жұмыс істейді. Шетелдіктердің қатысуынсыз.

Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де жоғары. Квазимемлекеттік құрылымдар, жұмысшылары ереуілге шығып жатқан еншілес мекемелер тек қана өздерінің жеке материалдық жағдайын түзеуге бас қатырып жатқан тәрізді. Жұмысшыларға келгенде, қолын бір сілтейді.

Сосын дұрыс емес тағы бір түйін бар. Мемлекет тікелей жұмыс беруші емес. Бірақ олар шаруаны шешуді мемлекеттің еншісіне қалдырады. Тұрақсыздыққа жол бермеу үшін мемлекет жалақыны көтеріп, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарт деп бизнеске қысым жасайды. Рас, мемлекеттің еңбек инспекциясы арқылы еңбек жағдайын жақсартуға мәжбүрлейтін құзыреті бар. Десе де, мемлекет жеке бизнеске жалақыны көтеруге пәрмен бере алмайды.

Әрине, квазимемлекеттік құрылымдарға айтуға құқылы. Бірақ өте күрделі өзара қарым-қатынас схемасы бар. Мәселен, министрлік бар, оған тікелей бағынбайтын квазимемлекеттік компаниялар бар. Сондықтан бұларды тікелей министрлікке қарату қажет деп есептеймін.

– Менің бір түсінгенім, Жаңаөзен мұнайшылары ертеңіне алаңдамайтын тұрақты жұмыс орындарын талап етіп отыр. Бірақ қазір жұмыс көлемі тек қана тендерлерге байланысты. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр  рәсімдері ашық болатындай етіп, мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасын әзірлеуге тапсырма берген еді. Осы заң жобасын әзірлеп, қабылдаған соң ғана тендерлер әділ өтетін болар. Қазір бұл бастама енді ғана қолға алынып жатыр. Жоба дайын болса, оны парламенттің қашан қабылдайтыны әзірге мәлім емес.

Десе де, мүдделі құрылымдар өздеріне тиімді шарттармен барлық тендерді тез өткізіп алуды көздеп отырған болуы керек. Сондықтан бұл заң жобасын қабылдағанға дейін тендер өткізуге тыйым салу қажет немесе осындай оқиғаларға жол бермес үшін бақылауды барынша күшейткен жөн.

Тегтер: