8 Қыркүйек 18:53
...

Амалбек ТШАН, Мәжілістің экс-депутаты: Қазақстанның саяси өмірі «Мың бір түн» ертегісі сияқты

Мәжілістің экс-депутаты
Фото: NEGE

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, елімізде бір палаталы Парламент құрылатынын жеткізді. 2027 жылы референдум өткізіліп, конституцияға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Енді Мәжіліске депутаттар бірмандаттан емес, партиялық тізім бойынша сайланады.

NEGE тілшісі 2028 жылы жүзеге асатын саяси реформа туралы Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Амалбек Тшанның пікірін білді.

– Амалбек Қозыбақұлы, бүгін Жолдауда президент бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Тәуелсіздік алған жылдары бір палаталы Парламент болды. Кейіннен қос палата жасалды. Біртұтас ел ретінде Сенат – артық құрылым. Онсыз да елдің экономикалық жағдайы қиын кезде қаншама адамға айлық төлеп, пәленбай миллиардтаған ақша жұмсаудың түкке қажеті жоқ. Сондықтан бұл өте дұрыс шешім. Мұны толық қолдаймын.

Ол үшін референдум өткізіп, Конституцияға өзгеріс енгізу керек пе?

– Егер Сенатты алып тастауға байланысты болса, дұрыс нәрсе. Оның бәрі заңды түрде жүзеге асуы керек. Жалпы, Сенаттың болуы – Конституцияның заңына сыймайтын нәрсе. Қаншама адам, қаншама аппаратқа миллиардтаған ақшаны кетіру – бекершілік. Жаңа айттым ғой, біздің экономикалық жағдайымыз белгілі. Заң жобасын Мәжіліс талқыға салып, шешім шығарса жеткілікті. Оны Президент бекіткеннен кейін күшіне енсе, Конституция да соны құптайды. Сондықтан референдум өткізе ме, тікелей сайлау бола ма, өздері шешеді ғой.

– Бұл мәселе сіздер депутат болған тұста көтерілген бе еді?

– Көтерілді ғой. Бірақ сол кездегі билік еш уақытта ыңғай беріп, «солай болсын» деген жоқ. Себебі, мұның бәрі саяси технология. Мысалы, егер Мәжіліске демократиялық ұстанымдағы депутаттар сайланып, көптеген заңдарды түзеп, халыққа қызмет істейміз десе де, биліктің ойыны бөлек. Бәрін жинап алып, «майшелпекке» батып жатқаны содан. Сондықтан Сенатқа кілең өздерінің адамдарын отырғызады. Есесіне, олар қоғамға, елге қажетті заңдарды өткізбейді. Яғни, Сенатты осы мақсатта пайдаланып келді.

Экс-депутат
А.Тшан. Фото: NEGE

– Енді Мәжілісте бірмандатты депутаттар болмайды, бәрі партиялық тізім бойынша сайланады екен. Бұл туралы не дейсіз?

– Мұны толық құптамаймын. Жалпы, бірпалаталы Парламент болғаны дұрыс, бірақ «Мәжілістің құрамы партиядан сайланды» деген сөз тағы да оның қауқарсыз болатынын көрсетеді. Биліктің айтқанын орындап отыратын қауқарсыз Мәжілістен не пайда? Бір жағын реттеген сияқты көрінгенмен, екінші жағын құртайын деп отыр.

Шын мәнінде, демократияның кішкене ұшқыны болсын десек, 50х50 жасау керек. Демек, 50 пайызы – партиялық тізіммен, қалған 50 пайызы бірмандат бойынша сайлануы керек. Сонда Парламентке өзінің пікірі бар азаматтар келеді. Халық сайлағаннан кейін олардың депутаттық күші де, пәрмені де жоғары болады. Ал бізде партия атынан сайланған соң, ертең халықтың сөзін сөйлеймін деп, қоғамдағы өткір мәселені көтерсе де, партиядан шығарып тастайды. Сосын депутаттық мандатынан да айрылуы мүмкін. Мұны ашық жасап отыр және ұялып жатқан ешкім жоқ. Бұл – жүйенің пәрменсіздігін көрсетеді. Сондықтан 50х50 болса, Парламент жұмысы ілгері басады деп ойлаймын.

– Бірпалаталы Парламент жүйесі басқа елдердің тәжірибесінде бар. Дегенмен, кезінде бірпалатадан қоспалаталы Парламент жасақтауға қандай қажеттілік туды?

– Әлбетте, бір палаталы Парламент барлық елде бар. Біз алғашқы кезде бір палаталы болып-ақ жұмыс істедік. Экс-президент Назарбаев өзін қорғау үшін ғана Сенатты құрды. Себебі, халыққа ешқандай пайдасы жоқ кейбір заңсыз заңдарды енгізу үшін Сенатты ойлап тапты, міне, содан бері келе жатыр.

– Мәжілістің экс-депутаты ретінде қазіргі депутаттардың жұмысына қандай баға бересіз?

– Мен ешқандай баға бере алмаймын. Бізде ешбір депутаттың қауқары жоқ. Бұлардың әншейін аты бар да, заты жоқ. Егер Мәжілісті шын мәнінде халық сайлаған болса, онда халықтың сөзін сөйлейді. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендей отыра Үкіметті тәртіпке шақырып отырады. Ал қазіргі депутаттар партиялық тізімнен өткеннен кейін олардың қандай қауқары болуы мүмкін?

Әлгінде айтқанымдай, заңды сәл де болса ретке келтірейін деп үкіметтің ойлап тапқан заңына қарсылық танытса, партиядан оп-оңай шығарып жібереді, артынша депутаттықтан да кетеді. Бұл жерде бас салып депутаттарды кінәлай беру емес, бұл біздің жүйенің халықтың мүддесіне сай жұмыс істеп жатпағанын көрсетеді. Сондықтан халық үшін еңбек етіп жүрген депутат жоқтың қасы.

Жолдау
Фото: ғаламтордан

Мәселен, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі, утиль алым туралы мәселе қанша рет көтерілді. Бәрі дәлелденген нәрсе. Миллиардтаған ақшада есеп жоқ. Соны депутаттар тоқтатпаса несіне отыр? Сол ақшаның бәрі бір адамның қалтасына кетіп жатыр. Бұл бір ғана мәселе. Одан басқа қаншама түйткіл бар. Оған ешқайсысы қарсы сөйлей алмайды. Себебі, бәрі тәуелді. Сондықтан тәуелсіз Парламент керек.

«Сайлау туралы» заңды өзгерту қажет. Сайлау заңы Конституция сияқты болуы тиіс. Сайлау ісіне ешкім араласпауы керек. Егер араласқан адам болса қатаң түрде жазалануы қажет. Сонда ғана «Сайлау туралы» заң өз мақсатына жетіп, халыққа қызмет істейді.

– Ұрланған активтер шынымен де мемлекетке қайтарылып жатыр ма?

– Ештеңе қайтарылып жатқан жоқ. Қайда қайтарып жатыр? Қандай есепшотқа түсті? Бәрі жабық ақпарат. 1-2 млрд теңге деген ақша ма? Триллиондап ұрланып жатыр. Кеше ғана 144 млрд теңге жымқырған банкир 4 жыл отырып, түрмеден шықты. Совет одағында 100 мың рубль ұрлаған адамды ату жазасына кесетін еді. Қазір көрдіңіз бе, 144 млрд теңгенің 44 млрд-ын соты бар, басқасы бар таратып береді де, қалтасында қалған 100 миллиардына тайраңдап жүреді. Бәрі әдейі істеліп жатқан тірлік сияқты. Яғни, тіреп тұрған біреу «Сен осынша ақша жымқырасың. Сосын біз сені қамаймыз. 4 жыл отырасың да, шығасың» дейтіндей. Бұл кейде әдейі жоспарланып істелгенге ұқсайды. Әйтпесе, қалай 144 млрд теңгенің ұрланғанын ешкім көрмейді, білмейді? Қаншама құқық қорғау органы бар. Бәрі әншейін көзбояушылық. 

Жалпы, Қазақстанның саяси өмірі «Мың бір түн» ертегісі сияқты. Қалай тарсаң, солай бола береді. Бұл жерде мәселе бір адамда емес, бәрі жүйеге байланысты. Қай саланы алып қарасаңыз да, жүйе жоқ. Оны ойлап жатқан ешкім байқалмайды. Тоқетерін айтсам, осындай шексіз байлығы бар елде бейшараның күйін кешкен халыққа Үкімет қай бетімен қарап отыр? Қолынан ештеңе келмесе, өздері-ақ отставкаға кетуі керек қой!

Мысалы, жері де кішкентай, табиғи ресурсы, қазба байлығы жоқ Балтық жағалауы елдері бізден әлдеқайда жақсы өмір сүреді. Демек, басшылары адал, таза жұмыс істейді. Соның арқасында халқының көңілі тоқ. Ал бізде бәрін қымбаттатып жатыр. Әр тоқсан, жыл сайын қымбатшылық алқымнан қысуда.

Халық не істейді? Бір күні жарылмай ма? Халық деген кәдімгі «пружина» сияқты. Оны сыққан сайын қысыла береді де, артынан қысылатын жер болмаған соң, жарылады. Бізге осы керек пе? Әйтпесе, ешқандай қиындықсыз-ақ, айқай-шусыз-ақ халықты қарық қылатын мүмкіндік бар. Бірақ олар халықты емес, өздерін ғана ойлап, шамасы келгенше жымқырып қалуда. Соның салдарынан қарапайым халықтың жағдайы мүшкіл. Одан артық не айтуға болады?